Темір жолдағы терроризмге қарсы шара

Тараз қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталығы ұйымдастырған «Темір жол-Антитеррор-2019» республикалық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығудың мақсаты – темір жол инфрақұрылымы нысандарының терроризмге қарсы қорғалу және ақпараттық жүйелердің киберқорғалу жағдайын тексеру.
Республикалық тактикалық оқу-жаттығу ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант Нұрғали Білісбековтің, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Қожаевтың, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің, Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД бастығы, полковник Чапай Самақовтың және Жамбыл облысының ПД бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің тікелей қатысуымен өтті.
Кең ауқымды маневрлерге Жамбыл облысының Полиция департаменті қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезеңдеріне, атап айтқанда, операциялар жүргізу орнын қоршауға алу, халықты хабарландыру, эвакуациялау және басқа да бірқатар міндеттерді орындау кезінде белсенді қатысты.
Оқу-жаттығу барысында ҰҚК және ПД қызметкерлері темір жол инфрақұрылымы объектілерінде терроризм актілерінің жолын кесу бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау дағдыларын пысықтады. Арнайы мақсаттағы бөлімшелер кепілге алынғандарды босату, пойыз вагонында және депо әкімшілік ғимаратында лаңкестерді бейтараптандыру бойынша операция жүргізді.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін жұмыс кеңесі өтіп, онда өткізілген маневрлерді ескере отырып, терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша нақты нұсқаулар мен ұсынымдар берілді. Жалпы, сарапшылардың бағалауы бойынша оқу-жаттығудың мақсаты мен міндеттері толық көлемде орындалды. Жұмылдырылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдары террористік қатерлердің жолын кесу бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсетті.
Шара барысында ерекше көзге түскен қызметкерлер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дипломдарымен марапатталды.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*