Білім саласындағы ынтымақтастық

Өткен аптада Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі Алексей Калайчиди халықаралық сарапшы, Хорватия Республикасы Ішкі істер министрінің арнайы кеңесшісі Филипп Драговичпен кездесті.
Халықаралық сарапшы Қазақстанға сапарынан алған әсерімен бөлісті. «Бірінші кезекте, құрметті вице-министр мырза, сізге және сіздің қызметкерлеріңізге осы миссияға қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Осы орайда сапарлар жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткім келеді. Сапар барысында Көкшетауға, Қарағанды Академиясына бардым, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімімен кездесу мүмкіндігі туды.
Әрине, Қарағандыда Академиясының қызметіне терең талдау жасау мүмкін болмады, бірақ онда офицерлік құрамды оқыту жоғары деңгейде жүріп жатқанын өз көзіммен көрдім. Полиция офицерлері арасында тәжірибе алмасу аса маңызды спектр болып табылады. Сервистік полиция тұжырымдамасына келсек, ашықтық, жариялылық мәселелерін жақсы пысықтау керек», – деді Филипп Драгович.
Ол, сондай-ақ, қазақстандық полицияны реформалау сәтті жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Жол картасын жүзеге асыру барысында сәтті жобалар дүниеге келіп жатқанын мәлімдеді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди мейманның ұсыныстарын қабылдауға дайын екенін жеткізді.
«Сіздің бірқатар ұсынысыңыз қызығушылығымызды тудырды. Соның ішінде, бізге қызметкерлерді, сонымен қатар, профессор-оқытушылар құрамын сіз айтқан бағыттар бойынша оқыту қызық болып отыр. Мүмкіндік болса, мықты жаттықтырушыларды Академияға жіберуді қарастырсаңыздар. Біз пікір алмасуға және реформалаудың әлемдік тәжірибесімен танысуға мүмкіндік беретін осындай кездесулер үшін қуаныштымыз. Ынтымақтастығымызды әрі қарай осы қарқында жалғастырайық», – деді Алексей Калайчиди.
Екі тарап ортақ жұмыстың жоспарын жасау үшін тағы да кездесу ұйымдастыру керек деген келісімге келді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Сурет Жандос КОКУМБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*