Реформаның мақсаты – құқықтық тәртіп

Тәуелсіздік жылдарында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ішкі істер органдарының рөлі

Халыққа құқық қорғау жүйесінен не керек? Ең алдымен, екі нәрсе. Біріншісі – жеке бас қауіпсіздігі мен жақындарының қауіпсіздігі. Екіншісі – меншігінің қауіпсіздігі.
Тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде ішкі істер органдарының құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметіне толық баға беру үшін, әуелі криминогендік жағдайға тарихи талдау жасаған жөн. Өйткені, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қандай жағдай орын алғаны әлі көз алдымызда. Қазақстанда, басқа да жаңа тәуелсіз республикалардағы сияқты экономикалық коллапс, терең дағдарыс басталды. Шаруашылық байланыстар үзіліп, зауыттар мен фабрикалар тоқтап қалды. Адамдарға жалақы, зейнетақы, жәрдемақы төленбеді. Миллиондаған жұмыссыздар, ғаламат тапшылық, жартылай бос қазына, шамадан тыс құнсыздану. Барлығы талонға көшірілген. Осындай ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайдың айналасында қылмыстардың саны тым шарықтап кетті. Аламандық, қарақшылық, ұрлық-қарлық кең етек алды. Тіпті темір жол көлігінде мемлекеттік жүктер де тоналды, әскерде әскери мүлікті тасып әкетушілік болды. Жасырын тауар айналымы ұлғайды.
Алғашқы тапсырыспен кісі өлтірулер пайда болды, криминал ықпал ету салаларын ашықтан-ашық бөліске салды. Осылайша, 1992 жылғы желтоқсанда Теміртау қаласында Қарметкомбинаттың бас директоры Александр Свичинский Литвадан келген киллерлердің құрбаны болды. Сол кезде оны 3000 долларға зауыттың кіре-берісінде атып кеткен еді.
Балқаш қаласында ревизор Ломако, Алматы қаласында бизнесмен Мильграм да тапсырыспен өлтірілген болатын. 1992 жылғы ақпанда түрмеден қашқан екі қылмыскер Қызылорда қаласында автобусты айдап әкетіп, 13 кепілде ұсталған тұтқынды атып тастаймыз деп қорқытқан-ды. 1993 жылдың басында Көкшетау облысының колониясында үш сотталушы екі қызметкер әйелді ұстап алып, қару, есірткі мен ұшақ талап еткен.
Ол уақыттағы статистика шынайы көріністен алшақ болды. Дегенмен де, ресми деректер бойынша «сұрапыл» 90-жылдары тек адам өлтіру мен денсаулыққа ауыр зиян келтіру 80-жылдармен салыстырғанда 2 есеге, ал тонау 4 есеге өскен. Сол жылдарда басты мақсат – криминалды тоқтату, адамдарды қорғау, мемлекетті сақтап қалу болды.
Ішкі істер органдарының басқа да әлеуетті құрылымдармен бірлескен кешенді батыл шараларының арқасында елдегі жедел жағдайды қалыпқа келтіріп қана қоймай, адам өлтіру, ауыр зиян келтіру, тонау сияқты неғұрлым қауіпті қылмыстардың қарқынын төмендетуге қол жеткізілді. Әлемде елдердің қауіпсіздігін бағалау дәл осы қылмыс түрлері бойынша қалыптасады.
Бүгінде 90-жылдармен салыстырғанда адам өлтіру 3 есеге дерлік кеміді. Мәселен, 1996 жылы адам өлтіру қылмыстарының саны 2,5 мыңнан асса, 2018 жылы 900-ден сәл жоғары болды. Ауыр зиян келтіру 6 мың болса, 2018 жылғы қорытынды бойынша 2 мыңды құрады. Тонаулар 5 есеге қысқарды.
Жаһандық бейбітшілік индексінде Қазақстан 163 елдің ішінен Кипр мен Грекияның ортасында 64-орынға ие болды. Бұл ТМД-дағы үздік көрсеткіш (Беларусь – 97, Өзбекстан – 102, Ресей – 154).
Бұның барлығы да жыл өткен сайын елімізде өмір сүріп, жұмыс істеу әлдеқайда қауіпсіз бола бастағанын дәлелдейді. Және бұл прогресс айқын.
Жағдай 90-жылдармен салыстырғанда ғана емес, Кеңес үкіметінің ең гүлденген шағы 80-жылдармен салыстырғанның өзінде жақсырақ. Ол кезде Қазақ КСР-інде орташа есеппен алғанда жылына 1,5 мың кісі өлтіру қылмысы жасалатын. Бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 2 есеге төмен. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері жартылай қысқарған. Бұл мемлекеттің қылмысқа қарсы күрес жөніндегі кешенді жүйелі шараларының арқасында мүмкін болды.
Біріншіден, Тәуелсіздіктің 28 жылында маңызды бағдарламалық құжаттар мен тұжырымдамалар жүзеге асырылды, қажетті заңдар қабылданды, құқықтық көмек көрсету және қылмыскерлерді беру жөнінде халықаралық ынтымақтастық орнатылды, жаңа құқық қорғау жүйесі қалыптасты. 1997 жылдан бастап егемен Қазақстанда тұңғыш рет Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, сондай-ақ, Қылмыстық атқару кодекстері қабылданды.
