Көлік полициясы үміткерлерді күтеді

Қостанай облысының көлік полициясы қызметке әдепті әрі белсенді жастарды қабылдайды.
Үміткерлерге көбейтілген еңбекақы және тұрғын үй жалдағаны үшін өтемақы ұсынылады. Бұл жайында Қостанай стансасындағы ЖПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Сәуле Мырзамағамбетова айтты. Қазіргі таңда облысымыздағы ішкі істер орнадарында 9 бос орын бар. Полиция ведомствосы Отанымызға қызмет атқаруға дайын, әдепті, талантты патриоттарды күтуде.
Сәуле Темірбекқызы жұмысқа қабылдау барысында үміткерлердің назары ішкі істер органдарындағы батылдықты, шыдамдылықты, логикалық ойлауды талап ететін, әр жағдайда жігерлі болып, мұқтаждарға көмекке келуге дайын болу сынды жайттарға аударылатынын айтты.
– Мен әрқашан әңгімелесуден бастаймын, қызметке түсудің себебін сұраймын. Үміткерлердің дайындығын қараймын. Артықшылықтар мен полицейлердің әлеуметтік қамтамасыз етуі туралы айтып беремін, – деді Сәуле Темірбекқызы.
Айта кетсек, биылғы 1 шілдеден бастап патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбекақысы 65% өскен. Осы уақыттан бастап патрульдік полицейлерге пәтер жалдағаны үшін өздері мен отбасы мүшелеріне аумағына байланысты 20 мен 50 мың теңге көлемінде өтемақы қарастырылуда.
Бұдан басқа, полиция қызметкерлері және олардың отбасылары, құқық қорғау органдарының зейнеткерлері тегін медициналық қызметті пайдаланады.
Қостанай стансасындағы ЖПБ бастығының орынбасары күш құрылымдарында жұмыс істеуге шешім қабылдау алдында үйреншікті әңгімелесу сынақтан өтудің басты кезеңі емес екендігін түсіну керектігін айтып берді. Иә, оның нәтижелері бойынша да үміткерді қызметке қабылдаудан бас тартылу мүмкін. Бірақ, одан кейінгі кезеңдер маңыздырақ. Біріншіден, медициналық комиссиясы мен психологтың куәландыруы керек. Ең бастысы – заңнаманы білу бойынша Мемлекеттік қызмет департаментінде тест тапсырады.
Сондай-ақ, үміткерлерді психологиялық сыннан өту күтіп тұр. Психолог тест өткізіп, полиграфтан тексереді. Міндеті – оның психологиялық тұрақтылығын бағалау.
– Әскери-дәрігерлік комиссиясынан өту өте маңызды. Тәртіп сақшысының дені сау және спорттық тұрғыда шыныққан болуы тиіс, – дейді Сәуле Темірбекқызы.
Ізденуші Қостанайда барлық сыннан өткеннен кейін оны Нұр-Сұлтан қаласына сұхбаттасудан өту үшін Көліктегі ПД-ға жібереді. Бұл қадам сыннан өтуін аяқтайды. Әдетте, әңгімелесуде түрлі сұрақтар қойылады. Міне, осының бәрінен өткеннен кейін азамат полицияға жұмысқа қабылданады.
Дегенмен, бұдан кейін де босаңсуға болмайды: қызметкерлер психологиялық тестілеуден, өтірік айту детекторынан және медтексерулерден жүйелі түрде өтіп тұрады.
Кейін үміткерге бұйрық шығып, оны тағылымдамадан өтуші болып тағайындап, тәлімгер бекітеді, содан кейін ол еңбекақысын алып, қызмет атқарады. Сынақтан өту мерзімі өткеннен кейін оны «Жас жауынгер» қысқа мерзімді курстарына жібереді.
Сәуле Мырзамағамбетова осы жылы Елбасы тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарында көлемді реформа басталып кеткенін айта кетті. Осы реформаның басым бағыты – ведомстволық білім беруді жаңғырту. Қазіргі таңда полицейлерді даярлау Алматы, Қарағанды Қостанай Академияларында, Актөбе заң институтында және Шымкент қаласындағы Оқу орталығында жүзеге асырылады.
– Оқу процесінде оқытудың практикалық бағытына ерекше көңіл бөлінеді. Криминалистер мен тергеушілерге және жедел қызметкерлерге 6 айлық курстар, қалғандарына 3 айлық курстар белгіленген, – деп сөзін жалғастырды полиция подполковнигі.
Айта кетсек, осы жылдың басынан Көліктегі ПД бос лауазымдарға 5 конкурс жариялаған, оған 4 қостанайлық қатысты.
– Қазір 3 офицерлік және 6 сержанттық лауазым бос тұр. Біз жастарды қызметін аудандық бөлімшелерде бастауға үгіт жасаймыз. Мысалы, Құсмұрын стансасына барып қызмет атқаруға болады, онда қазір 2 патрульдік полицей қажет. Тәжірибе көрсеткендей, әдетте жас қызметкерлер ауыл жаққа баруға келісе бермейді, – деді полиция подполковнигі.
Қостанай стансасындағы Желілік полиция бөлімінің анықтау бөлімі мен айдауылдау қызметіне үш қызметкер қажет. Бұл лауазымдар қызметкерлердің құрметті зейнетке шығуына байланысты босаған.
Жақында Қостанай стансасындағы ЖПб-ге 15 жұмыс іздеуші өз өтініштерін тапсырған. Олардың бірі – Қостанай жоғары политехникалық колледжінің түлегі Марғұлан Таңатқан. Ол мұнда Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қызмет атқарып жүрген туған ағаларының ізін қуып келген.
– Хабарландыруды жергілікті теледидардан көріп, құжаттарымды жинап,тестілеуден өтіп, кадр қызметіне келдім, – дейді Марғұлан.
Жас жігіт үш ай бұрын әскерден келген, борышын Алматы қаласында Ұлттық ұлан қатарында өтеген.
Сәуле Темірбекқызы үміткерге госпитальге жолдама беріп, келесі сыннан өтуіне сәттілік тіледі.

Қостанай стансасындағы ЖПБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*