Шағымдар шетте қалмайды

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында еліміздің Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Қожаев азаматтарды қабылдады.
Жеке мәселелерінің шешілуіне министр орынбасарының назарын аударғысы келгендердің қарасы қалың. Бұл кездесуге алдын ала 40 адам жазылған болатын. Кеше солардың 27-сі келіп, Марат Қожаевпен жеке жүздесті. Ал өңірлердегі тұрғындар қабылдау бөлмесімен бейнебайланысқа шықты. Қабылдауға келген жандардың мәселесі әрқилы. Бірі құқық қорғау органдарына шағым айта келген, енді бірі алаяқтарға алданған. Жалпы министрдің бірінші орынбасарының алдына келгендердің көбі қылмыстық істерді тергеу мәселелерімен жүгінді.
Марат Қожаев әрбір шағым иесімен жеке танысып, өтінішіне құлақ асты. Заң шеңберінде шешімін табуы тиіс мәселелер бойынша қоластындағыларға нақты тапсырмалар беріп, жеке қадағалауына алды. Ал министрлік пен қоғам арасында диалог алаңын ұсынған «Нұр Отан» партиясы тапсырмалардың орындалуын қадағалайтын болады.
Қабылдауға келгендердің бірі Шымкент қаласының тұрғыны Камилия Орынбаева өзінің алданып қалғанын, күдіктілердің өзіне тиесілі 10 миллион теңгесін қайтармай отырғанын жеткізді және сол қаражатты қайтармайтындығын мәлімдеген бейнетаспа барын да айтып шағымданды. Осындай дәлелдері бола тұра, жергілікті құқық органдары қимылсыз отырғанын, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осы істі назарына алса деген өтінішін айтты.
Істің мән-жайымен танысқан министрдің бірінші орынбасары бұл мәселе бойынша тексеру жүргізуге тапсырма берді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Нұрбек ҚЫРҒАБАҚОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*