Академия оқуға шақырады

Қостанай облысының Полиция департаменті биылғы мектеп түлектерін ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға шақырады. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев хабарлады.
Ішкі істер органдарына үміткерлерді қабылдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру үшін оларды мектептен тәрбиелеп, өз халқына қызмет етуге үйрету керек деп санайды полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.
Ардақ Қабыкенұлы Полиция департаментінің базасында ювеналды полиция қызметкерлерімен және Қостанай қаласының мектеп инспекторларымен кездесу өткізді.
– Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясы – ең беделді оқу орны. Еліміздегі көптеген бірінші басшылар осы оқу орнының түлектері екені мәлім, – деп атап өтті полиция полковнигі.
ІІМ оқу орындарына талапкерлерді қабылдау ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес, сондай-ақ, медициналық және физикалық көрсеткіштері бойынша конкурстық негізде жүргізіледі.
Оқу мерзімі – 4 жыл. ІІМ оқу орындарында білім алу әскери қызмет өткерумен бірдей. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектерге «полиция лейтенанты» арнайы атағы беріледі, сондай-ақ, міндетті түрде жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған ІІО қызметкерлерінің балалары ІІМ жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылданады.
Облыстық ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы Бағдат Итесовтың айтуынша, түсіндіру жұмыстары оқушылардың ата-аналарымен де жүргізіледі.
– Ата-аналармен кездесулер өткіземіз, көптеген жағдайларда олар өз балаларының мамандығын таңдауда шешім қабылдайды, – дейді Б. Итесов.
«ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері», «ҚР спорт шебері» спорттық біліктілігі бар және ІІМ жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына растайтын құжатты ұсынған абитуриенттер денешынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеуден өтуден босатылады.

Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*