Жоғалған бүлдіршін табылды

Талдықорған қаласының қоғамдық қауіпсіздігін күзетіп жүрген патруль тобының бастығы, қатардағы Демеу Бидайбек өзі қызмет ететін 4-бағыт маңында кішкентай қыз бала жоғалды деген хабарды рация арқылы алып, сарбаздармен бірге іздеуге кіріседі.
Әскери жасақ көп ұзамай өз бетімен ойнап жүрген екі баланы байқайды. Бірінің үстіндегі киімдері жоғалған қыз баланың анасының сипаттауына сәйкес келіп тұр. Жасақ сарбаздары бес жасар кішкентай бүлдіршіннің қасына келіп, сөзге тартады. Өздерінің іздеп жүргені осы балақай екенін түсінген қатардағы Демеу Бидайбек және қатардағы сарбаздар Сергей Степанов, Амангелді Әмірханов, Еркебай Қонысбек бірден басшыларына хабарласып, баланы анасына табыстайды.
Оқиға былай болған еді. Арбат бойындағы дүкендердің бірінен сауда жасап тұрған азаматша Ж.И. Пириазарова кішкентай қызынан қас пен көздің арасында көз жазып қалған. Жан ұшыра көше бойымен әрі-бері жүгіріп, қызын шақырған ана Ұлттық ұланның әскери жасағын байқап, өзінің қасында ойнап жүрген қызын таба алмай қалғанын айтып, көмек сұрайды.
Әскери жасақ бастығы, қатардағы Дәулет Бекен бірден жоғалған қыздың сипаттамасын барлық әскери жасаққа жеткізеді. Осы сипаттама бойынша жоғалған жерден екі көше төмен түсіп, жолдың бойына шығып кеткен кішкентай бүлдіршінді ұландықтар жазбай танып, анасына әкеліп табыстады.
Ұлан сарбаздарының қырағылығына риза болған ана алғысын жаудырып, бөлім командирінің атына ризашылығын білдірген хат жолдады.

Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*