Қырағылық – тәртіп сақшысына тән қасиет

Орал қаласында тәртіп сақшысы бойжеткенді ажалдан арашалап қалды. Жас қыз көпірден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған. Абырой болғанда, көпірдің қасынан жеке көлігімен өтіп бара жатырған полиция қызметкері қырағылығы мен шапшаңдығының арқасында бойжеткеннің ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
2019 жылғы 13 қыркүйек күні түскі уақытта Орал қаласының Полиция басқармасы айдауылдау қызметі взводының бөлімше командирі, полиция старшинасы С. Балданов өзінің жеке автокөлігімен Орал қаласындағы «Динамо» спорт базасының қасындағы көпірден өтіп бара жатқан кезде сыртқы киімін шешіп, көпірден секірейін деп тұрған 20-25 жас шамасындағы бейтаныс қазақ қызын көреді. Көпірдің тұсынан өте беріп, айнадан қараған кезде қыздың көрінбей қалғанын байқайды. Сол сәтте ойында оны құтқарудан басқа ешнәрсе болмаған тәртіп сақшысы автокөлігін шұғыл тоқтатып, әр секундтың қыз өмірі үшін қымбат екенін түсініп, көп ойланбастан құтқару үшін көпірге қарай жүгіреді. Жүгіріп келіп қараса, қыз көпірдің екінші жағына шығып, төменгі тұсындағы шығыңқы темірге отырып, аяғын салбыратып, қолымен көпірдің темір қоршауынан ұстап, өмірімен қоштасуға дайын отыр екен. Көпірден секіргелі тұрған қызды сөзге тартып, райынан қайтарғысы келіп, оның қолынан ұстаған кезде, қыз көпірден секіріп үлгереді. Алайда, полиция старшинасы С. Балданов қыздың сол қолынан қатты ұстап алып, айналасындағылардан айқайлап көмек сұрайды. Көмекке келген адам екеуі қызды тартып шығарып алып, полиция қызметін және жедел жәрдем шақыртады.
Кейін көпірден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған азаматшаның 1988 жылы туған Орал қаласының тұрғыны екені анықталды. Тұрмыстың тауқыметіне төзе алмаған жас қыз өмірімен осылайша есеп айырыспақ болған екен.
Артынан ажал аузынан аман қалған қыздың жүкті екені және эпилепсия ауруымен ауыратыны белгілі болды. Жедел жәрдем келгенше тәртіп сақшысы оны әңгімеге тартып, ақылын айтып отырған сәтте, қыздың талықсып бара жатқанын көреді. Қолға ұстар нәрсенің жоғына қарамастан, көмек келгенше саусағын аузына салып, барынша алғашқы көмегін көрсетеді.
Артынша облыстық ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта құтқарылған азаматшаның жай-күйі бір қалыпты екені анықталды.
Осыған ұқсас жағдай қыркүйектің 18-і күні де орын алды. Құрамында Орал қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары, полиция лейтенанты Серік Сырымов және полиция кіші лейтенанты Нұрхат Сиполла болған №885 жаяу патруль жасағы аулалар мен көшелелерді тексеру кезінде көпқабатты үйдің 8-ші қабатында балконнан аяғын төменге салбыратып отырған жасөспірімді көреді. Мұны көрген полиция жасағы дереу сол пәтерге жетіп келеді. Сөйтсе, баласының қайда екенінен бейхабар ана сол сәтте ғана баласының балконда отырып, қауіпті жағдайда «селфиге», өз-өзін фотосуретке түсіріп отырғанын біледі. Тәртіп сақшылары ана мен балаға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде азаматтық және қызметтік міндетін адал атқарып, кәсіби шеберлік пен қырағылық танытқаны үшін Орал қаласы ПБ айдауылдау қызметі взводының бөлімше командирі, полиция старшинасы Самат Сағидоллаұлы Балданов және Орал қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары, полиция лейтенанты Серік Қазыұлы Сырымов және полиция кіші лейтенанты Нұрхат Сұңғатұлы Сиполла департамент басшылығы тарапынан марапатталды.

Асылай ҒҰБАШЕВА, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*