Кинологтардың төрт аяқты көмекшілері

Төрт аяқты жануарды халқымыз ерекше қастерлейтінін білеміз. Жеті қазынаның бірі саналатын иттің ерекше қасиеттерге ие екені де рас. Ежелден адамға қызмет етіп келе жатқан ит тәртіп сақшыларының да төрт аяқты көмекшілеріне айналған. Себебі, есірткі заттарын анықтау, жарылғыш заттарды іздеу, жоғалған адамдарды табу иісшіл иттердің көмегінсіз мүмкін еместей.
Тәртіп сақшылары бұл міндетті төрт аяқты серіктестерімен бірлесіп атқарады. Көліктегі Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында болғанда итті жанына серік еткен кинолог мамандардың қызметімен жақынырақ таныстық.
Кинолгиялық қызмет орталығының есігінен ішке енгенде көргеніміз – сырттан кіргендерге абалаған, торда тұрған иттер болды. Олардың бәрі бір қарағанда бізге бірдей сияқты көрінді. Қара түсті, түрлері суық иттер бізді бөтенсіп үріп, анау жерді азан-қазан қылды. Бұл иттер кинологтардың қызметтегі басты қаруы әрі құралына айналған. Кинологиялық қызмет орталығында бүгінде 10 адам қызмет етеді. Әр қызметкердің өзіне бекітілген қызметтік иті бар. Бұл дегеніміз әрбір иттің өзінің қожайыны бар деген сөз. Орталықта иттің 3-4 тұқымы бар, олар овчарка, лабрадор және спаниэль. Негізінен, неміс және бельгиялық овчаркалар алынады. Себебі, бұл иттер қызметке қолайлы келеді екен.
Төрт аяқты «сақшылардың» өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Олардың дені есірткі іздейді. Яғни, 10 иттің 4-і жарылғыш зат іздейтін болса, қалғаны есірткі іздеуге машықтанған. Жарылғыш зат және есірткі іздейтін иттердің табиғаттары да бөлек келеді екен. Мысалы, жарылғыш зат іздейтін ит байыпты болуы керек. Өйткені, жарылғыш зат тапқан жағдайда ол ит тынышталып қалып, қимылдамауы қажет. Жарылғыш зат жарылып кетпес үшін ит үрмей, үн-түнсіз қалуы тиіс. Ал есірткі іздейтін иттер барынша белсенді келеді.
«Бүгінгі таңда қай саланың маманы болмасын дағдысын жетілдіріп отыруы керек. Бізде қызметкерлердің біліктілігін көтеруге көп көңіл бөлінеді. Жаңадан қызметке келген жас мамандар бастапқы дайындық курстарынан өтеді. Негізгі базалық орталық Алматыда орналасқан. Одан бөлек, кинологтарымыз соңғы жылдары Австрияға барып, өзара тәжірибе алмасып келіп жүр. Соңғы рет барғанда кинологтарымыз ол жақтан екі ит алып келген болатын. Ол иттер саммит, ЭКСПО сияқты ауқымды шаралармен қатар, Президент, шетелдік делегаттар қатысатын жиындар кезінде тексеру жұмыстарына жұмылдырылады. Қазір де кинологтарымыз иттерімен бірге Алматыға оқуға аттанғалы отыр», – деді Көліктегі Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор кинологы, полиция старшинасы Еркебұлан Теміржан.
Кинологтардың күнделікті жұмысы иттеріне күтім жасаудан басталады. Олар осы орталыққа келіп, иттерін баптап болған соң, жұмыстарына кіріседі. Яғни, вокзал, әуежайды бетке алып, жолаушылар пойыздарын тексереді. Иттердің көмегімен бір айда орташа есеппен 10-15 қылмыс анықталады екен. Оның көбі пойыздарда орын алады. Өйткені, есірткі көбіне пойызбен тасымалданады. «Бұл орталыққа иттер күшік кезінде келеді. Оларды Алматыдағы кинологиялық орталықтан аламыз. Иттерді негізінен мінезіне, тұрпатына қарап аламыз. Басты талап – белсенді, жұмысқа жарамды, жүйкесі мықты болуы керек. Жүйкесі деп отырған себебіміз – әртүрлі жағдай болады. Сондай кезде қиындыққа төтеп бере алуы керек. Оларды жұмысқа күшік кезінен бейімдеп, үйретіп, тәрбиелеп шығарамыз. Өз балаңды айналасын тануға қалай үйретсең, күшікті де дәл солай пойыздарға мінгізіп, ығы-жығы, у-шу болып жататын жерлерді көрсетіп жүріп, бәріне үйретеміз. Сөйтіп ақырын-ақырын жұмысқа кіріседі.
Иттер шамамен 8-10 жыл қызмет етеді. Сегіз жастан әрі қарай иттің жұмысқа деген қабілеті төмендей бастайды», – деді Кинологиялық қызмет орталығының аға инспектор кинологы, аға лейтенант Қанат Абдрахманов.
Оның айтуынша, ит өз иесін иісінен біледі. Күнделікті тамағын беріп жүргенде ит иесінің иісін сақтап алады екен. «Ит кәдімгідей иесіне бауыр басып қалады. Мысалы, қожайыны еңбек демалысына кеткенде олар көздері жәутеңдеп, кірген шыққандарға қарап, күтіп жүреді. Ит деген өзі адал жануар ғой. Әрбір ит өз иесінен басқа ешкімді мойындамайды. Тіпті, басқа адамға бағынбайды, бұйрығын да орындамайды. Қожайынының көңіл күйі болмаса иттің де көңілі түседі», – деді кинолог Қанат.

