Азаматтық қорғау полковнигі Омар БЕРЖАНОВ: Тұрғындар қауіпсіздік талаптарын ескере бермейді

Қазақта «Қауіп қайда? Аяқ астында!» деген сөз бар. Сондықтан «Сақтықта қорлық жоқ» дейтін халық «жаз керегін қыс сайлаған». Бұл адамзат баласына ортақ қағида. Қай кез, қай заман болса да, қауіптің алдын алып, қатердің жолын кесіп тұрғанның пайдасы мол. Қазір де сақтық шаралары өз деңгейінде ұйымдастырылып, арнайы мекемелер жұмыс істеуде. Солардың бірі әрі негізгісі – төтенше жағдайлар қызметі.
Күн демей, түн демей ел тыныштығы үшін қызмет ететін құтқарушылар әр өңірде сәт сайын адам сенгісіз ерлік жасап жатса, екінші жағынан қауіптің алдын алып, ел елей бермейтін алапатқа кеудесін тосып жүр. Ал қазір біз нені ескермей жүрміз, қауіп неден, қатер қайдан? Осы сұрақтардың жауабын табу мақсатында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержановпен сұхбат жүргізген болатынбыз.
Омар Құмарұлы, қазақ «Адамға қауіп от пен судан» деп жатады ғой. Отты әуелі атағанына қарағанда судан гөрі қауіптірек болуынан шығар. Ендеше біз де әңгімені осыдан бастасақ.
– Осы бір сұрақ қойылса, кешегі көнекөздердің «От – рахатың, өрт – қайғың» деген сөздері еске түседі. Шынында адам баласын қайғыға батыратын от емес, өрт екені белгілі, Ошағыңда от жанса – жылу. Ал оның қауіпсіздігін сақтамасаң – қасірет. Міне, сол қауіпсіздікті сақтау жағы бізде кемшін болғанына байланысты өрттің көпшілігі үйді жылыту пештерінен шығып жатыр.
Мәселен, облыс бойынша 2019 жылдың 8 айында 347 өрт болып, 5 адам қаза тапты, 14 адам жарақат алды. Оның ішінде 241 өрт тұрғын үйлерде болған. Сонымен қатар, 2018-2019 жылғы жылу беру маусымы кезеңінде Қызылорда облысы бойынша тұрғын секторларда 147 өрт оқиғасы орын алып, 7 адам қаза болса, 5 адам жарақат алған және түтінге улану фактісі бойынша 11 жағдай тіркелді. Одан 26 адам зардап шегіп, емдеу орындарына жүгініп, аман қалды.
Бір жаныңның ауыратыны, осы зардап шеккендердің ішінде 12-сі жасөспірімдер. Ал табиғи газға улану фактісі бойынша 2 жағдай тіркеліп, 2 адам емдеу орындарында дәрігерлік көмек алды.
Бұндай оқиғалардың орын алуының басты себебі неде?
– Орын алып жатқан жағдайларды талдау негізінде, көптеген жағдайлар тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдыруынан және ішімдік ішіп, мас күйде от жағып, ұйықтап қалуынан болатыны белгілі болды. Талаптарға сәйкес жылу беру маусымының алдында пештің түтін шығу жолдары бір рет, ал жылу беру маусымында екі-үш рет тазалануы қажет. Алайда, тұрғындар мұны ескермейді. Сөйтіп, аяғы қайғылы оқиғаға ұласады.
Сонымен қатар, электр желілерін жүргізгенде талаптарды орындамай, ток көздерінің тұйықталуынан өрт тұтанып жатады.
Сіздер осы оқиғалардың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар жүргізіп жатсыздар?
– «Аурудың алдын алсаң, асқынбайды» демекші, негізгі міндетіміздің бірі – алдын алу жұмыстары. Мәселен, 2018-2019 жылғы жылу беру маусымы кезеңінде өрттің пайда болуын, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» және «Өрт қауіпсіздігі сенбілігін» өткізіп, мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет қызметкерлері, «Абылай хан» атындағы жоғарғы колледждің студенттері және «Қызылорда Еріктілері» қоғамдық қорының еріктілерімен бірлесіп, департамент қызметкерлері халық арасында тұрмыстағы электр және жылыту қондырғыларын, жылыту пештерін қолдану, мұржаларын тазарту жөнінде үгіттеу-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты.
