Мемлекеттік наградалар тапсырды

Президент Жарлығымен өрт болған сәтте ерлігімен көзге түскен өрт сөндірушілер мен полицейлер марапатталды.
Түркістан қаласына арнайы іссапармен келген Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен 6 өрт сөндіруші қызметкер мен полицейге мемлекеттік наградалар тапсырды.
Ресми марапаттау рәсімі Түркістан облысының ПД ғимаратында өтті. Ерлігі мен батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен Түркістан облысының өрт сөндірушілері Бақдәулет Әлімқұлов, Құралбек Жұмабаев, Рүстем Сайдахметов, Бағлан Убайдулаевты және полиция майоры Қанат Рақышевты наградтады. Сонымен бірге, полиция подполковнигі Ермек Өсербаев және полиция лейтенанты Қайрат Алекешев Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев төтенше жағдайды жою кезінде өздерінің қызметтік міндеттерін мінсіз орындаған қызметкерлерге алғысын білдірді.
«Біздің ішкі істер органдары қатарында ерлік көрсеткен, антына адал осындай қызметкерлер бар кезде халықтың ұйқысы тыныш және қауіпсіз болатындығына сенімім мол», – деді министр.
Одан әрі министр Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысы ТЖД қызметкері, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаровтың үйіне барып, оған II дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Өрт сөндіруші өртті ауыздықтау кезінде ауыр жарақат алып, үйінде емделуде.
Министр подполковник Б. Абдуғаппаровқа және оның отбасына өрт сөндіру және адамдарды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, батырлығы мен жанқиярлығы үшін алғысын айтты. Сондай-ақ, тез арада сауығып кетуіне тілекші екенін білдірді.
Бұрын Бақытжан Абдуғаппаров Арыс қаласында азаматтарды құтқару кезінде де өзінің қайсарлығымен ерекше көзге түскен болатын.
Еске сала кетейік, осы жылдың 10 қыркүйегінде Түркістан қаласындағы ірі қонақ үйлердің бірі «Роял Гранд» отқа оранған болатын. Оқиға орнына келген облыстың ТЖД қызметкерлері мен полицейлер жақын маңдағы аумақты қоршауға алып, қонақ үйдің қонақтары мен қызметкерлерін дереу эвакуациялауға кірісті. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 50 адам эвакуацияланды.
Сол сәтте тәртіп сақшысы Қанат Рақышев өз өмірін қауіпке тігіп, отқа оранған ғимараттан шыға алмай қалған Түркия елінің екі профессоры мен 4 жасар бүлдіршінді дін аман алып шыққан еді. Осындай ерлігімен көзге түскен батырымыз бүгінде Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты патрульдік полиция батальонының қызметкері, Отанына деген адалдығымен қалтқысыз қызмет етуде.
Министр іссапарының соңында облыстық полицияның жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Ерлан Тұрғымбаев департамент жанынан ашылған халықтық кеңсені аралап, халықпен жұмыстың жаңа форматтарының, қоғаммен өзара іс-қимыл орнатудың, ашықтық пен айқындылықтың маңыздылығына, сондай-ақ, полиция жұмысының жаңа сервистік үлгіге көшуіне баса назар аударды.

Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*