Ант пен алғыс

Қостанай облысы Полиция департаментінің 12 жас қызметкері ант қабылдады. Бұл күні тәртіп сақшылары Отанға және қызметке адал болуға серт берсе, балаларын лайықты тәрбиелегені үшін олардың ата-аналары да марапатталды.
Набережный көшесіндегі алаңда Қостанай гарнизонының жеке құрамының дәстүрлі саптық жиналысы өтті. Ауқымды іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері мен полиция қызметінде көзге түскен қызметкерлердің ата-аналары шақырылды.
Салтанатты шарада жас қызметкерлер ант қабылдап, олардың ата-аналары да құрметке бөленді. Бұдан соң Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нығмет Исмағұлов құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, ата-аналарға ұлдарын лайықты тәрбиелегені үшін алғыс айтты. Жас қызметкерлердің ата-аналарына ІІМ логотипі бар сағаттар мен грамоталар табыс етілді.
Жас полиция қызметкерінің анасы Гүлжан Ердәулетова қуанышымен бөлісті:
– Бұл біз үшін өте маңызды оқиға. Ұлым Батыржан өз қызметін патрульдік полицияда бастаған, ал енді ант қабылдап, Отанға қызмет етпек. Ол Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп, екі аптадан кейін полицияға жұмысқа тұрды. Бала күнінен полицияда жұмыс істеуді армандаған еді. Өз арманынан бас тартқан жоқ. Оны мақтан тұтамыз, себебі енді ол қаланың тыныштығын күзетеді, – деді Б. Бисембиннің анасы.
Ал Ескендір Айтуаров әкесінің ізін жалғап, полиция қатарына келген:
– Менің әкем полиция майоры, қазір ол зейнетте. Мен бала кезімнен бұл істі ұрпақтарынан біреу жалғастыруы керек деп ойладым. Бұл менің борышым, ата қанымен берілген кәсіп деп айтуға болады. Жұмыс қолайлы. Бізге пәтер мәселесінде де көмектеседі. Өз мамандығымды беделді деп санаймын, – деп атап өтті Ескендір.
Бұл күні облыс полицейлері қысқы киімге көшті. Саптық байқауда басшылық нысанды киім-кешектің жай-күйін, қызметтік куәліктер мен арнайы жетондардың сәйкестігін, сондай-ақ, барлық қызметтердің қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі қызметті атқаруға дайындығын тексерді.
Сондай-ақ, арнайы техникалардың дайындығы тексерілді.

Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*