Алайда, өмір жалпыадамзаттық құндылықтардың басымдығы, адам құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық-құқықтық қорғау мәселесіне батыл бұрылу, қылмыстық-құқықтық тыйымдардың тұрақты нарықтық экономиканың шарттарына сәйкестігі идеясына негізделген жаңа кодекстердің жасалуын талап етті.
Араға 17 жыл салып, 2015 жылы жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстері қабылданды.
Екіншіден, бір жағынан, қылмыстық статистиканың толықтығы мен нақтылығы, екінші жағынан, кез келген құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қамтамасыз етілді. Қылмыстылық көрінісі шынайы бола бастады. Мысалы, 2015 жылға дейін 6 мыңға жуық жасырылған қылмыс анықталды. Қазір бұл үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
Қылмысты жасыру мәнін жоғалтты, өйткені, барлық, тіпті ең ұсақ құқық бұзушылық та тіркеледі.
2015-2017 жылдары криминогендік ахуалдың статистикалық нашарлауы ұрлық, бұзақылық және басқа да ауыр емес қылмыстар сияқты құқық бұзушылықтар санының артуы есебінен емес, бұрын оларды жаппай жасырғандығынан болды. Сонымен қатар, қылмыстылық жағдайы өте нашар бола түсті деген пікір де кездеседі. Бұл ақпаратты қазір оңай алуға, таратуға болатындығымен түсіндіріледі. Мысалы, әлеуметтік желілер арқылы әрбір криминал көзді ашып-жұмғанша жұртшылықтың игілігіне айналып кетуі мүмкін. Бұрын смартфон, Интернет болмаған кезде ақпарат жабық болатын. Сонымен қатар, БАҚ және Интернетте қоғамның назарын аударатын жарияланымдар бойынша әрбір сигналға реакция жүруде.
Үшіншіден, қазіргі таңда пенитенциарлық жүйенің тәсілдері түбегейлі қайта қаралған. Тәуелсіздік алған сәтте колонияларда барлық республикалардан 100 мыңнан астам адам отырды. Сол кезде Қазақстан жан басына шаққанда ең көп қамалғандар саны бар әлемдік көшбасшылардың үштігінде болды. 1986 жылы қамауға алынғандар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 676 болса, қазір – 213 адам. 30 жыл ішінде бұл контингент 3 есеге азайды.
Соңғы сегіз жыл ішінде жүргізілген қылмыстық саясатты ізгілендіру нәтижесінде бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың саны жартысына жуық кеміді, тиісінше Қазақстанның түрме тұрғындарының әлемдік рейтингіндегі жайғасымы 3-орыннан (2000 жылы) 98-орынға (2019 жылғы 1 тамызға) ауысты.
Түрме тұрғындарының қысқаруына байланысты материалдық-тұрмыстық жағдайы нашар 12 мекеме таратылды.
Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар қолданылатын адамдардың пайыздық арақатынасы артты. Егер Тәуелсіздік таңында мұндайлар 10% болып, ал қалғандары колонияларға жіберілсе, ал қазір сотталғандардың 60%-ға жуығына пробациялық бақылау тағайындалады, ал 40%-ы бас бостандығынан айыру орындарына жіберіледі.
Төртіншіден, 2015 жылы Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің қолданысқа енгізілуіне байланысты, артықшылықтармен қатар, пысықтай түсуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер де пайда болды.
Бірінші артықшылық. Қылмыстық кодекс ізгілене түсті. Оның репрессивтілігі 30%-ға төмендеді. Бұрын ұры кәнігі қылмыскер болып табылса, тіпті ұсақ ұрлық үшін де бас бостандығынан айыруға үкім шығарылатын. Мұндай олқылықтар қазір жойылды. Баламалы жазалар беріле бастады. Адамдар қоғам мен отбасынан оқшауланбай түзелуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттің қорғауы күшейді. Экстремизм мен терроризм үшін жазалау күшейді, сепаратизм, әскери кикілжіңдерге қатысқаны үшін жауапкершілік енгізілді. Сыбайлас жемқорлар үшін мемлекеттік қызметте, ал педофилдерге балалармен жұмыс істеуге өмірлік тосқауыл қою күшіне енді. Бүгінгі күні химиялық кастрация туралы норма қабылданып, орындалуда.
Екінші артықшылық. Қылмыстық процесс барынша адамға бағыттала бастады. Тергеуге дейінгі тексерістің күші жойылды. Электронды қылмыстық іс енгізілді.
