Төтенше жағдайларға қарсы тәжірибе

Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтында 26-27 қыркүйекте «Өрт қауіпсіздігінің өзекті мәселелері, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою» атты Х-шы Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шараға Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қазақстан Республикаларының ғалымдары, сонымен қоса, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің жергілікті және құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері белсенді қатысты.
Конференцияның ашылу рәсімі мен пленарлық отырысы Ш. Құсайынов атындағы Қазақ драма театрында өтіп, онда өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою саласындағы маңызды ғылыми мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалды.
Институт бастығы, техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Сырым Шәріпханов сөз сөйлеп, оның ғылыми жұмысы бойынша орынбасары, ф-м.ғ.к., қауымдастырылған профессор К. Раимбеков институттың ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру шараларымен таныстырды.
Конференцияда Беларусь Республикасы ТЖМ Азаматтық қорғау университетінің Гомель филиалы «Жедел-тактикалық қызмет және техника» кафедрасының бастығы Владимир Копытков «Өрт сорғысы» тренажерын қолдану туралы»; Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты жалпы білім беретін пәндер кафедрасының бастығы Дүйсембек Елжанов «Мамандардың дүниетанымы мен құрылымдық-логикалық ойлауын қалыптастыру мәселелері» тақырыптарында баяндама оқыды.
Конференцияға қатысушылардың ең үлкен қызығушылығын тудырған – Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықовтың «Азаматтық қорғаудың контейнер типіндегі мобильді баспанасы. Халықты, санаттағы нысандар мен басқару органдарының персоналын инженерлік қорғау проблемаларын шешудің жолдары мен тәсілдері» атты баяндамасы.
27 қыркүйекте институт қабырғасында секциялық отырыстар өтіп, мұнда шетелден келген конференция қонақтарының, Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті аймақты бөлімшелірінің және институттың профессор-оқытушылық құрамының баяндамалары тыңдалды.
Шара соңында оның практикалық маңыздылығы атап өтіліп, азаматтық қорғау саласында жоғары білікті мамандарды дайындаудың, жоғары оқу орындарының арасындағы ғылыми зерттеулердің болашақ жоспарларын дамыту мәселелері талқыланды.

ІІМ ТЖК КТИ Ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспа
жұмысын ұйымдастыру бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*