Ардагерлерге – айрықша құрмет

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Ардагерлер кеңесі қорына 7 миллионнан астам теңге аударды.
Қарттарды қолдауға арналған айлықтың аясында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті іс-шаралар өткізу үстінде. Полиция қызметінің 200-ден астам ардагерінің жасы 70-тен асады. Олардың әрқайсына материалдық көмек көрсетілді. Полиция ведомствосы ардагерлеріне мерекелік дастарқан мен концерт ұйымдастырды. «Бұрынғы әріптестермен кездесу және жұмыс жылдары туралы жылы естеліктер жастық шаққа қайта оралуға мүмкіндік берді, бұл ең тамаша сыйлық. Осындай кездесулер бойымызға қуат, жанымызға серпіліс сыйлайды», – деп алған әсерімен бөлісті ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полковник Ермек Талғарбаев.
Марапаттау рәсімі ардагерлерді ерекше көңіл күйге бөледі. Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев қызмет өткеру кезінде жоғары кәсібилік көрсетіп, қазіргі уақытта да полиция ведомствосының өміріне белсенді қатысып жүрген зейнеткерлерге медальдар мен грамоталар табыстады.
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде зейнеткерлерге ерекше құрмет көрсетіледі. Ведомстводағы медициналық қызметтің дәрігерлері оларға көңіл бөліп, тиісті көмек жасап жүр. Барлық салтанатты іс-шараларға бірінші болып ардагерлер шақырылады. Қарттар күні мерекесі қарсаңында полицейлер әдеттегідей бір күндік жалақыларын Ардагерлер кеңесі қорына аударды, жалпы сома 7 миллионнан астам теңгені құрады.
Бүгінгі таңда облыстық Полиция департаменті есебінде 2086 зейнеткер тұр. Оның 5-і Ұлы Отан соғысының ардагері, 28-і тыл еңбеккері және майдангерлердің 4 жесірі бар.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*