Тұтқындағылармен режимдік жұмыстар жүргізіледі

Қарапайым халықтың құлағына «СИЗО-18» деген жеңіл атаумен сіңісті болып кеткен Алматы қаласындағы ЛА-155/18 мекемесі – Қазақстандағы әлемдік стандартқа сай келеді деген тергеу изоляторларының бірі. Әу баста 1360 орынға арнап салынған тергеу абақтысында қазір 1200-ден астам адам сот үкімін күтіп жатыр.
Екі ғасыр бойы тұтқындар орны болған ЛА-155/1 тергеу изоляторы жабылғалы бері бұл жаңа абақтыда ұсталушылар саны арта түскен. Тергеу изоляторының аумағы қарбалас та қызу қозғалыс. Жаңадан салынған фронт-кеңсе де түске дейін келушілерге лық толы болады. Абақтыда отырғандарға сәлем-сауқат әкелушілер мен тергеудегі қорғалушыларымен кездесуге келген адвокаттардың құжаттарын рәсімдеу, арнайы жабдықталған машиналармен тұтқындағыларды сотқа тасымалдау сияқты қым-қуыт қарбаласта мекеме мамандарымен емен-жарқын әңгімелесу де мүмкін болмайтыны анық.
Жыл басында қазіргі заман талабына сай 24 адамдық күту залы, кеңес беру секторы, ақпарат-стендтер және күту кезегін реттейтін электронды аппарат бар фронт-кеңсе ашылған болатын. Фронт-кеңседе металға қарсы детектор, адамдарды және қол жүгін тексеруге арналған рентген құрылғысы, мекеменің кезекші бөлімінен көрініп тұратын 16 бейнебақылау камерасы, шағымдар мен ұсыныстарға арналған жәшік, қалалық және ішкі телефон байланысы болса, тергеу изоляторының ішінде адвокаттар мен қоғамдық қорғаушыларға, қылмыстық қудалау органдарына арналған арнайы кабинеттер бар.
Жуырда мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әділет майоры Мақсат Оразбаевпен жолығып, жеке құрам және шаруашылық қызметтегі жазасын өтеушілер арасында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатынбыз.
Ішкі істер органдарындағы ешқашан күн тәртібінен түспейтін бір мәселе – әділет қызметкерлерінің имиджін көтеру. Қызметкерлердің мәртебесін көтеруде тәрбиенің алар орны ерекше екені мәлім.
– Қылмыстық атқару жүйесінің жауапкершілігі мол сала десек, сол жауапкершіліктің жүгін абыроймен көтеру ең алдымен білікті кадрларға байланысты. Біздегі тәрбие берудің ең ұтымды тәсілі – полициялық құрылымға топтастырылған тәлімгерлер кеңесі, әйелдер кеңесі, офицерлік және полиция жиналыстары. Жас мамандардың өзіне жүктелген қызметтік міндетін талап тұрғысынан меңгеріп кетуіне тәлімгерлердің тигізетін ықпалы зор. Тәжірибе бір айда іске аспайды. Ол жылдар бойы жинақталады. Ал қызметтің небір қалтарысын түйсікпен зерделеп жүріп жинақтаған тәжірибені жас мамандардың бойына сіңіру оңай жұмыс емес, ол көзге көрінбейтін, нәтижесін біраз уақыттан кейін ғана сезінетін жұмыс.
Біз тәлімгерлік жұмыстың осындай ерекшеліктерін ескере отырып, барынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Мекемедегі қылмыстық атқару жүйесінің білікті тәлімгері, отставкадағы әділет подполковнигі Н. Рысқалиева, М. Мамтазизова сияқты ардагерлердің жас мамандарды тәрбиелеудегі еңбектері ерен.
Енді сотталғандар тәрбиесіне қарай ойыссаңыз.
– Тергеу изоляторы болғандықтан, мұнда камералық режим. Камерада отырған тергеу тұтқынындағылармен негізінен режимдік жұмыстар жүргізіледі. Ал тәрбиелік жұмыстар шаруашылық қызметтегі сотталғандар арасында жүргізіледі. Бүгінгі таңда мекемеде 60-қа жуық шаруашылық қызметтегі сотталған жазасын өтеуде. Олар осы мекемедегі шаруашылыққа қатысты сантехник, электрик, ағаш шебері, аспаздың көмекшісі, кітапханашы сияқты жұмыстарды атқарады. Мекеменің тазалығы, көгалдандыру жұмыстары – шаруашылық қызметіндегі сотталғандардың еңбегі.
Мекемеде 5 мыңға жуық кітап қоры бар. Тергеу тұтқынындағылар алдын ала керекті кітаптарына тапсырыс береді, сол бойынша кітапханашы камераларға таратып шығады. Шаруашылық қызметіндегі сотталғандар кітапханаға келіп оқиды. Кітаптың тұнып тұрған тәрбие көзі екенін ескеріп, жыл сайын кітап қорын көбейтуге тырысамыз.
