Жемқорлықпен ымырасыз күрес басталды

ІІМ өз қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялады.
3 қазанда ұлттық қауіпсіздік органдары мен ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде ұзақ уақыт бойы құқыққа қарсы әрекетпен айналысқан Ақмола облысы Полиция департаментінің басшы лауазымдағыларды әшкереледі.
Департамент бастығының орынбасары ұсталды, басқа адамдарға қатысты өзге де бұлтартпау шаралары қабылданды.
Жоғары лауазымды полицейлерді ұстау – ұлттық қауіпсіздік органдарымен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп жүргізілген алғашқы операция емес.
Бұл министрліктің сыбайлас жемқорлыққа, сондай-ақ, өз қатарларындағы заңдылықтың басқа да бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл жасауының және осы жұмыстың транспаренттілігін қамтамасыз етудің нәтижесі.
Сонымен, бірлескен іс-әрекеттер нәтижесінде осы жылдың 8 айында қызметкерлерге қатысты 307 сотқа дейінгі тергеу басталды, оның ішінде 170-і сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша тергелуде. Қылмыстық жауапкершілікке әртүрлі буындағы 74 басшы, оның 52 – сі сыбайлас жемқорлық үшін тартылды
Қызметкерлер алаяқтық, парақорлық, өкілеттіктерін асыра пайдалану, дәлелдемелерді бұрмалау және басқа да қылмыстары үшін жауапқа тартылуда.
Бұл ретте басшылардың қылмыстық әрекеттердің алдын алуда пәрменді шараларды қабылдауға дербес жауапкершілікте болуы маңызды.
Мысалы, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы оның орынбасарының сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін ұсталуына байланысты қызметінен босатылды.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жетекшілік ететін бөлімшелердің басшылары, Атырау және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері бастықтарының орынбасарлары қызметтерінен айрылды.
Мінез-құлықтың этикалық нормаларын бұзатын басшыларға қатысты қатаң шаралар қабылданады.
Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы орынбасарларының бірі қызметке мас күйінде келген, ал екіншісі қарамағындағы қызметкерлердің намысын таптағаны үшін лауазымдарынан босатылды.
Қазіргі уақытта бірқатар өңірде сыбайлас жемқорлық жолдары, оның ішінде кадр мәселелерімен, мемлекеттік сатып алу шеңберіндегі сыбайлас жемқорлық әрекеттер бар-жоғын анықтау үшін тексерулер жүргізілуде.
Осы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ІІМ-нің алқа мәжілісінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті жұмыс басымдықтарының бірі және ішкі істер органдарының табысты реформаларының негізгі шарты ретінде белгіледі.
«Біз барлығымыз халыққа қызмет етеміз. Біздің азаматтарымыздың шыдамы таусылды, талқылау уақыты аяқталды. Полиция қатарында сенім мен билікті теріс пайдаланатындарға орын жоқ. Мундирдің арына кір келтіргенге арамызда орын жоқ. Мен барлығынан – қатардағы қызметкерден генералға дейін өз халқымыздың игілігі үшін адал қызмет етуді талап етемін!» – деді ІІМ басшысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында аумақтық полиция, ТЖ және ҚАЖ департаменттері басшыларының қатысуымен өткен селекторлық кеңес барысында.
Осындай міндеттер өзіндік қауіпсіздік және кадр саясаты қызметінің жаңа басшыларының алдына қойылды.
Кадр жұмысының жаңалықтарының бірі – ІІМ Кадр комиссиясында басшылық лауазымдарға үміткерлер міндетті түрде әңгімелесуден өтетін болады, бұл меритократия және жарыспалылық қағидаттарына сәйкес келеді. Бұл ретте, процестің жарыспалылығын қамтамасыз ету және үздікті анықтау үшін резервте тұрған барлық кандидаттар қаралады.
Өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел-талдау жұмысы, оның ішінде сыбайлас жемқорлық жолдары мен «қолы таза емес» қызметкерлерді анықтау бойынша айтарлықтай тәжірибесі бар.
Өзіндік қауіпсіздік жұмысының түбегейлі жаңалығы – ол азаматтық қоғаммен бірлесе жұмыс атқару.
Осы мақсатта ІІМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және азаматтық институттар арасында ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үшжақты бірлескен Жоспарға қол қойылды.
Жоспарды іске асыру барысы 5 қыркүйекте мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдардың және БАҚ-тың қатысуымен қаралды.
«Ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ымырасыз болмақ. Сондықтан мен азаматтарды шетте қалмауға және біздің қызметкерлеріміз жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының барлық фактілері туралы ІІМ-ге ақпарат беруге шақырамын. Әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылық туралы ақпаратты министрдің блогына, порталдағы https://dialog.egov.kz арқылы немесе министрліктің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне (сенім телефоны: 1402) қоңырау шалып хабарлауға не болмаса Facebook жәнеI nstagram-дағы ӨҚД бастығына хабарлама жіберуге болады. Анонимдікке кепілдік беріледі.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*