Наубайхана – еңбек арқауы

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті қарамағында 3 мекеме бар. Олар – қауіпсіздігі барынша жоғары ГМ-172/6 мекемесі, яғни қатаң режимдегі түзеу мекемесі, қауіпсіздігі барынша төмен ГМ-172/8 мекемесі – қоныс-колониясы және қауіпсіздігі аралас ГМ-172/10 мекемесі – тергеу изоляторы. Бұл мекемелерде жаза мерзімін өтеуші және тергеу-қамауға алынған 900-дей адам ұстауда отыр.
Маңғыстау өңіріне сапарымызда осы мекемелердің тынысымен танысқан болатынбыз. Сол кездегі барған еңбек нысанының бірі – ҚАЖД мекемелерін нанмен қамтамасыз етіп отырған наубайхана. Қауіпсіздігі барынша жоғары ГМ-172/6 мекемесінің аумағында орналасқан нысанда жұмыс істейтіндер – жазасын өтеушілер. Барлығы 8 адам. Әрқайсының өзіндік атқарар миссиясы бар. Бірі ұн тасыса, бірі нан илейді, енді бірі қамырды қалыптарға салса, енді бірі қалыптарды пешке салып, нан пісіреді. Дайын өнім асханаға жеткенше жұмыстар осылай жалғаса береді. Мұнда еңбек ететіндердің бірі – жазасын өтеуші Эмир Алхасовтың қалыпқа салушы-нан пісіруші боп жұмыс істеп жүргеніне 1 жыл болыпты.
«Жұмысымыз Еңбек кодексіне сәйкес жүреді. Таңертең сегізден үн елеп, қамыр илеуден бастаймыз. Түскі аста дастарқанда ыстық нан тұру керек деген мақсатпен жұмыс істейміз. Тек қалыптағы нан шығарамыз. Әуелі ашытқы дайындаймыз. Ол дайын болған соң, қамыр илейтін астаушаларға ұндарды бөліп-бөліп салып, тұз араластырып, ашытқыларды соған қосамыз. Содан қамыр илеген соң, қамырды көтеруге қоямыз. Көтерілгеннен кейін әр қалыпшаға салып, пешке жібереміз. Піскен соң шығарып, 2 сағаттай суытамыз да, асхананың нан кесетін бөліміне тасимыз. Нанды өзіміз апарып береміз», – дейді Эмир Мәлікұлы.
Мұнтаздай таза, жылы бөлмеде ас атасы нанның иісі мұрын жарып тұр. Бөлкелердің бір парасы суытуға қойылған болса, енді бір партиясы пісіп жатыр. Наубайханашылар келесі кезектің қамырын әзірлеу қамымен білек сыбана іске кірісіп кеткен. Таразыға сап бір нәрселерді өлшеп, астауға қамыр салып, жұмыстан бас көтерер емес. Шамасы жұмыс қызған шағына дөп келсек керек. Түскі ас қарсаңында уақыттары да тығыз секілді. Әйтсе де, мұнда жұмыста жүргендердің де көңілі көтеріңкі, жүздері нұрлы көрінді.
«Күніне 470 бөлке нан пісіреміз. Бұл ақ нан. Одан бөлек, диета қажет етілетіндерге арнап 20 қара нан пісіреміз. Сонда барлығы 500-дей нан. Шамамен бір күнде 300-350 келі үн кетеді. Бір салғанда пешке екі загон сияды. Бір загонда 144 нан бар десек, бір пісіргенде 296 нан пісіреміз. Қырық минутта пісіп, дайын болады. Күніне осылайша төрт загон нан пісіреміз. Бұл қара нанды есептемегенде», – дейді Эмир Алхасов.
Наубайханадан бөлек, мұнда кішігірім макарон шығаратын цех та бар екен. Макарон өнімдерінің 5 түрін шығарады. Бұлардың бәрі Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекемелердің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған. Болашақта өндіріс қуатын арттырып, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі де жоқ емес. Мұның барлығы «Еңбек» РМК Атырау филиалының жоспарына байланысты.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*