Төрт аяқты «сақшылар» турнирі

Қазақ итті жеті қазынаның біріне балайды. Адам баласы иттің иісшілдігі, саққұлақтығы, жанарының өткірлігі, шыдамдылығы, күй талғамайтын және жүйріктік қасиеттерін бағалайды. Қазіргі таңда технологияның жоғары дамығанына қарамастан, иттердің иіс сезу қабілетін ешбір құрылғы алмастыра алмайды. Сондықтан Ұлттық ұланда олар күнделікті қызметке пайдаланылып келеді.
25 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы 5573 әскери бөлімнің базасында Ұлттық ұлан кинолог-мамандары арасында қызметтік иттер арасындағы жекелеген-командалық ашық біріншіліктің жабылу салтанатты өтті.
Бұл сайыс кинологтар арасында кәсіптік шеберліктерін жетілдірудің бір жолы. Жарысқа «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірлерінің қолбасшылары сынға түсті. Иісшіл иттер бәсекесіне неміс овчаркасы, Бельгия овчаркасы, Лабрадор сияқты иттердің тұқымдары қатысты. Жарыстың бағдарламасы бойынша мұнда кинолог мамандардың дайындығы сынаққа түсті. Ашық біріншілікке қатысушылар іздестіру қызметі және нысанды тінту, жарылғыш заттарды, жасырылған есірткі заттарын іздеу сынды жаттығуларды орындады.
Шараның мақсаты – кинолог мамандардың жұмысын жетілдіру. Ұлттық ұланда жауынгерлік қызмет міндеттерін атқару барысында қызметтік иттер белсенді қолданылады. Олар тыйым салынған аймақтарды күзетуге, бақылау пункттерінен өткізілетін көліктерді тексеруге, сотталған және қамаудағы азаматтарды айдауылдауға жұмылдырылады. Сонымен қатар, нысандардың шектеулі аймақтарын қарауылдау да қызметтік иттердің көмегімен күшейтіледі.
Кинолог мамандарының берген мәліметіне сүйенер болсақ, 4 жылда қызметтік иттердің көмегімен 160 келіден аса есірткі тасымалына тосқауыл болып, іс-түссіз жоғалған 6 адамды тапқан. Сондай-ақ, қолды болған 26 миллион теңге мен 2 000 АҚШ доллары иесіне қайтарылған. Осы жылдың 9 айында құқықтық тәртіп әскеріндегі қызметтік иттердің көмегімен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында 3200 міндет орындалып, 4 дана қаруға тіркелген инженерлік оқ-дәрі мен жарылғыш заттар, 6 дана травматикалық, ату және қару да тәркіленген екен.
– Бұл жарысқа барлық өңірлік қолбасшылықтардан командалар келіп қатысты. Сайыс 4 күнге созылды. Қорытындысына келсек, 5573 әскери бөлім жалпыкомандалық есепте топ бастап, бірінші орынға ие болды, – деді Ұлттық ұлан кинология қызметінің бастығы, подполковник Борис Цыганов.
Жақсы иттің біз біле бермейтін қырлары өте көп. Олардың тілін түсініп, бұйрықты орындауға үйрететін кинологтар жұмысымен танысу мақсатында жарысқа қатысуға келген Қызылорда облысы ПД-не қарасты кинологиялық қызмет орталығына барған едік.
Иттер мен олардың инстинктері төтенше жағдайларда немесе адам өмірін құтқаруда пайдаланылып келеді. Оны мүмкіндігінше тиімді жасау үшін арнайы кинологиялық қызмет те жұмыс істейді. «Ит – адамның досы» екендігіне кәміл сенетін кинолог-мамандардың айтуынша, ит бір секунд иіскеген иісті бес жылға дейін ұмытпайды. Тіпті, олар иістің 11 миллион түрін ажырата алатын көрінеді. Мамандардың айтуынша, адаммен салыстырғанда олардың иіс сезу қабілеті 10 мың есе күшті. Қараңғылықта олар 100 метрге дейін қозғалған затты байқаса, 25 метр қашықтықтағы дауысты ажыратады екен.
Бүгінгі таңда қызметтік иттер азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауда орасан зор үлес қоса отырып, арнайы бөлімшелерде іздестіру, терроризмге қарсы күресте, шағын іздестіруде, есірткі, жарылғыш заттар және есірткі заттарының транзитін ұстауда үздіксіз қызмет атқаруда.
