Жаңа бастамаға үн қосамыз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ішкі істер органдары қызметкерлеріне де зор міндеттер жүктелді.
«Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет», – деген Жолдау жолдары полиция қызметкерлерінің жұмысына жаңа серпін беруде.
Алматы-1 стансасындағы Желілік полиция басқармасының жеке құрамы да Жолдауда айтылған міндеттерді орындауда белсенділік танытуда. 2019 жылдың 3 тоқсанында темір жолда кездесетін қылмыстардың алдын алу мен ашуға бағытталған жұмыстарда да айтарлықтай жетістіктер бар. Атап айтқанда, биылғы жылдың 3 тоқсанында біздің қызмет көрсететін нысандарда бірде-бір қарақшылық, зорлау, кісі өлімі сияқты қылмыстарға жол берілген жоқ. Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне байланысты төтенше жағдайлар да болған емес. Жедел-іздестіру және алдын алу шараларын жүйелі түрде өткізу нәтижесінде 164 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.
Жолаушылар пойыздарында жиі кездесетін қылмыстардың бірі – ұрлық, оның ішінде ұялы телефон ұрлығы. Өткен уақыт ішінде бөтеннің мүлкін ұрлаудың 56 фактісі тіркелсе, соның ішінде 21 факт – ұялы телефон ұрлау қылмысы. Президент Жолдауында атап айтылғандай, полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Бұл орайда біздің басқармада жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар тұрақты өткізіледі.
Бүгінгі таңдағы аса қауіпті қылмыстардың бірі – терроризм екені аян. Жуырда темір жолдағы терроризмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында Алматы-1 стансасындағы Желілік полиция басқармасының жеке құрамы арасында дәріс өтті. Терроризмнің туындауына себеп болып отырған фактілердің бірі – деструктивтік діни ағымдардың экстремистік және террорлық идеологиясы десек, дәріс барысында діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру қажеттігі баса талқыланды. Арнайы мамандар жеке құрамға деструктивтік ағымдардың белгілерін анықтау ерекшеліктерін жеткізді.
Сонымен қатар, темір жол көлігі – есірткі заттарын тасымалдаушылар үшін қолайлы болып отыр. Бұл жағдай біздің қызметкерлерден асқан қырағылықты талап етеді. Жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 17 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, заңсыз айналымнан 4 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Қызметтік иттердің көмегімен 13 есірткі қылмысы анықталды.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесін үнемі күн тәртібінен түсірмеу қажеттігі айтылды. Біздің басқармада да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басты назарда. Өйткені, темір жолдағы сыбайластықтың жиі көрінісі – жолаушылар пойыздарының билеттерін алып-сату. Алыпсатарлар, әсіресе, адамдар жазғы еңбек демалысына, оқушылар каникулға шыққан жазғы уақытта белсенді бола түседі. Осыған орай мамыр айында Алматы-1 стансасындағы ЖПБ Әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарының билеттерін алып-сатумен айналысатын адамдарды анықтау бойынша мониторинг өткізді. Осы іс-шара барысында қоғамдық орында заңсыз тиісу, яғни азаматтарға темір жол билеттерін ұсынатын адамдар анықталып әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы жыл басынан бері қоғамдық орындарда адамдарға тиісудің 126 фактісі анықталды.
Президент Қ. Тоқаев аталған Жолдауында «Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек» деген міндет қойды. Еліміз үшін маңызды осындай міндетті абыроймен орындауға темір жолдағы қауіпсіздікке жауапты желілік полиция қызметкерлері де белсене атсалыса бермек.

Талғат ТАЛИПОВ,
Алматы-1 ст. ЖПБ бастығының міндетін атқарушы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*