Жыл басынан – 25 мың қоңырау

Петропавл полицейлері «102» пультіне 25 мыңнан астам қоңырау қабылдады.
«102» пульті орналасқан Жедел басқару орталығы қалалық полиция ведомствосының жұмысы үнемі қызу жүріп жататын бөлінісі. Таңғы сағат 8-де 7 адамнан тұратын ауысым жұмысқа кіріседі. Олар алдағы 24 сағатта полицияның жедел түрде шаралар қабылдауын қажет ететін қылмыстар мен оқиғалар бойынша 70-тен 100-ге дейін қоңырау қабылдайды.
«102» операторы қабылдайтын әр қоңырау бірден Күштер мен құралдарды басқару тобының инспекторына келіп түседі. Ол жақын маңдағы автопатрульдерді анықтап, оқиға орнына жібереді. Бұл жерге учаскелік полиция инспекторы, қажет болған жағдайда оқиға болған жерге жедел-тергеу тобы шақыртылады. Инспектор олардың жұмысын үйлестіреді.
…Сағат 16:00-ге дейін «102» нөміріне 146 қоңырау келіп түсті. Бірден бірнеше қоңырау бойынша шаралар қабылданады. «Алтын арман» базарында киім өлшеп жатқан бойжеткеннің бағасы 400 мың теңге тұратын iPad-ы жатқан пакеті жоғалып кеткен. Оқиға орнына Орталық базардағы «пикет» аталып кеткен полицияның жедел-іздестіру бөлімішесінің қызметкері жіберілді.
Ауруханалардың бірінен қоңырау келіп түсті. Жас жігіт шынының сынуынан көзін жарақаттап алыпты. Ақпарат учаскелік полиция инспекторына тапсырылды. Бұл жағдайдың криминалдық сипаты бар-жоғын тексеру қажет.
Горький көшесінен әйел адам хабарласып, үйдің кіре-берісінде ер адамның жатқанын хабарлап айтқан. Қаланың басқа ауданында жанжал орын алған… Сақшылардың күнделікті жұмысының сипаты осындай.
«Келіп түсетін қоңғыраулардың басым бөлігі отбасылық жанжалдар мен жол-көлік оқиғаларына байланысты, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Штаб бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бақытжан Әлбеков. – Жыл басынан сәйкесінше 1147 және 1544 хабарлама келіп түскен. Сондай-ақ, түнгі уақытта тыныштықты бұзу бойынша – 570, адамдардың із-түссіз жоғалуы бойынша 92 шақырту тіркелді. Жалпы жыл басынан кезекші инспекторлар 25 мыңнан астам қоңырауға қызмет көрсетті. Олардың 8078-не шұғыл түрде полицияның әрекет етуі қажет болды».
Жедел тексеру жүргізу нәтижесінде расталмаған хабарламалар да бар. Мәселен, Горький көшесінен хабарласқан әйел ащы суға тойып алған ер адамның бетіндегі балшықты қан деп ойлап, полиция шақырған. Орталық базардағы жағдай да сәтті аяқталды. Шақыртуға келген полиция қызметкері бойжеткеннің өз сөмкесін басқа бір бутикте қалдырып кеткенін анықтады. Кейін бойжеткен «102» нөміріне қайтадан хабарласып, алғысын айтты.
Сақшылардың атына тұрғындардан келіп түсетін алғыстар қызметті одан да нәтижелі атқаруға итермелейтіні сөзсіз.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*