Айталық, өткен жылдың 15 қазаны мен биылғы 15 сәуір аралығында департаменттің құрылымдылық бөлімдерінің қызметкерлері үгіттеу-түсіндіру жұмыстары кезінде 83 652 тұрғын үйге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тұрғын секторларда 208 жиын өтіп, 3 269 тұрғын қамтылды. Басты назар әлеуметтік тәуекел топтарына аударылды.
Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтер жүргізіліп, 1 846 адам қамтылды.
Ал мекемелер мен қоғамдық орындарға тексеру жүргізіле ме?
– 2019 жылдың басынан өрт қауіпсіздігі бойынша 1 520 объект тексерілді, оның ішінде: ерекше тәртіп бойынша 849 объект, жоспардан тыс 671 объект тексерілді. Бұл шаралар барысында 3421 тармақты құрайтын өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы анықталды. 618 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды, 469 адамға ескерту берілді.
Барлығы жоспарлы тексеру ме? Мекеме иелері «Тексереміз» деп хабарланған соң, талапқа сай етіп қойып, басқа кезде салғырт қарап жатпай ма?
– Жоқ, жоспардан тыс та тексерулер өтіп тұрады. Міне, сондай жоспардан тыс тексеруде нұсқама талаптарын орындамағаны үшін мекеме басшыларына Әкімшілік кодекс талабымен 66 хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жолданды.
Кейбір елді мекендерде өрт сөндіру бөлімшелері жоқ. Бұл кемшілік қалай шешілуде?
– Бұл бағытта іс-әрекеттер бар. Былтыр облыс әкімі «2018-2020 жылдары Қызылорда облысы көлемінде мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекетін кезең-кезеңімен құру туралы» жоспарды бекітті. Соған сәйкес қазіргі таңда облыс бойынша 5 өрт сөндіру бекеті құрылды.
Олардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жайында толығырақ айта аласыз ба?
– Облыс әкімінің жоспарына сәйкес Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында құрылған өрт сөндіру бекетіне әмбебап өрт сөндіру тіркемесі сатып алынса, Жалағаш ауданының Мәдениет және Аламесек ауылдарында 2 өрт сөндіру бекеті құрылды. Оған 2 әмбебап жартылай өрт сөндіру тіркемесі алынды.
Сырдария ауданының Шаған ауылында өрт сөндіру бекеті құрылып, өрт сөндіруге бейімделген (УПП-3) әмбебап өрт сөндіру тіркемесі берілді. Қазалы ауданының Кәукей және Бекарыстан би ауылдарында 2 өрт сөндіру бекетін құру үшін екі әмбебап өрт сөндіру тіркемесін сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Жыл сайын облыс аумағында болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, болдырмау және жою мақсатында Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырыстары өтіп жатады. Онда қандай мәселелер көтеріледі?
– Иә, бұл комиссияның отырысында сақтық шаралары талқыға салынып, қауіпсіздік мәселелері шешіледі. Мұндағы әрбір сәт, әрбір шешім маңызды. Биылғы жұмыс жоспарына сәйкес 10 мәселе енгізілгенімен, оның әрбірінің артында қаншама өзекті проблемалар жатыр. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның 2 отырысы өтсе, Қызылорда қаласы мен аудандарында 32 рет төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті. Онда 4 мәселе қаралды.
Олар – облыс аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, су тасқыны кезеңінің аяқталуына байланысты облыс аумағында орналасқан су шаруашылығы нысандары мен гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі, 2018-2020 жылдары елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру және дала, орман өрттері бойынша жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе атқарылған жұмыс нәтижелері және жазғы кезеңде облыстың су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары.
Отырыс қорытындысында тиісті мекеме басшыларына нақты хаттамалық тапсырмалар беріліп, уақытылы орындалуы қадағаланып тұрады.
Осы 4 бағыттың ішінде судағы қауіпсіздік туралы айттыңыз. Бұл салада атқарылып жатқан шараларға тоқтала кетсеңіз?
– Өкінішке қарай, тіршілік нәрі болған су айдыны абайламасаң, жұтып әкетуі мүмкін. Рейд кезінде кездескендей, кейбір жас ата-аналар жағажайда құлақтарына құлаққап тағып алып, баласының суға қарай кетіп қалғанын байқамай жатады. Балалар ересектердің бақылауынсыз суға түседі. Одан бөлек, судағы қауіпсіздік ережелері өрескел бұзылады. Оның үстіне жабдықталған жағажайлардың аздығы, өзен немесе каналдардың кез келген әрі зерттелмеген, ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға түсуі және өзен-көлдерді атпен кешіп өту, балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы жағдайларға себеп болуда.