Қостанай стансасындағы Желілік полиция бөлімінің кинолог қызмет тобының кіші инспектор кинологы, полиция сержанты Әлібек АХМЕТЖАНОВ:
– Алматыға біліктілікті арттыру үшін оқуға жіберіліп жатырмын. Сол үшін Қостанайдан арнайы Нұр-Сұлтан қаласына нұсқамадан өту үшін келдім. Екі айлық оқуға итіммен бірге бара жатырмын. Итімнің аты – Уран, неміс овчаркасы. Осы салаға келген күннен бастап маған осы ит бекітілді. Итім есірткі заттарын іздеуге машықтанған. Ол есірткіні тапқан кезде оған көрсетілген мадақ ретінде добын береміз. Доп өзінің жақсы көретін ойыншығы болғасын, берген кезде асыр салып ойнайды. Тапқан сәтте бірден добын берсек, орталыққа келгесін басқа да «құрмет» көрсетіледі. Кинолог итпен күніне кем дегенде екі сағат жұмыс істеу керек. Күнделікті келген пойыздарға мініп, тексеріп. келесі стансасадан түсіп қалып, басқа пойызға отырып оны тексеру – біздің күнделікті жұмысымыз.

Ақтөбе стансасындағы Желілік полиция бөлімінің кіші инспектор кинологы, полиция сержанты Нұралы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
– Біздің негізгі міндеттіміз – қылмыстың алдын алу, ашу, анықтау, есірткі тасымалына қарсы іс-шаралар қолдану, жарылғыш заттарды іздеу. Менің сенімді серіктесімнің есімі – Цезарь. Оны өзім күшік кезінен баптап келемін. Содан бері адал досыма айналды. Осы күнге дейін біршама фактілерді анықтады. Бір жылда 12-15 қылмысқа дейін ашады. Жұмыс істеу қабілеті жоғары. Әрбір ит жарытылысына қарай әртүрлі келеді. Психологтар адамды холерик, сангвинник деп бөледі ғой, иттер де мінезіне қарай солай бөлінеді.
Мысалы, менің итім холерикке жатады. Өзі ширақ, тынымсыз ойнап жүреді. Жалпы итті тәрбиелеу ойын түрінде жүргізіледі. Иттің де көңіл күйі түсіп, ауырып қалатын кездері болады. Оның да жанын түсіне білу керек. Олар сөйлей алмайды ғой. Ауырып қалғанын иттің көзіне, тіліне, құлағына қарап білеміз. Ауырып тұрған болса, жанары жасқа толып, көзінен мұңды байқауға болады. Қызметтік иттермен күнделікті жұмыс істеп, жаттықтырып отырмаса, жұмыс істеу қабілеті нашарлай бастайды, – деген ол қызмет барысында орын алған бір оқиғаны айтып берді. – Күнделікті пойыздарды тексеріп жүргеннен кейін халық біздің есірткі тасымалын болдырмау мақсатында жүргенімізді біледі және түрлі қулықтарға барып жатады. Бірде сондай жағдай орын алды. Пойыздарды тексеру кезінде адал серігім бір жолаушының жол сөмкесін тіміскіленіп иіскей бастады, бірақ көпке дейін ештеңе таба алмады. Тапқаны туралы белгі бере алмай, абдырады. Сосын сол жолаушының жол сөмкесін екі куәгердің көзінше тексеріп қарап, ештеңе таппадық. Сөмкені тексерген жедел уәкіл қызметкерлеріне итімнің қателесуі мүмкін емес екенін айттым. Расымен, 400 адам келе жатқан пойызды тінтіп келіп сол адамға тоқтауы бекер емес еді. Қайта тексергенде қияр помидор салынған банкісіне көзіміз түсті. Сол банкіні ашып қарасақ, іші толған уксус болып шықты. Ол мұрынды жаратын қышқылтым иіс итті жаңылыстырады деп әдейі құйып алған болып тұр. Банкінің ішінен медициналық қолғапқа салынған, сыртынан бірнеше рет оралған есірткі затын таптық. Жолаушылар осындай түрлі айлаларға баратын кездері көп.
PS. Тәртіп сақшыларының адал досы, сенімді серігіне айналған төрт аяқты көмекшілерінің бір күндік жұмысымен таныстығымыз осылай аяқталды. Иттің жанын түсінетін кинолог мамандардың жұмысына жақынырақ үңілгенде ұққанымыз, төрт аяқты жануармен жұмыс істеу үшін де адам барынша итке жақын, онымен тіл табыса алуы керек екен. Сонда ғана «жақсы ит – иесінің көзі һәм құлағына» айналады.

Суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*