«Менің сырым, жігіттер, емес оңай…»

Биыл қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құрмет-қошемет көрсетіп, бір топ әскери сала мамандары мен азаматтарға жоғары марапаттар тапсырды. Ақорда резиденциясында өткен салтанатты шараға қатысқан 40-қа жуық марапат иелерінің арасында Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің 6 бірдей офицері бар еді. Солардың қатарында әскери бөлім командирінің Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Ержан Баймолдин де болды. Біз бүгінгі әңгімемізде Ержан Сүйіндікұлының еңбек жолындағы кейбір қызықты сәттерді сөз етпекпіз.
Келер жылы қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. Сол бір айтулы жылдың айрықша атап өтілуіне қатысты дайындық осы күндері Қазақстан ғана емес, күллі әлемде басталып кеткендей-ақ. Олай дейтін себебіміз, биыл бүкіл әлем Абай өлеңдерін оқи бастады. Айталық, 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ Абай өлеңін жатқа айтып, бейнеүндеуін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдағаны сол екен, Қасым-Жомарт Кемелұлы да өнегесі мол ғибратты істі одан сайын шарықтатып, әлемдік деңгейге бір-ақ жеткізді. Ол өлең оқу эстафетасын қағылез қыздан қабыл алып, кемеңгер ақынның жастарды білім мен ғылымға шақыратын, мақсатқа жету жолында қажет асыл қасиеттерді атап көрсеткен «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып, жауап берді. Содан соң Мемлекет басшысы эстафетаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады.
Осылайша, біреуден біреуге өткен өлең оқу эстафетасы кең етек алып, әлемдік масштабты қамти бастады. Олардың ішінде қатардағы қызметшіден бастап, әлемді аузына қаратқан кіл мықтылар да болды. Соның бірі – «Alibaba» интернет-корпорациясының негізін қалаушы қытайлық азамат Джек Ма қазақтың ұлы ақыны Абайдың:
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй» деген өлеңін оқыды. Соңында, Джек Ма эстафетаны қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге жолдады.
Сол сияқты әйгілі «Такси» фильмінің актері Сами Насери де Абай Құнанбайұлының «Сағаттың шықылдағы емес ермек» атты өлеңін француз тілінде оқыды. «Менің атым Сами Насери. Мен француз актерімін. Досым Мұрагердің жолдауын алдым», – деген актер эстафетаны жалғастыруды боксшы Г. Головкиннен сұрады.
Мұның бәрі де Абай өлеңін оқып жатқан әлем жұртшылығының бір парасы ғана. Тізе берсең шексіз, шетсіз секілді. Ал енді біз сөз етіп отырған кейіпкеріміздің Абаймен немесе оның өлеңдерімен қандай байланысы бар екен? Айтпағымыз да осы еді.
Жалпы, Ақордада Абай өлеңін жатқа айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Айбын» орденін алып қайтқан әскери азаматымыз подполковник Ержан Сүйіндікұлының ажарын ашып, келбетіне дөп түсетін өлең жолдарын табу үшін біршама уақыт іздендік. Арамызда сөзге шорқақ, іске мығым әскерилер аз емес. Десек те, өлеңді сөз патшасына балап, саралаған Абай атамыз сол аз сөзді, тірлігі тындырымды тұлғалар туралы дөп басып айтып берген екен. Тіпті, орыс ақыны Михаил Лермонтовтан аударған бір өлеңі «Менің сырым, жігіттер, емес оңай…» деп басталатыны бар. Тағы бір тұсында сол Лермонтовтың «Альбомға» деген өлеңінің кей шумағы:
«…Көкірегім бар сырын өз әлінше,
Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды», – деген қатармен жалғаса түседі.
Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын айға жуық ақтара, қопара оқып кейіпкерімізге қатысты тұсын Хәкімнің екі ауыз сөзімен осылайша сипаттағанды жөн көрдік. Жиырма жылдан астам әскери салада еңбек етіп келе жатқан подполковник Е. Баймолдин туралы айту керек болса, бұдан асырып жеткізу мүмкін де еместей. Онымен бірге азды-көпті әріптес болған азаматтар мұның сырын бірден ұғынса керек-ті. Бұл сөз оның жаратылысы, болмыс-бітімі мен адами қадір-қасиетіне қатысты.