Сотталғандардың тәрбиесі дегенде олардың өз күшімен дайындалатын әртүрлі мерекелік шараларды айтпай кетуге болмайды. Олар осындай іс-шаралар кезінде өздерінің бойындағы бар таланттарын паш етуге тырысады. Сотталғандардың ет жақын туыстарымен байланысын үзбеуі олардың қалыпты өмірге оралуына зор ықпал етеді. Сол мақсатта үнемі «Ашық есік күнін» өткіземіз және сотталғандарға құқықтық-әлеуметтік көмек көрсету де тұрақты күн тәртібінде. Мекеменің ішкі тәртібіне сай сотталғандардың жақын туыстарымен телефон арқылы сөйлесулеріне де жағдай жасалған.
Сонымен қатар, сотталғандарды оқыту да тәрбиенің маңызды саласы. 2019 жылы 6 сотталған Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған «Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру» курсын тәмамдап, сертификат алды. Мекемеде шаштараз кәсібіне үйрететін оқыту курсы бар. Шебер-шаштараз Ольга Штирц аптасына екі рет өткізетін курсқа қатысушы щаруашылық қызметіндегі сотталғандар курсты аяқтаған соң, арнайы сертификатқа ие болады.
Сотталғандарға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» мақсаты мен негізгі бағыттарын, аталған бағдарламаны іске асыру жолдарын түсіндіру үшін Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының және Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдерін шақырып, әңгіме өткіздік.
Тағы бір айта кететін жәйт – сотталғандардың бізден босап шыққаннан кейінгі өмірлері. Олар қайтадан қылмыс жасап, өз тағдырларын тәлкекке салмасы үшін Түрксіб аудандық Пробация қызметі бөлімінің мамандарын шақырып, кездесу ұйымдастырып тұрамыз.
Жыл басынан бері 3 рет сотталғандар арасында «Мемлекет және дін», «Толерантты, көпұлтты Қазақстанның даму негіздері» деген тақырыптарда дәрістер ұйымдастырылды.
Мақсат Мұхитұлы, сотталғандарды шаруашылық қызметіне іріктеудің қандай талаптары бар?
– Сотталғандарды мекеменің шаруашылық жұмыстарына қалдыру тек сот үкімі шыққан соң ғана жүзеге асырылады және тек бірінші рет және ауыр емес қылмыстары үшін бес жылға дейінгі мерзімге сотталған адамдар ғана іріктеледі. Әрине, шаруашылық жұмысына тек еңбекке қабылетті адамдар ұсынылады. Оларды шаруашылық жұмысына қалдыруда психолог пен теологтың, режимдік сала қызметкерлерінің мінездемесі ескеріледі.
Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесі де іріктеу кезінде зор роль атқарады. Олардың мінез-құлық дәрежесін мекеме ішіндегі комиссия анықтайды. Өйткені, мінезі жақсы сипатталған сотталғандар болашақта мекеменің ішкі тәртіп қағидаларын сақтап, еңбек пен оқуға, тәрбиелік іс-шараларға қатысуға ынталы болады.
Авторлық шегініс: Шаруашылық қызметіне қалдырылатындардың жаза өтеу мерзімдері бес жылға дейін болғандықтан және қалған мерзімдерін шартты түрде өтеуге ауыстырылатындықтан мұнда адамдар легі үнемі жаңарып отырады. Сотталғандардың арасында мекемеде өтетін мәдени-спорттық шаралардың бір жағынан тәрбиелік мәні зор болса, екінші жағынан мекеме басшылығы тарапынан алған марапаттары олардың тезірек шартты жазаға ауысуларына көмектеседі. Сондықтан да жасақта жүргендердің еркіндікке тезірек шығуға деген құлшыныстары басым.
Мекемеде өтетін әртүрлі шаралардың қызықты өтуінің бір сыры – мұнда небір шығармашылық адамдары да жаза өтейді. Олардың арасынан әнші, биші, журналист, ақын, әртістерді де жиі кездестіруге болады. Тіптен жуырда өткен мәдени мереке кезінде елімізге белгілі әзіл-сықақ шебері, КТК ойыншысы, кино актері Беріктің сотталғандар арасында әзіл-сықақ командасын құрып, өнер көрсетіп жүргенінің куәсі болдық. Мекеме бастығының орынбасары Мақсат Оразбаевтың айтуынша негізінен шығармашылық адамдары заң талаптарына немқұрайлы қарап, жеңіл-желпі қылмыс жасайды екен. Көбісі алаяқтық бабы бойынша отырады.
Тергеу изоляторында отырған күдіктілер мен шаруашылық жұмысындағы жазалыларды тамақтандыру қандай деңгейде? Бір кездері абақтыларда азық-түлік тапшылығы салдарынан жазалылар тарапынан наразылық жиі болушы еді?
