Ардагерлер өмірі – ұрпаққа үлгі

Облыстық Полиция департаментінде қарттарды қолдау бойынша іс-шаралар 1 қазанға дейін басталған болатын. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбекккерлері мен майдангерлердің жесірлері ерекше назарда.
Джура Кобелев 102 жаста. Өзінің жасына қарамастан ол полиция ведомствосынан басшылықтың келуіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Джура-аға парадтық киімі мен галстугын киіп, бұрынғы әріптестерінің есімдерін еске алды. Көптен күткен қонақтар да келді. Қарт майдангер Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевқа өмір жолынан сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. «Солтүстікқазақстандық полицияның жеке құрамының атынан бүгінгі ұрпаққа ашық аспан мен бейбіт өмір сыйлағаныңыз үшін Сізге алғысымды айтамын. Сіздің еңбек жолыңыз, өмір жолыңыз біз үшін Отанды сүюдің, табандылықтың үлгісі», – деді ведомство бастығы.
Өңірдің бас полицейі Никита Семенович Герасимовичке де барып, мерекемен құттықтады. Қызымен бірге тұрып жатқан ардагер департамент қызметкерлерін асыға күтеді. Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев жаяу әскер құрамында болған Григорий Иванович Красильниковті құттықтап, жағдайын біліп қайтты.
Майдангерлердің жесірлерлері де солтүстікқазақстандық полицейлердің назарында. Варига Әбілмәжінованың жолдасы соғыстан кейінгі жылдары Возвышен аудандық Ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған. Ол 36 жыл бұрын қайтыс болыпты. Сол уақыттан бері тәртіп сақшылары қарт әжейге қарайлап, оның жағдайын білу үшін келіп тұрады. 90 жастағы кейуана да қамқорлық үшін өзінің ризашылығын білдірді.
Марат Төлебаевтың айтуынша, облыстың ішкі істер органдарында екі мыңнан астам зейнеткер есепте тұр. Олардың 200-ден астамының жасы 70-тен асқан. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Полиция департаментінің ардагерлері қатарында отты жылдарды өз көзімен көрген 5 майдангер бар. Олардың барлығына мереке күні Полиция департаментінің басшылығы, Әйелдер кеңесі мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері барды.
Бұдан бөлек, төрт майдангердің жесірлері мен 28 тыл еңбеккері сақшылардың қамқорлығында. Оларға да материалдық көмек көрсетілді. Қарттарды қолдау айлығы шеңберінде концерт, мерекелік ас сияқты басқа да іс-шаралар жоспарланды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қайырымдылық сенбілігін өткізді. Полиция қызметкерлерінің бір күндік жалақысы – 7 миллион теңгеден астам қаражат Ардагерлер кеңесінің қорына аударылды.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*