Жұлдызды жексенбі

Өткен жексенбі әдеттегіден гөрі қарбалас басталды. Батальон ерекше қонақтардың келуін күтуде. Өзіне берілген «айрықша» тапсырманы мұқият орындаған қатардағы Ерболат Аймырзаев та тағатсызданып жүр. Тоқсаныншы жылдардың ескі үлгісіндегі үш әскери форманы аса ыждағаттылықпен үтіктеп, ақ жағасын тігіп, іліп қойған. Әрі-бері өткен сайын әлгі формаларды бір түзеп кетеді.
Тапсырма берген командирі бұл формаларды Қазақстан эстрадасының белгілі әншілері Айқын Төлепберген, Қайрат Нұртас және Төреғали Төреәлі киетіндіктерін айтқан. Ерболат алғашында өз құлағына өзі сенбеді. Командир басқа ақпарат айтпады. Өзі Айқынның әндерін ұнатады, жиі ыңылдап айтып жүретін, ал Төреғали – анасының сүйікті әншісі, Қайратты білмейтін қазақ жоқ. Қысқасы, тапсырма өте маңызды…
Қонақтар да көп кешікпей төбе көрсетті. Айқын, Қайрат, Төреғали! Үшеуі қатардағы Ерболат Аймырзаев ерекше ынтамен дайындап қойған әскери форманы киді. Өздері ашық-жарқын, қалжыңдасып жүр. Ерболаттың қуанышында шек жоқ!
Эстрада жұлдыздары 5571 әскери бөлімге бекер келмеген еді. Биылғы жазда 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында Қазақстан Ішкі әскерінің (қазіргі Ұлттық ұлан) жауынгерлері жанқиярлық ерлік көрсетіп, біраз боздағымыз қаза болған оқиғаны баяндайтын, режиссер Асқар Ұзабаевтың «АЮ синема» кинокомпаниясы түсірген «Қазбат» (фильмнің бастапқы атауы) фильмінің монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Осы фильмнің саундтрегі әскери бөлімнің казармасында түсірілмек. Саундтрекке Қайрат Нұртастың репертуарындағы «Жүрегіңнен бір орын бер» әні таңдалыпты. Әннің сөзін жазған ақын Саят Әбенов, әуені – Жолдасбек Абдихановтікі.
Ұландық сарбаздардың ортасына жайғасқан үш эстрада жұлдызы гитарамен жанды дауыста ән шырқады. Түсірілім сәті өте қызықты өтті, бәрі шынайы. Сарбаздар да көңілді, бірге ән шырқап, әскери казарманы ерекше күйге бөледі. Саундтрек түсірілімі арасында әншілерді әңгімеге тартып көрдік.
– Біз бұл әнді мен, Қайрат және Дастан Оразбеков үшеуіміз бір кездескенде, гитарамен орындап, артынан әлеуметтік желіге салған едік. Сол әніміз фильм түсірушілерге қатты ұнапты. Киноның сценарийімен таныстық, шынымен ән киноның табиғатына келіп тұр. Жігіттердің ұсынысын бірден қабылдадық. Әннің әскери ортада гитарамен орындалуы фильмдегі көңіл күйді дөп басып, ажарын аша түсетініне сенемін, – дейді Айқын.
Төреғали саундтрекке бірінші рет түсіп жатқандығын айтты.
– Осындай ұсыныс түсіп жатыр деп Айқын хабарласқан соң, келісім бердім. Бүгін, міне, жауынгерлердің де көңілін көтеріп, қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Жалпы, әскерге көзқарасым өте жақсы. Мен де әскерге шақырылғанмын, «годен» болғанмын, – деп күлді Төреғали, – Әскерге баратын уақытта мен айтыста, сахнада жүрдім де, баруға мүмкіндік болмады. Елге қызметімді сахнада атқарып жүрмін деп ойлаймын.
Ал Қайрат болса, әскерге баруды армандағанын айтты. Үш ағайынды ұлға отбасы тәрбиесі ең алдымен ер-азаматтың қасиеттерін сіңіріп, Отан қорғаушы екендіктерін айтып өсірген. Бірақ, ол да еліне сахнада қызмет етіп жатқандығын, әрі біраз адамға жұмыс беруші болып отырғандығын атап өтті.
– Менің әнім әскери фильмге саундтрек түсіру үшін таңдалды дегенде қатты қуандым. Киноның сюжеттерін көрдім, ән арнайы жазылғандай тура келіп тұр. Жүрекке жетеді деп ойлаймын. Ал Ұлттық ұланға сәттілік тілеймін! Қызметте абай болыңыздар, аман жүріңіздер. Отбасыларыңыз, ата-аналарыңыз аман болсын. Еліміз тыныш болсын! – деген тілегімен сөзін аяқтады елінің ерке ұлы.
Бұл үш әншінің қай-қайсы да халықтың ерекше ықыласына бөленген, эстрада өнерінің бел ортасында жүрген өнерпаздар. Өздерінің халықтың ұлы екендігін тағы бір дәлелдеп, айналасына ерекше шаттық сыйлап, әскери қызметшілерді бір серпілтіп тастады. Қонақтар фильмнің тұсаукесер көрсетіліміне келуге уәде беріп, бізбен қош айтысты.
Ал бұл кездесудің қатардағы сарбаз Ерболаттың есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз!

Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА, Алматы қаласы
Фото Сұлтан Байназаровтікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*