Сотталған балалар саяхатқа шықты

Жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі 5 сотталған жасөспірім мекеме бастығының қаулысымен Алматы қаласының тарихи мұражайына, Ш. Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясына, «Медеу» мұз айдынына саяхаттап барды.
Қылмыстық атқару кодексінің 152-бабында, сотталғандардың қызметкерлердің еріп жүруімен мекемеменің шегінен тыс жердегі мәдени-ойын-сауық және спорттық іс-шараларға баруға құқығы бар. Іріктелген жазалы балалар мекемедегі әртүрлі мәдени іс-шараларға қатысып, спорттық ойындар кезінде белсенділік танытқандары үшін осындай көтермелеуге ие болды. Жасөспірімдер Алматы қаласының тарихымен және мультфильмдер түсірілімен танысып, жақсы әсер алды.
Аталған шараны ұйымдастыруға «Жартас Қазақстан» және «МАСП» қоғамдық қорлары атсалысты. Жасөспірімдер мекеменің қамқоршылар кеңесінің қолдауымен КFC ұжымы дайындаған мерекелік дастарханнан дәм татты.
«Бұл іс-шараның жазалы балалар үшін маңызы зор. Атап айтқанда, өздеріне деген осындай мейірім мен қамқорлықты сезінген жасөспірімдер мекеме ішіндегі заңдылықты сақтап, тезірек бостандыққа шығуға ұмтылады», – дейді мекеме бастығының тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет майоры Алма Бәзілбаева.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*