Батырлар жолы – ұрпаққа үлгі

Құқықтық тәртіпті сақтау – ең қауіпті қызметтердің бірі. Полиция қызметкерлері ел тыныштығын күзетіп, түрлі құқық бұзушылықпен күрес кезінде күн сайын сан мың қауіппен бетпе-бет келіп, өз өмірлерін қатерге тігеді. Өкінішке қарай, осындай күрес жолында азаматтарымызды жоғалтып та жатамыз.
Көлік полициясы құрылғалы бері қызметтік міндеттерін атқару кезінде 11 қызметкер қаза тапты. Олардың арасында Қызылорда стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі Мұратбек Өмірбеков те бар. Көліктегі Полиция департаменті осындай ерлікпен қаза тапқан әріптестерін жыл сайын еске алып, қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл бөліп, көмек көрсетіп тұрады.
Жуырда Көліктегі ПД Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Талғат Қожабаев жұмыс сапары барысында Қызылорда стансасындағы Желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Н. Қошқарбеков және Қызылорда стансасындағы ЖПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С. Мүбаракпен бірге М. Өмірбековтің отбасына барып қайтты.
Мұратбек Өмірбеков 1992 жылы аса қауіпті қылмыскерлерді ауыздықтау мақсатындағы арнайы операция кезінде екі бірдей қылмыскерді залалсыздандырып, қылмыскер қолынан қаза табады. Қызмет бабындағы ерен ерлігі үшін ол II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Мұратбектің артында өмірін жалғастырушы үш ұлы мен жұбайы Күләш қалды. Ұлдарының ішінде Ринат Өмірбеков әке жолын жалғап, бүгінде Қызылорда облысы, Шиелі стансасындағы Желілік полиция бөлімшесінде қызмет атқарып жүр.
«Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жақындары мен туыстары назардан еш тыс қалмауы керек. Осы орайда департамент басшылығы осындай жанұяларға түрлі қолдаулар көрсетіп, көңіл бөліп келеді. Олардың ерліктері біздің жүрегімізде мәңгі сақталып, өскелең ұрпаққа ерлік, патриотизм, батырлық үлгісі ретінде қалуы қажет», – деді Талғат Қожабаев.
Полиция қызметкерлері Өмірбековтер жанұясына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын тарту етті. Өз кезегінде Күләш Дүйсенқызы қонақтарды жылы қарсы алып, көңілдері мен қамқорлығы үшін үлкен алғысын білдірді.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*