Қызметтік иттер кинолог-мамандарының серігіне айналған. Жиырма алты жастағы кинолог Әділет Тоқатаров бұл салаға 8 жыл бұрын келген. Ол кішкентайынан ит баптауға құмар болып өскен. Қазіргі таңда белгиялық тұқымдас «Зенамен» жұмыс істейді. Кинолог маманның айтуынша, иті екеуі 2 келіден аса есірткі тәркілеген. «Зенаны ұстап жүргеніме 5 жыл болды. Күшік кезінен асырап, өзім үйреттім. Менің досым есірткі іздейді, патрульдік посттарға шығады. Біраз қылмыскерлерді ұстап, біршама есірткіні тәркілеген кезі де болды. Иттің иіс сезу қабілетін жетілдіру мақсатында негізінен ойын әдісін қолданамыз. Бұл арқылы иттің иіс сезу, іздеу қабілеті дамиды», – деді №5573 әскери бөлімнің кинологы Әділет Тоқтаров.
Шараға қатысушыларға 5573 әскери бөлімнің кинолог итін тәжірибеден өткізіп көрсетті. Қатарластырып бірнеше сөмкені қойып, оның біріне есірткіні жасырды. Иісшіл ит сөмкеге жасырылған есірткі затын бірден тапты. Ол сөмкенің қасынан кетпей, отырды. Екінші рет тәжірибе жасағанда ол сөмкені алып тастап, есірткі затын басқа сөмкеге салды. Иісшіл ит оны да тауып алды. Бірінші есірткі салынған сөмкені не үшін алып тастағанын біз кинолог мамандарынан сұраған едік. «Себебі, есірткі салынған сөмкеде иіс қалып қояды. Тінту барысында ит екі сөмкенің ортасында жүгіріп қалады. Иісшіл иттің арқасында қылмыскерлерді ұстау бізге оңай болады. Оқиға орын алған жерде бір жарым тәулік бойы қылмыскердің иісі қалып қояды. Иісшіл ит сол қалып қойған иіс арқылы қылмыскерді бірден табады», – деді кинолог-маман.
Жарыс барысында кинологтар өздерінің төрт аяқты достарының барлық кәсіби дағдылары мен шеберліктерін көрсетуге тырысты. Нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді. Іздестіру бойынша:
I орын – №5573 әскери бөлімнің кинолог-маманы, ефрейтор Қуаныш Сейдалиев, қызметтік итінің лақап аты – «Рич»;
II орын – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы №3514 әскери бөлімінің сержант-кинологы Серік Құдайбергенов, қызметтік итінің лақап аты – «Кайса»;
III орын – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы №5514 әскери бөлімінің ефрейтор-кинологы Алмас Исағұлов, қызметтік итінің лақап аты – «Лаки».
Жарылғыш заттарды іздеу бойынша:
I орын – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы №6656 әскери бөлімінің сержант-кинологы Қайрат Чокун, қызметтік итінің лақап аты – «Тор»;
II орын – №5573 әскери бөлімнің ефрейтор-кинологы Қуаныш Нәсіполла, қызметтік итінің лақап аты – «Мачо»;
III орын – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы №3514 әскери бөлімінің аға сержант-кинологы Асхат Сәбитов, қызметтік итінің лақап аты – «Сак».
Есірткі заттарын іздеу бойынша:
I орын – «Батыс» өңірлік қолбасшылығы №5517 әскери бөлімінің сержант-кинологы Аслан Жылқыбаев, қызметтік итінің лақап аты – «Эльма»;
II орын – №5573 әскери бөлімнің кіші сержант-кинологы Әділет Тоқтаров, қызметтік итінің лақап аты – «Бетти»;
III орын – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы №5513 әскери бөлімінің аға сержант-кинологы Әлімжан Жанпейісов, қызметтік итінің лақап аты – «Аргон».
Ал, командалық есепте I орынды №5573 әскери бөлім қанжығасына байласа, II орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы иеленді, ал III орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қанағат тұтты. Жеңімпаздардың мойнына медаль тағып, грамота мен бағалы сыйлықтар берілді. Командалық есеппен бірінші орынға қол жеткізген әскери бөлімге кубок табыс етілді.

Раушан НАРБЕК
Суреттерді түсірген Нұрбек ҚЫРҒАБАҚОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*