Ал енді Ержан Сүйіндікұлының өмір жолы мен отбасылық құндылығы, шаңырағының қызық-қуанышына қатысты ой қозғасақ, ол жақтан да Абаймен қатысты бір қызықты деректің басы қылтияды.
Подполковник Е. Баймолдин Қарағанды облысындағы Абай қаласында табаны күректей он жыл әскери қызметтегі міндетін мінсіз атқарған. Яғни, өмірінің осыншама жылын бүгінгі таңда өзінің өлең өрнегі, философиялық ой-толғамдарымен дөңгеленген дүниені тамсандырып отырған данышпан данагөйіміз, Хәкім Абайдың құрметіне қойылған Абай қаласының қауіпсіздігін сақтау қызметіне арнайды. Антына адалдық танытқан Ержан Сүйіндікұлы 2000-2010 жылдардың аралығын қамтитын еңбек жолында лауазымдық қызметтің түрлі сатысынан өтті. Шен-шекпенінің өсуі – взвод командирінен басталып, рота командирі, батальон командирі мен әскери бөлім командирінің орынбасарына дейін жоғарылайды. Кейінгі жылдардағы қызметтері де әртүрлі әскери бөлімдерде болғанымен, лауазымдық міндеті осы.
Ал енді өмірінің жалғасы, жан жылуы мен жүрек мейірінің шуағына айналған қызы Алина Ержанқызы да осы Абай қаласында дүние есігін ашқан екен. Өзі көп сөйлемейтін Ержан Сүйіндікұлынан: «Абаймен сізді қалай байланыстырамыз?» дегенімізде: «Қызым Алина Абай қаласында туған ғой», – дейді жылы ғана жымиып. Бұл сөзінің астарында көзінің қарашығындай қорғаштап, мәпелеп өсіріп отырған періште перзентіне деген шексіз мейір-махаббат жатқаны айқын сезіледі.
Бірде таңғы сағат төртте әскери бөлімнің жеке құрамы дабылмен көтеріліп, Шымкенттің іргесіндегі Ақтас полигонына күн ұзаққа оқу-жаттығу өткізуге аттандық. Бозарып таң атып келе жатқан сәтте тәжірибелік далалық жаттығу жүріп жатқан алаңда подполковник Е. Баймолдинмен бірге жеке құрамды бақылап, қадағалау жұмыстарын жүргіздік. Шығармашылық ой әркез санаңды сан қарып жүретіндіктен, кейіпкерімізге қатысты бір сауал көкейге сап ете қалғаны. Көп кідірмей: «Подполковник мырза, өзіңіз жайлы очеркті Абаймен байланыстыра өрбітіп жатқанымызды білесіз. Енді жора-жолдас, әріптес, достарыңыздың арасында Абайдың өлеңін оқып, талдап, бойға сіңіріп, жүрекке қондырса деген ізгі ниетіңізді кімге ұсынасыз?» – деп сұрадым.
Көрген-білгені көп әрі тәжірибесі толысқан офицер біршама уақыт үнсіз ғана күлімдеп өзіме қарап тұрды да: «Бас қолбасшылықта мен жақсы құрметтейтін және кітап оқыса оның мән-мағынасына терең ден қоятын бір досым бар. Ол – Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Жауынгерлік қызметтегі моральдық-психологиялық жағдайды қамтамасыз ету қызметінің аға офицері Тұрсынбаев Елжан Жомартұлы. Абай өлеңін әлем халқы оқып-тоқып жатқанда мен оның мұндай бастамамызды аяқсыз қалдырмай, сәтті жалғастыра алатындығына сенім артқандықтан есім-сойын атап отырмын.
Сондықтан әскери саладағы әріптестерім мен ұландық жауынгерлердің және оқырмандардың алдында жүзім жарқын болуы үшін мен де Абай өлеңінің көңіліме қонған бірер шумағын назарларыңызға ұсынғым келеді. Орайы келсе, жатқа айтып, бойға сіңіріп, ойлана жүрейік», – деді подполковник Е. Баймолдин.
Ендеше, Абай өлеңін зер салып оқиық, көңілге тоқиық.
«…Алыс та болса, іздеп тап,
Кореннойға кіруге,
«Талапты ерге нұр жауар»,
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл,
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Я өз бетіңмен, тәуекел,
Занимайся прямотой.
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Қалайынша қайда енуге».
(2005 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Абай» кітабы,
1-том, «Интернатта оқып жүр» өлеңінен үзінді. 60-бет).

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*