Бұрын іс қозғалғанға дейін ескі ҚІЖК жауап алуға, қарауға, алуға, сараптауға мүмкіндік берді. Адамдардың осы кезеңде ешқандай құқықтары болмады. Ал қазір қылмыстық іс дереу басталады, сол себепті адам процестің ең басында-ақ процессуалдық құқықтарын пайдалана алады. Мыңнан астам адамнан тек бір рет жауап алынған. Кейін оларды мазаламаған. Бұл балалардың психикасына зақым келтірмеу үшін маңызды. Қашықтықтан сауал алу енгізілді. Енді қатты қажеттілік болмаса, басқа қалалардан ешкімді алып кетпейді. Адамдарға да, бюджетке де ыңғайлы әрі тиімді.
Миранда қағидаты іске қосылды, яғни ұстау кезінде дереу құқықтары оқылады. Қамауға алынғандар азая түсті, кепілзат жиі қолданылады.
Үшінші артықшылық. Соттың бақылауы күшейді. Процессуалдық заңнаманы жаңарту сот құзыреттері мен соттардың қолжетімділігі аясын кеңейтуге ықпал етті, азаматтар үшін өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін шектеуді толығымен жоюға мүмкіндік берді. Сот тек қамауға алуға ғана емес, тінтуге, алуға, мүлікке тыйым салуға және т.б. санкция береді. Тергеу мен прокурордың кез келген іс-әрекетіне сотқа шағымдануға болады.
Төртінші артықшылық. Қылмыстық кодекс ымыраға келуді кеңейтті. Бүгін, егер тараптар келісімге келсе, ал әрекет ауыр емес және адам өлімі болмаса, онда істі тоқтатуға міндетті. Жәбірленушілер де, кінәлілер де разы. Соттар, прокурорлар мен тергеушілер көп уақытын күрделі істерге арнайды.
Қылмыстық заңда жаза тағайындау кезінде ізгілендіруге ықпал еткен жаңашылдықтардың бірі – қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы немесе сотталған арасында жасалатын «Процестік келісім» институты. Бұл институтты «сот төрелігімен мәміле» деп те атайды.
Бесінші артықшылық. Кінәні мойындауды енгізу. Аталған институттың мақсаты – қылмыстарды жедел және толық ашу, тергеу және сотқа дейінгі іс жүргізуді және істі қысқартылған тәртіппен сотта қарауды жүзеге асыру жолымен қылмыстық процестің өзге де міндеттерін жедел орындау. Келтірілген залал тез өтеліп, жаза жеңілдетіледі.
Алтыншы артықшылық. Елбасының бес институционалдық реформасын жетілдіру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау шеңберінде «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» енгізілді. Қай көшеде, қай үйде, қашан және қандай қылмыс жасалғандығын тікелей көруге болады. Кез келген қылмыс, оны тіркегеннен соң, 3-4 минуттан кейін Картада көрініс табады. Бұл тұрғындарға қолайлы, өйткені, үйге, жұмысқа, мектепке баратын қауіпсіз бағыттарды құруға болады. Ол кәсіпке де көмектеседі, себебі, қай ауданда қауіпті еместігі және жұмыс жасауға қолайлылығы көрініп тұрады. Картаның басты мақсаты – тұрғындарды құқық бұзушылықпен күресуге тарту және олардың өмірін барынша қауіпсіз ету.
Жетінші артықшылық. Ішкі істер органдары көрсететін қызметтердің дамуы біздің өмірімізді жайлы ете түсті. Мекенжай бойынша тіркелу қазір санаулы минутта жүзеге асады, ал жеке куәліктерді және төлқұжаттарды 1-3 күн аралығында алуға болады.
Басқаша айтқанда, қазіргі талаптарға сәйкес болу үшін, ішкі істер органдары жүйесі тұрақты дамуда. Сондай-ақ, өмір де бір орында тұрмайды, кеше тиімді көрінген жұмыс, бүгін ондай нәтиже әкелмеуі мүмкін. Бұл құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің құқықтық тетіктеріне де, сондай-ақ, оларды қолдану тәжірибесіне де қатысты.
Сондықтан Жол картасына сәйкес бекітілген ішкі істер органдарын жаңғыртудың басым бағыттарын белгілей отырып, аталған мәселелерді Елбасы ерекше назарда ұстайды.
Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде Президент Қ.К. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында екінші негізгі басымдық ретінде азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді белгіледі. Бұл саладағы өзекті міндеттердің бірі барлық құқық қорғау жүйесін толық реформалау болып қала береді.
Бұл ретте мемлекеттің күштік құралы ретінде көрінетін полицияның бейнесі жүре-бара ұмытылып, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта құру міндетін қойды.
Осылайша, күштік құрылымдарды, атап айтқанда, ІІМ-ін реформалау – қазіргі мәселелерді, әлемдік тәжірибені, қоғамның қалауы мен мемлекеттің мүмкіндігін жан-жақты талдауға негізделетін күрделі процесс. Бұл тұрғыда, негізгі күш, ең алдымен, құқық бұзушылықтың алдын алуды жандандыруға бағытталатын болады, ол бұған дейін де қылмысқа қарсы іс-қимылдың басты бағыты болып келді және солай болып қала береді.

Нұрлан БИЕКЕНОВ,
ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы
Қостанай Академиясының бастығы,
полиция полковнигі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*