Басым бағыттар түсіндірілді

Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл аудандық ПБ басшылығы мен жеке құрамы Президенттің жаңа Жолдауын талқылауға арналған жиын өткізді. Онда тарихи құжаттың қоғам өміріне, соның ішінде ішкі істер органдарының қызметіне қатысты басым бағыттары түсіндірілді.
Жиынды Есіл ауданы Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мадияр Айтуғанов ашты. Ол жеке құрамға Жолдаудағы маңызды жайттарды тарқатып жеткізіп, атқарылуы тиіс жұмыстарды атап өтті.
«Қазақстан Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында полицейлерге зор міндет жүктеп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Полицияның мемлекеттік күштік құрылымдағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-кеңселерін ашуға жұмсалады», – деген болатын. Бұл өзгерістердің бастамаларын біз қазірдің өзінде көріп, сезіп отырмыз. Ендеше, ішкі істер саласын жетілдіре түсуге бағытталған кешенді шараларға біз осы бастан дайын болуымыз керек», – деді полиция подполковнигі Мадияр Дүйсенәліұлы.
Жолдауда құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі екендігі айтылған. Осы ретте бұл реформалау полиция қызметінің жаңаша сервистік модельге көшетіндігімен де тікелей байланысты. Ол үшін кадр даярлау жүйесі де, қызметтік міндеттемелерді бөлу жүйесі де өзгертілетін болады. Жеке құрамға жиын барысында осы тұрғыдағы жаңашылдықтар түсіндірілді. Жиналғандар алдында, сондай-ақ, полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Айтмағамбетов пен орынбасары, полиция майоры Дияс Тоқатов та сөз сөйледі. Олар Жолдаудағы полиция қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау туралы айтып өтті. Одан бөлек халықпен тиімді байланыс орнату мәселесін де сөз етті.
«Жолдауда қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады делінген. Ендеше, бұл біздің қызметтегі басты назар аударатын жайт болуы тиіс. Өйткені, халықпен күнделікті бетпе-бет жұмыс жүргізетін біз болғандықтан олардың мұң-мұқтажын тыңдап, оны шешу жолында заңсыздықтарға бармау керек екендігін түсіндіріп айтуымыз керек. Бұл біздің ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізу міндетімізге жатады», – деді бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Жексенбайұлы.

Гүлжан БЕКЕНОВА, Нұр-Сұлтан қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*