Заман талабына сай жаңа нысан

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ЕЦ-166/1 мекемесінде (тергеу изоляторы) сотталғандар мен тергеу-қамауындағылардың адвокаттарына, қоғамдық қорғаушыларына және туыстары мен өзге де адамдарға арналған фронт-кеңсенің ашылуы өтті.
Біраз уақыттан бері қоғамдық өкілдердің тарапынан елордалық тергеу изоляторында келушілерге арналған бөлмелердің жоқтығына, сондай-ақ, тиісті жағдай жасалмағандығына байланысты шағымдар түскен болатын.
Осылайша, астаналық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастамасымен биылғы 14 наурызда ЕЦ-166/1 мекемесінде Қылмыстық-жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық әрекет шараларын орындайтын мекемелердің қызметіне көмек көрсету, сондай-ақ, жазаларын орындап жатқан адамдарға әлеуметтік және басқа да көмектерді ұйымдастыру жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында фронт-кеңсе құрылысын салу туралы бірлескен шешім қабылданды.
Бірыңғай өткізу пункті болып табылатын фронт-кеңсе келушілердің күту уақытын азайтып, жағымды жағдайлар жасайтын болады. Оның үстіне, ол қазіргі заман талабына сай құралдармен жабдықталған.
Осы іс-шарада ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қоғамов, ҚАЖ комитеті төрағасының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы прокуродың орынбасары Ержан Бердібеков, ҚР БП Пробация, заңды күшіне енген үкімдерінің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау басқармасынын бастығы Н. Әбдірайымов, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Нұржан Исаков, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Әділет департаментінің басшысы А. Тіленшиев, Республикалық адвокаттар кеңесінің торағасы Қадыржан Баймұханова, Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының Нұр-Отан ХДП филиалының өкілі М. Әжікенова, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚБК мүшілері мен ҰААТ өкілдері және тағы да басқа мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Бұл қадам азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Фронт-кеңсенің ашылуы барысында келген қонақтар мекеме аумағындағы адвокаттар мен қоғамдық қорғаушыларға арналған тергеу кабинеттерімен, изолятордағы кітапханамен, сотталғандармен теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру бөлмелерімен танысты.
Жаңа ғимаратта сотталғандар мен тергеу-қамауындағылардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушыларына 16 кабинет, сондай-ақ, қысқа мерзімді кездесулерге арналған 4 бөлме қарастырылған. Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына ұқсас электронды кезек енгізілген, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге септігін тигізеді.
Жаңа нысан күніне 150-ге жуық адам қабылдайды деп күтілуде.

Ернат АҚЫЛЖАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*