Олар 10 мың адамды құтқарды

19 қазан – құтқарушылардің кәсіби мерекесі. Төл мерекелері қарсаңында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев ТЖ комитетінде өткен салтанатты жиында бірқатар үздік төтенше жағдайлар қызметкерлерін марапаттады.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Ерлан Заманбекұлы өрт сөндірушілердің ержүрек батыр, қайтпас қайсар өжет жандар екенін айта келе оларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді. «Бүгін құтқарушылар қызметіне 24 жыл толып отыр. Барлық жеке құрамды және азаматтық қорғау ардагерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақ-береке, зор денсаулық, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін. Қазіргі уақытта құтқарушылар қызметінің қоғамдағы рөлі айрықша. Себебі, адамдарды айтып келмейтін апаттардан қорғау – мемлекеттің маңызды міндеті. Азаматтық қорғау жүйесінде бүгінде кәсіби білікті, жауапты мамандар жұмыс істейді. Олар төтенше жағдайларға жедел ден қойып, өзгенің өміріне араша түсу үшін өз бастарын қатерге тігеді. Табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы тұра отырып, адам өмірін құтқару міндетін атқарады», – дей келе министр:
– Елімізде жыл сайын азаматтық қорғау қызметкерлері 10 мыңнан астам адамды құтқарады. Тараз қаласында көпқабатты үйдегі жарылыстардың, Нұр-Сұлтан қаласында сүт комбинатының ғимаратындағы газ жабдықтары жарылысының, сонымен қатар, Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімінің оқ-дәрілері бар қоймасын жарысының салдарын жою – биылғы ең күрделі құтқару операциялары болды. Құтқарушылар, сондай-ақ, Маңғыстау облысының «Қаламқас» мұнай кен орнындағы апатты жоюға қатысты. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігі Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды. Биыл Президент жарлығымен азаматтық қорғау органдарының 29 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды. Тәуелсіздік жылдары адам өмірін құтқарғаны үшін 140-тан астам қызметкер мемлекеттік наградаға ие болған. Өкініштісі, қызметтік міндеттері атқару кезінде азаматтық қорғау органдарының 42 қызметкері қаза тапты», – деді.
Салатанатты жиында, сондай-ақ, Ішкі ісер министрінің орынбасары Юрий Ильин мен Төтенше жағдай органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Қуандық Есмағамбетов құттықтау сөз сөйледі.
Құтқарушы күніне орай азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін дамытуға қосқан үлесі және қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін ІІМ ведомстволық наградаларымен азаматтық қорғау органдарының 459 қызметкері мен ардагері, сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де өкілетті органдардың қызметкерлері марапатталды. Сондай-ақ, 13 қызметкерге мерзімінен бұрын атақтар беріліп, оның ішінде кейбірінің атақтары бір сатыға жоғарылады.
Салтанатты түрде ардагерлер мен қызметкерлерге ведомстволық наградалар, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Құтқарушы күнін мерекелеу аясында ІІМ ТЖ комитетінің барлық аумақтық бөлімшелерінде кәсіби мерекеге арналған мерекелік және салтанатты іс-шаралар өткізілгенін айта кету керек.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Суретті түсірген Нұрбек ҚЫРҒАБАҚОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*