Жалпы жыл басынан бері суға кеткендер саны – 26 адам, оның 11-і бала. Шомылу маусымы кезеңінде суға батып кетушілер саны Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Қармақшы аудандарындағы су айдындарында көп тіркелді.
Департамент қызметкерлері осы жылдың басынан азаматтарды суда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Облыста суға шомылу маусымы 1 маусым – 1 қыркүйек аралығында өткенін білесіз. Солтүстік облыстарға қарағанда жаз ұзағырақ. Осы аралықта облыс аумағындағы су айдындарында 497 рейд жұмыстары ұйымдастырылып, орта есеппен күніне 79 қызметкер кезекшілікке жұмылдырылды. Сырдария өзені жағалауы және қала, аудан аумағында орналасқан су айдындарында тұрғындарға, әсіресе жастар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала мамандарын тарта отырып, күнделікті бекітілген кестелерге сәйкес 15:00-22:00-ге дейін рейдтік іс-шаралар өтті.
Облыс бойынша жылдың басынан бері ұйымдарда, оқу орындарында және тұрғындар арасында әңгімелесулер мен кездесулер ұйымдастырылып, «Судағы (мұздағы) қауіпсіздік ережелері» мен «Судағы зардап шеккен адамдарды құтқару және оларға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыбында 7 интерактивті сабақ, 130 әңгімелесу және дәрістер, оқу орындарында жоспардан тыс ата-аналар жиналысында 92 рет нұсқаулық өтті.
Суға шомылу маусымы кезеңінде облыс көлемінде 678 бала суда жүзуге үйретілді. Жүзуге үйрету Қамбаш көлі жанындағы олимпиадалық мектепте жүргізілді. Балалардың келіп-кету ауысымының аралығы 20 күн болғандықтан, суға жүзудің әліппесін ғана үйретуге мүмкіндік болды. Бірақ, осының өзі де олар үшін үлкен сабақ. Себебі, мұнда тек жүзу ғана емес, суға батқан адамды жағаға алып шыққанда көрсетілетін алғашқы медициналық көмек көрсету әдіс-тәсілі де үйретілді.
Шешілмей жатқан қандай мәселелер бар?
– Қызылорда облысының аумағындағы су айдындарында тұрғындар суға түсетін 64 «жабайы» жағажайы бар, ол жерлерде 146 ескерту тақтайшасы және судағы қауіпсіздік бойынша 60 билборд орнатылған. Облыс бойынша 3 жабдықталған жағажай бар. Бір жағажай Шиелі кентінде болса, қалған екеуі Қызылорда қаласының аумағындағы «Арай» мөлтек ауданы мен Белкөл кентінің маңында орналасқан. Осыған сәйкес әрбір аудан орталығында және тұрғындардың суға түсуге дағдыланған жерлерінен маусымдық жағажайларды ашу мәселелері шешімін тапай келеді. Ол үшін кәсіпкерлерді тарта отырып, тұрғындардың суға түсуге дағдыланған жерлерінен жабдықталған жағажайларды ашу қажет. Оларға кіру билеттерінің ақысын қолжетімді ету керек.
«112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» пилоттық жобасы бойынша жұмыстар қалай жүріп жатыр?
– Қызылорда облысы әкімдігінде «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» пилоттық жобасын құру мен енгізілуі бойынша операторлардың шақыруларды қабылдап, тіркегеннен кейін кезекшілер мен диспетчерлерге (өртке қарсы қызметіне, құтқарушыларға және басқа да қызметтерге) жолдау жұмысы қарастырылған. Қазіргі таңда аталған жобаның жұмысы іске қосылып, ойдағыдай жүруде. Бұрынғы «101» және «112» желісіне түсетін қоңырауларды, қазір «112» бірыңғай желісінде жан-жақты диспетчерлер («103» қызметінің операторлары) қабылдайды.
Сонымен қатар, төтенше жағдай немесе өрт кезіндегі азаматтардың шақырулары мен жүгінулерін қабылдаудың ерекшеліктері бойынша оператор-дәрігерлерге тәжірибелік қайта оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ағыбай ОРЫНБАЕВ, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*