– Азық-түлік тапшылығы сонау тоқсаныншы жылдары болғаны рас. Ол кезде жалпы ел бойынша тапшылық болып еді ғой. Бүгінде бұл мәселенің түйіні толығымен шешілген десе де болады. Тұтқындағылар мен сотталғандарға берілетін тамақтың рационында ет, көкөніс, сүт өнімдері молынан. Оның үстіне арнайы тәртіп бойынша туыстары да әкеледі. Тіптен қазіргі технология дамыған уақытта олар электронды дүкендерді де пайдалана алады. Мысалы, тұтқындағылар мен жазалылардың туыстары интернет арқылы азық-түлік, керекті заттарға тапсырыс береді, олар тергеу изоляторына жеткізіп береді.
Авторлық шегініс: Тергеу изоляторының ас дайындайтын ғимаратына кіргенімізде азық-түлік сапасын тексеріп жатқан фельдшер Күнсұлу Маратованы сөзге тарттық.
«Бізде бірінші кезекте азық-түліктің сапасы мен тазалыққа баса көңіл бөлінеді. Тағамдарды сертификатталған жеткізушілерден қабылдауды қамтамасыз ете отырып, оны әрбір сотталушы мен күдіктіге жеткізуге дейінгі процес қатаң бақылауда. Күнделікті ас мәзірінде ет тағамдары мен көкөністер міндетті түрде болады», – дейді Күнсұлу Маратова.
Асхана мен ет шабатын, көкөністер сақталатын орындардағы тазалыққа қарап мұндағы шаруаның шынында да бақылауда екеніне көз жеткіздік.
Сыртынан да, ішінен де күзеті мықты мекемеге тыйым салынған заттардың кіретіні жасырын емес. Осындай кереғар әрекетке қалай жол бересіздер?
– Бас бостандығынан айырылғандарға тыйым салынған заттарды жеткізуде қолданылмайтын қулық жоқ десе де болады. Әсіресе, ұялы телефондар мен олардың карталарын азық-түліктердің ішіне тығып әкелу жиі кездеседі. Сондықтан да бақылаушылар сотталғандарға әкелетін тамақтарды өте мұқият тексереді. Олардың қырағылығының арқасында ондай әрекеттер үнемі әшкереленіп отырады.
Бұл бақылау-өткізу пунктінде тіркелген фактілер. Ал кейде тыйым салынған заттар өтіп кетіп жатады, оның себебі неде?
– Жасыратыны жоқ, мекеме ішінде өткізілетін тінту кезінде негізінен ұялы телефондар мен сим-карталар жиі табылады. Әдетте күдіктілерді сотқа апарған кезде олар небір айла-шарғымен ұялы телефондар мен сим карталарды мекемеге әкеледі. Ал сізге олардың қандай айла қолданатынын айтудың өзі ұят. Әсіресе, әйелдерден қулық артылмайды. Соттан келген кезде қанша жерден мұқият тексеруден өтсе де, тексеруге келмейтін жерлеріне тығып әкелу фактілері аз кездеспейді.
Тергеу тұтқынындағыларға, жалпы түзеу мекемесіндегі адамдарға медициналық қызмет көрсету туралы сөз болса, дәрігерлердің жетіспеушілігі деген мәселе шыға келеді.
– Медицина мамандарының тапшылығы жайлы мәселенің себептері өте тереңде. Сотталғандармен немесе күдіктілермен жұмыс істеудің қиындығы жауыр болған тақырып. Бұл мәселені шешуге бағытталған бір шара – сотталғандарға медициналық қызмет көрсетуді Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру. Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасында бұл мәселе нақтыланды. Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы облысында осы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, тергеу изоляторына түрлі жұқпалы аурулармен түсетіндер де бар. 15 күндік карантин кезінде барлық қауіпті жұқпалы ауруларға анализ алынады да, анықталған ауруларға түзеу мекемесінде ем жасалады.
Авторлық шегініс: Тек ЛА-155/18 мекемесінде ғана емес, республикадағы түзеу мекемелерінің барлығына тән бір құбылыс – сотталғандардың ішінде он екі мүшесі сау болғанмен, жеңіл-желпі сырқаттары жетіп артылатындар өте көп. Медицина қызметкерлерінің пайымынша, сотталғандардың көпшілігі түзеу мекемелеріне келген соң, денсаулықтарына шағымдана бастайды. Бостандықта жүргенде күтпейтін денсаулықтарын түрмеге түскен соң түзей бастайды екен. Бұл ешкімді таң қалдырмайтын әрекет. Әдетте адамдар қарбалас тіршілікпен жүріп, жанына батқанда болмаса, дәрігерге көріне бермейді. Ал бас бостандығынан айырылғандардың бір жағынан уақыт өткізу үшін, екінші жағынан бос уақыттарының молдығынан денсаулығын қолға алатыны қалыпты жағдай.
Тергеу тұтқынындағылардың арасында мүгедектер де болады. Оларға кімдер күтім жасайды?
– Бұл шешілуі де, жауап беруі де қиын сұрақ. Мүгедектерге белгілі бір көмектесетін адам жоқ. Тек камерада бірге отырған күдіктілер көмектеседі. Бүгінде мүгедектерге күтім жасайтын сотталғандарға ақша төлеу мәселесі талқылануда.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*