Ұрының «олжасы»: 2 айда 15 велосипед

Жуырда Орал қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері «велосиедіміз ұрланды, темір шынжырмен байлап, бекітіп қойсақ та ағытып, сымдарын қиып алып кеткен» деп зар илеген азаматтардың, жасөспірім ұл-қыздары «велосипедімнен айырылдым» деп еңкілдеп жылаған ата-аналардың арыздарын қабылдады.
Ұрланған велосипедтерді іздеп, жедел-іздестіру шараларын қолға алған басқарманың жедел уәкілдері ұрлықтарға қатысы бар күдіктіні ұстап, басқармаға жеткізді. Бәйтерек ауданына қарасты Трекино ауылының 1997 жылы туған тұрғыны, еш жерде жұмыс істемейтін азамат екі ай ішінде Орал қаласы аумағында 15 велосипед ұрлаған. Оларды «Мерей» базарына жеткізіп, сауда үйі мен базар нарығындағы бағадан сәл төмендетіп сатып отырған.
Мысалы, биыл 25 тамызда сағат 08.00 мен 18.00 аралығында 5-шағын аудандағы №7 үй кіре-берісінен сары түсті «Акси» маркалы, құны 36 мың теңгені құрайтын велосипедті ұрлап, ізін жасырған.
Ал 31 тамызда сағат 11.00 шамасында 5-шағын аудандағы 30/2 үй кіре-берісінде тұрған көк түсті «Стелс» маркалы велосипедке отырып, лезде оқиға орнынан кетіп қалған. Бұл велосипедтің құны 35 мың теңгені құраған еді.
Тәртіп сақшыларының алдына келген 22 жастағы жігіт 15 велосипедті ұрлағанын өз аузымен баяндап айтып берді.
Орал қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ақылбек Елекешов ұрланған 15 велосипедтің жетеуінің өз иелеріне қайтарылып берілгенін, велосипед иелерінің қуанып, полицияға ризашылықтарын айтып кеткендерін жеткізді. Қалған жетеуін күдікті адам сатып үлгерген екен. Бүгінде велосипед ұрлығына қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөліміне сай қылмыстық іс тіркелді.
Сонымен қатар, жедел уәкілдер қаладағы бірнеше еңбек ұжымдары қызмет ететін мекемелерді бұзып кіріп немесе терезелерін сындырып ішке еніп, мекеме мен ұйымдарға тиесілі тұрмыстық техника құралдарын ұрлаған екі азаматты ұстады. Мысалы, олар 25 қыркүйекте кешкілік уақытта Аральская көшесіндегі бір ұйым ауласына еніп, осы ұйым орналасқан ғимараттың терезелерін ішке қарай итеріп ашу арқылы кіріп, «Самунг» маркалы қара түсті планшетті, «Айфон» маркалы ұялы телефонды, «Асер» ноутбугын ұрлаған. Бұл аз дегендей, сейфтің құлпын бұзып ашып, жер үй құжаттарын, мемлекеттік деңгейдегі медальдарды үптеген. Ұйым басшысына 600 мың теңгеге жуық материалдық шығын келтірілді.
Дәл осы күні түннің қою қараңғылығын бетке алып, таңертеңгі сағат 09.00-ге дейін бір ірі жиһаздар шығаратын салонның терезесіндегі рольставниді сындырып, пластик есікті ішке қарай итеріп ашқан. Қала орталығындағы бұл салоннан шкаф ішінде тұрған «Самсунг Галакси» ұялы телефонын, түрлі купюрадағы 2,5 миллион теңгеге жуық ақшаны ұрлаған.
Жедел-іздестіру шараларын дереу қолға алған криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері 1994 жылғы және 1998 жылғы 2 күдіктіні ұстап, ұрлық жасаған орындарынан бейнетаспа да алынды. Жиһаз салонынан ұрланған заттар біртіндеп қана тәркіленді.
Ұрлық жасаған екі күдікті Орал қаласы ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бүгінде 5 эпизодпен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Екі күдікті ұрлық жасағандарын мойындап, заңға қайшы әрекеттеріне өкінетіндіктерін айтуда. Олар заң алдында жауап беріп, жазасын алады.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*