Азаматтар құқығын қорғау – басты міндет

Нұр-Сұлтан қаласында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың басшылығымен ІІМ-нің алқа мәжілісі өтті. Оған Орталық аппарат қызметтері, Ұлттық ұлан, өңірлік полиция, қылмыстық атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттерінің, ведомстволық оқу орындарының басшылары қатысты.
Мәжіліс барысында Президент Қ.К. Тоқаевтың ағымдағы жылы сәуір айында ІІО реформалау жөнінде өткен кеңейтілген алқа жиынында берген тапсырмаларының орындалу барысы және биылғы 9 айдағы жедел қызмет жұмыстарының нәтижелері қаралды.
Ішкі істер министрі атап өткендей, қылмысқа қарсы күрес және қылмыстың алдын алу жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажет. Бұл бағытта есірткі қылмысы және балаларға күш қолдану, сондай-ақ, жолдағы қауіпсіздік шараларына баса мән берілуі тиіс.
ІІМ басшысы азаматтармен өзара диалог орнату қажеттілігіне айрықша назар аударды.
«Президент тапсырмасы бойынша жұмысты сервистік модельге көшіру аясында қоғаммен «кері байланыс» қамтамасыз етілуі тиіс. Өңірлік полиция департаменттерінің басшылары кездесулер өткізіп, азаматтарды апта сайын қабылдауы керек. Бұл кездесулерде тұрғындардан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдап қана қоймай, оларға жедел ден қою қажет», – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін министр қоғамдық тәртіпті күзету жұмыстарын күшейтуді және жаяу патрульдер санын көбейтуді тапсырды. «102» қызметінің жұмысын жақсарту үшін барлық өңірдегі штат саны арттырылды.
Сонымен бірге, полиция жасақтарының оқиға орнына шапшаң жетіп, хабарламаларға жедел ден қоюын жоғарылату бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
«Азаматтардың заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мәселелері – ішкі істер органдарының басты басымдығы. Адамдар полицияның әрқашан, тәуліктің кез келген уақытында көмекке келуге әзір екеніне сенімді болуы тиіс», – деді ІІМ басшысы.
Министр қылмыстық атқару жүйесі органдары алдына түзеу мекемелерінде болу режимін бұзу фактілерін қарау және сотталғандарды ұстау жағдайын қамтамасыз ету жөнінде міндеттер белгіледі.
Жеке құрам арасындағы тәртіп, заңдылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпты көтере отырып, ведомство басшысы бірінші басшылардың қарамағындағыларының сыбайлас жемқорлықтары үшін дербес жауапкершілікте болатынына ерекше назар аударды.
Қазіргі уақытта полиция қызметін бағалау өлшемдерінің жаңа жүйесі енгізілуде. Ол қылмыс жағдайын бағалауды ғана емес, сонымен бірге, әлеуметтік зерттеулер мен халық арасында сауалнама жүргізу арқылы ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*