Ана тіліміздің мерейі артуда

2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын арнады. Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүрген тіл маман иелері де Президент үндеуін шабыттана қабылдады.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі. Соғыстың басты құралы суық қару болса, тәуелсіз елдің каруы қуатты тіл деп айтсақ қателеспейміз. Тілдің рухани қуаттылығының мықтылығы соншалық, қоғамдағы барлық қатынас, бірлестіктермен байланысты.
Жолдаудың бірінші бағытына назар аударатын болсақ, заман талабына сай тиімді мемлекет құру мақсатында Президент жақын арада азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау керек екенін айтты.
«Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек»; «Осыған орай саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз ел бірлігі – оның әралуандылығында және тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпау қажет», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзін.
Мемлекет басшысы әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілімізді құқықтық тұрғыдан бекіткен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң және Елбасымыздың Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бар. Осы заң актілері әрбір Қазақстан азаматы үшін бұлжытпай орындалуға тиісті құжаттар.
Осыған орай, қазіргі таңда, Ұлттық ұлан Бас Қолбасшылығы тарапынан әскери бөлімдеріндегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын арттыруға үнемі зор көңіл бөлінуде.
Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімінде мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға бағытталған бұрыштармен қатар «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» атты Елбасымыз Н. Назарбаевтың сөзі ілінген.
Ұлттық ұланда өз денгейінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі аясында Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ұлан Бас Қолбасшысының және ТжӘҚЖ басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің тіл мамандарына бір апта бойы Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми орталығының әдіскерлері қазақ тілін жаңа әліпби негізінде оқытудың қыр-сырларымен таныстыру үшін дәрістер өткізіп, өзара тәжірибе алмасып, сертификаттар алған болатынбыз.
Биыл барлық әскери бөлімде мемлекеттік тілді кириллицадан латын графикасына негізделген әліпбиге көшіру жолында да қыруар жұмыс атқарылуда. Әскери бөлімдердегі мемлекеттік рәміздер, қызметтер атаулары, көрнекі насихат құралдары біртіндеп латын графикасына ауыстырылуда. Тағы қуантарлық жағдай: бөлімде шығыс, кіріс және айналымдағы құжаттар, бұйрықтар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде әзірленуде.
Қорытындылай келе айтарымыз, тіл жеке бір топтың немесе белгілі бір саланың еншісіне ғана тиесілі емес, барша халыққа ортақ құндылық. Ендеше, Президентіміздің салиқалы саясатымен еліміздің болашағы да, тіліміздің болашағы да өркендей береді. Қазақ тілі қазақ халқының ғана емес, Қазақстан мемлекетінің тіліне айналатынын, мәртебесі мен мерейі үстем болатынын сеніммен айта аламыз.

Мұратбек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Қостанай облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*