Қысты қалай қауіпсіз өткіземіз?

Қостанай облысы Өңірлік коммуникация қызметінің ақпараттық алаңында жылыту маусымына дайындық кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша брифинг өтті.
Республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесуде Қостанай облысы ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Кәкімов сөз сөйледі.
Спикердің айтуынша, осы жылдың 9 айында облыс аумағында 954 өрт болып, 23 адам қаза тапты, зардап шеккендер тізімінде 21 азамат. Өткен жылмен салыстырғанда шығын 2,38 есеге артты. Өрттердің ең көп саны (63,8%) тұрғын үй секторында тіркелді. Сондықтан тұрмыстық секторда тұратын халықпен профилактикалық жұмыс жыл бойы жалғасады.
15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өткен өрт қауіпсіздігі айлығының 1-ші кезеңі шеңберінде департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, полиция қызметімен бірлесе отырып, 12 423 азаматты қамтыған 4 256 әлеуметтік осал отбасын аралады. Атаулы профилактикалық көмек көрсету барысында 537 үйде 907 өрт қауіпсіздігі ережесін бұзушылық анықталды. 18 950 дана үгіт материалы таратылды. Аталған бұзушылықтар бойынша қалалар мен аудандар әкімдіктеріне өрт қауіпті жағдайдағы үйлер туралы 19 хат жіберілді.
«Жылдың суық мезгілінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті, сондықтан құтқарушылар аулаларды аралау кезінде тұрғындарды үй пештері мен электр желілерінің жағдайын бақылауға, пайда болған жарықтар мен зақымдалған сымдарға уақытында назар аударуға, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болған жағдайда мамандардың қызметін пайдалануға шақырады», – деп атап өтті департамент бастығы.
Одан әрі Т. Кәкімов жылыту пештері мен түтіндіктерді пайдалану кезінде өртті қалай болдырмау керектігі туралы кеңеспен бөлісті. Осы жылы жылыту кезеңінде қарастырылған алдын алу іс-шаралары, мектеп оқушыларымен, колледж және жоғары оқу орындарының студенттерімен жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Қысқы кезең қарсаңында саяжай аумағында өсімдік қалдықтары мен қоқыстарды өртеу кезіндегі өрттердің алдын алуға ерекше назар аударды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды өртейтін адамдарға қатысты қандай әкімшілік шаралар қарастырылғанын айтты.
Брифингтің екінші бөлігінде департамент бастығы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*