Ардагердің ақ батасы

Қазан айының қайырымдылық, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету айы болып белгіленуіне орай облыс пен қаланың бірқатар мекеме, ұйымдарында көпшілік мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Еңбек ұжымдары саналы ғұмырын қажырлы қызметке арнап, бұл күнде құрметті зейнет демалысындағы ардагерлерін ұмытқан емес.
Зашаған кенттік округінің әкімдігі, Шаған полиция бөлімінің басшылығы, Орал қаласы ПБ ішкі істер органдары ардагерлерінің кеңесі бірлесіп, Шаған полиция бөлімін бірнеше жыл басқарып, осы салада 22 жыл үзіліссіз қызмет атқарған милиция подполковнигі Кенжеғали Қуатовтың үйіне барды.
1992-1996 жылдары Шаған ПБ бастығы лауазымын атқарған ардагермен жарқын кездесуде Зашаған кенттік округінің әкімі Әлібек Қадыров алғыс хат пен гүл шоқтарын, естелік сыйлықтар тапсырды. Орал қаласы ПБ ардагерлер кеңесінің төрайымы, милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева ардагер ағаның еңбек жолын әңгімелеп, бойындағы табандылығы мен еңбексүйгіштік сынды жақсы қасиеттерін жастарға үлгі етті.
Ал Шаған ПБ бастығы, полиция подполковнигі Тимур Айтуғанов Кенжеғали Керейұлын жас буынмен кездесулерге және көпшілік шараларға, отырыстарға шақырды.
Өз кезегінде сөз алған ардагер қызмет атқарған уақыттағы қиындықтарды, жеңу жолдарын қазіргі уақытпен салыстырып әңгімелеп берді. Шай дастарханында бас қосып, шүйіркелесіп, арқа-жарқа болды, ақыл кеңесін айтты. Үйінің төріне ілінген түрлі-түсті фотосуреттерді көрсетіп, естеліктерімен бөлісті. Ізін басып, қоғамдық қауіпсіздік сапында жүрген ұлдарына ақ жол тіледі.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*