Министр қатысқан Эко сағат

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы «Үркер» шағын ауданындағы №69 мектеп-гимназиясында «Эко сағат» республикалық акциясы өтті.
Шараға Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев арнайы қатысты. Аталған оқу ордасында бірінші ауысымдағы 57 сыныпта оқитын 1754 оқушы бұл шараға бір кісідей атсалысты.
Оқушылардан құралған «Домбыра-Дастан» оркестрі қонақтарды Құрманғазының «Балбырауын» күйімен қарсы алды. Әрі қарай қонақтар «Эко Әлем» атты көрмеде оқушылардың өз қолымен пластмасса, қағаз, ағаш және полиэтилен пакеттерден жасаған заттарын тамашалады. Қарапайым үй жағдайында керек құрал-жабдықтар мен естелік кәдесыйлар, көздің жауын алатын небір тың туындылар таңдай қаққызбай қоймады. Оқушылардың бірі астанамыздағы биік ғимараттардың макетін жасаса, енді бірі ұшақ, көлік, жан-жануарларды бейнелепті. Түрлі қабырға газеттері де адамзат баласын табиғатты қорғауға үндеп тұрғандай. Тіпті, түрлі-түсті полиэтилен пакеттерден, газет қиындылары мен қатырма қағаздан жасалған киімдерді киіп, сап түзеген балаларға назар аудармай өту мүмкін емес.
Көрмені тамашалап, ұзын дәлізді бойлай өткен қонақтарды мектептің кадет сыныптарының оқушылары арнайы формамен, жалаушалармен қарсы алды. Бұл іс-шара екінші қабаттағы мектептің акт залында жалғасын тапты. Жиында полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы оқушылардың жаңа бастамасына сәттілік тілеп, Табиғат-ананы қорғау талаптарын құптайтындығын жеткізді.
– «Эко сағат» акциясын алғашқылардың бірі болып өткізіп отырған №69 мектеп-гимназиясы басшылығына алғысымды білдіремін. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау тек бір күндік акциямен шектелмеуі керек. Бұл – әр күн сайын орындауға тиісті адамзаттық борышымыз. Ендеше, қоршаған ортаны қорғауды біз ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Әрбір бала, әрбір ата-ана, әр адам жүрген жерін, үйі мен жұмыс орнын, қоршаған ортаны таза ұстауы міндетті. Өйткені, адам мен табиғат – ажырамайтын егіз ұғым. Ондағы аң-құс, орман-тоғай, өзен-көл, ауа, су – бәріне адамзат баласының қамқорлығы қажет. Ертеңгі ел болашағы – сендерсіңдер! Сондықтан да саламатты өмір салтын ұстанып, спортты өмірлеріңе серік етіңдер. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дегендей, оқудан, білім алудан, ізденуден ешқашан жалықпаңдар. Өздерің жүрген кез келген ортаны таза ұстаңдар, – деді Ішкі істер министрі.
Жиналғандарға көрсетілген ертегі сарынды бейнефильм ешкімді бей-жай қалдырмады. Онда Табиғат-анамыздың о бастағы көркем де сұлу сәтін сәтті бейнелей келіп, адамзат баласының өз қажеттілігі үшін ағаштарды кесіп, жан-жануарға қауіп төндіріп жатқандығы көрсетілген. Табыс табу жолында сан алуан зауыт, фабрикалар салып, түрлі көлік қатынасы құралдарын ойлап табу арқылы қоршаған ортаны «улап» жатқаны айтылған.
Одан кейін сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан Саденов те оқушылардың тазалықты сақтап, табиғатты аялау керектігін баса айтып өтті.
– Елордамыз ең таза қала болсын десек, онда біз өзімізден бастап, өзгелерге үлгі көрсетуге тиіспіз. Бүгін ой-пікірін білдіріп жатқан кішкентай бүлдіршіндерімізге іштей разы болып отырмын. Міне, жұдырықтай жұмылып, осылай таза қала үшін жұмыс істесек, онда біз алмайтын қамал, біз жетпейтін жетістік қалмайды, – деді Ержан Сапарбекұлы.
Ал «Болашақ» және «Үнемшіл» топтары арасындағы викториналық сұрақтарға жауап беру, ситуациядан шығу тапсырмалары, табиғат туралы мақал-мәтелден жарыс жиналғандарға көтеріліп отырған мәселенің маңыздығы жайында ой салды. Әсіресе, 5-сынып оқушысының Ішкі істер министріне тосыннан қойған сұрағына полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлының тосылмай жауап беруі де жиылған көпті бір серпілтіп тастады.
– Егер орман арасында жүріп, кездейсоқ өрт шығуына куә болсаңыз, не істер едіңіз? – деген сұраққа, «Ойланбастан 101 нөмірін теріп, алдымен Төтенше жағдай қызметіне хабар беретін едім. Содан кейін өрт сөндірушілер келгенше өртті сумен не топырақпен сөндіруге тырысатын едім», – деп күлімсірей жауап берді Ішкі істер министрі.
ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Барат Дұзақбаевқа сөз кезегі келгенде, ол төтенше жағдайда керек басты қағидаларға тоқталды.
– Өрт не түтін шыққанын байқағанда, дереу 101 нөмірін теріп, өрт сөндіруші-құтқарушыларды шақыру керек. Ол кезде мекенжайды нақты көрсетіп, өрттің көлемін де жобалап айту маңызды. Өрттің көлеміне сәйкес қауіптілігі де үлкен болады. Сондықтан кез келген жерде, қай мезгілде болмасын, қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Ал электр тогын пайдаланғанда қауіпсіздікті ұмытпау керек. Жай ғана жолдан өтудің де өз ережелері бар. Осы қауіпсіздік ережелерін сақтап жүруге міндеттіміз, – деді Барат Оспанұлы.
Қоршаған ортаны гүлдендіру өз қолымызда екенін ұғынған оқушылардың рухын осы мектептің 11-сынып оқушысы Ақжол Сабиғат шырқаған «Атамекен» әні одан әрі көтеріп жібергендей болды. Сөз кезегі Нұр-Сұлтан қаласы №69 мектеп-гимназиясының директоры Құсни Жүнісоваға келгенде, ол қонақтарға өз алғысын білдірді.
– Ұйымшылдықпен өткізіп отырған бүгінгі іс-шараға үлес қосқандарыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Баланы жастайынан тазалыққа, оқу мен білімге, табиғатты сүюге, еңбекқорлыққа баулу – біздің басты парызымыз. Мұндай іс-шаралар мектебімізде жиі өтіп тұрады. Бірақ, бүгін кең көлемде екі ауысымдағы 117 сыныптың 2984 оқушысы түгел атсалысып отыр, – деді Құсни Қияшқызы.
Іс-шара арнайы келген қонақтардың қатысуымен мектеп ауласына көшет отырғызумен аяқталды.

Айгүл ӘЖІБАЕВА
Суретті түсірген Жандос КОКУМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*