Әнші, боксшы Ибрагим ЕСКЕНДІР: «Тәртіпті айтқанда Бауыржан атамыздың сөзі есіме түседі»

Қазақтың рухын көтеретін көптеген патриоттық әндерді нақышына келтіріп орындап жүрген әншілердің бірі – Ибрагим Ескендір. Ол тек әнші ғана емес, сонымен қатар, қазақтың көк туын желбіретіп жүрген кәсіпқой боксшы. Ұлттың болмысы мен рухын, намысын ояту мақсатында бірнеше ән жазған жас сазгер.
Орайы келген бұл сұхбатымызда өнер, спорт және полиция қызметі әңгіме арқауына айналды.

Ибрагим, өнерді ауыр жол деп айтып жатады. Бұл жолға қашан, қандай себеппен келдің?
– Өнер деген «әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен» ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын киелі дарын десем қателеспеймін. Менің ата-бабаларым да әншілік өнерден кенде болмаған. Әкем Әшім Ескендір өте дарынды әнші, домбырашы, сырнайшы болған. Менің сахна төрінде көк туымызды желбіретіп, қазақтың аманатын арқалап, елдің намысы, рухы деп жырлап жүргенім – ең бірінші әкемнің тәрбиесі, аманаты. Сонымен қатар, әкемнің салып берген сара жолы деп білемін.
«Ән айтсаң, жылтыр өлеңдерге құмар болма, Бекболат ағаң секілді халықтың намысын, рухын көтеретін, елге тәлім-тәрбие беретін, елді жақсылыққа шақыратын әндерді орында» деп әкем үнемі айтып отыратын. Міне, әкемнің берген тәрбиесінің арқасында Бекболат ағамызға шәкірт болып, азды-көпті қазақ өнеріне үлесімді қосып келемін. Олай дейтінім, «Қазақты көргім келеді», «Көк тудың желбірегені», «Аманат», «Сабыр, халқым», «Қазақтың қайсар барысы» сынды патриоттық бағыттағы әндерді шырқап, ағаларымыздың жолын жалғап келемін.
Тағы бір көңіл көншітетін жайт, біздің ізімізді інілеріміз жалғап келеді. Сондай-ақ, елордамызда орналасқан 80 пайыз қазақ мектебінің үзіліс қоңырауы «Көк тудың желбірегені» әнімен соғылады. Әр қоңырау сайын жастарымыз қазақтың туының ерекшелігін естіп өсетін болса, онда олар нағыз патриот, намысшыл, тәрбиелі азамат болады деген сенімдемін.
Бүгінде жаһандану дәуірінде елімізге әртүрлі елдің мәдениеті кіріп жатыр. Батыстың, корей, түрік және де өзге мемлекеттің адамдары келіп, өздерінің діні мен мәдениетін таратуда. Жастарымыздың өзге ұлттың діні мен мәдениетінің жетегінде кетпеуін қадағалау – біздің мақсатымыз.
Өзіңіз дін мен мәдениет жайында сөз қозғаған кезде осы саланы зерттеген маман ретінде түсіндіреді екенсің. Әлде бұл тақырып өзіңе ұнайды ма?
– Мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша 3-курс докторантурасында білім алып жүрмін. «Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалу» тақырыбы бойынша диссертациялық зерттеу жұмысын жазып жүрмін. Осы бойынша қазақ халқының мәдениетін сақтап, жастардың санасына сіңіру үшін еңбек етіп келемін.
Спортшы ретінде қазақ боксының бүгінгі ахуалына қандай баға бересің?
– Қазіргі таңда еліміздің боксы қарқынды дамып келеді. Қазақтың мықты жігіттері шетелдің «менмін» деген боксшысын жеңуде. Ресейде жуырда ғана өткен бокстан әлем біріншілігінде алты боксшымыз жүлделі орындарға ілініп, медаль саны бойынша 1-орыннан көрінді.
Кәсіпқой бокс та қарқынды дамып келеді. Атап айтар болсақ, кәсіпқой бокстың көшін алғаш Василий Жиров бастап, оның ізін Бейбіт Шүменов, Геннадий Головкин, Қанат Ислам сынды қазақ жігіттері жалғап келеді. Кәсіпқой бокста да әлемді бағындырамыз деген ойдамын.
Өнерде де, спортта да бәсекелестік орын алып жатады. Осы «бәсекелестік» біздің көтеріліп, шарықтауымызға кедергі келтірмей ме?
– Шынымды айтсам, бәсеке бар жерде өрлеу, өсуге жол ашылады деп ойлаймын. Қазақта «Жігіттің өзімен талассаң – талас, бағымен таласпа» деген жақсы нақыл сөз бар. Қандай өнер саласын, спортты алып қарасаңыз, бәсекелестік жүріп жатады. Сын мен бәсеке жүрген жерде адам өседі. Бірақ, бәсекелестікке салынып, бір-бірінің аяғынан шалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Адам бір-бірімен бәсекелесі арқылы өсуге ұмтылу керек.
«Көк тудың желбірегені» әнін нақышына келтіріп орындап, халықтың көңіліне жол тартқан әнші ретінде танылдың. Сенің бағыңды ашқан осы ән бе, әлде басқа ма?
– Мен әнді бала кезімнен бастап орындадым. Бұған дейін де көптеген әндерім жарық көрді. Әрине, халыққа кеңінен танылуыма себепкер болған әннің бірі – осы «Көк тудың желбірегені». Бұл әннің мені жұртқа жарқ еткізгені бекер емес деп ойлаймын. Себебі, сонау жаугершілік замандардан ата-бабамыздың аңсағаны, Тәңірден тілегені Тәуелсіздік емес пе?! Туымыздың көкте желбірегені емес пе?! Сондықтан байрақ, егемендік туралы әннің жұрттың жүрегінен орын алуы заңдылық деп есептеймін.
Қазіргі таңда патриоттық әндерді жазатын ақындардың да саны азайып бара жатқан секілді. Себебі, әншілердің басым бөлігі тойда айтылатын жеңіл әндерге әуес. Әннің сөзі мен музыкасын таңдауда қиындық туындамай ма?
– Бізде патриоттық, халықтың рухын асқақтататын әндерді жазатын ақын-композиторларымыз көп. Сонымен қатар, орындап жүрген туындыларымның сексен пайызының әнін өзім жазамын. Ал сөздерін Серік Сейтман, Бауыржан Шермиденұлы, Сырым Әуесхан, Жандарбек Бұлғақов, Саян Ермекұлы сынды айтыскер ақын бауырларым жазып жүр. Сонымен қатар, біздің талантты және жас ақындарымыз өздерінің өлеңдерін жіберіп жатады. Менің репертуарыма келетін өлеңдерді таңдап аламын. Көңіліме ұнаған өлеңге ән де жазамын. Себебі, шаршы алаң жігіттің бойына намыс, рух береді. Осындай көңіл күйде үйге барып шабыттанып жаңа ән жазып тастайтын кездерім де болады.
Қазіргі тағда жалпы репертуарымда отыздан аса әнім бар. Бұл әндердің көпшілігі қазақ халқының намысын оятып, рухын көтеріп, жігіттерге жігер беретін туындылар. Соңғы кездері көптеген әндерім дүниеге келді. Спортта жүргеннен кейін, шет мемлекетке жиі шығасың, елді сағынасың, сондай-ақ, елімізде орын алған келеңсіз мәселелерді жаңалықтардан қарап, көңілім құлазыған кезде ән өзінен-өзі туындай бастайды.
Өзің орындайтын қанша әнге бейнебаян түсірдің?
– Қазақтың рухын көтеретін үш әніме бейнебаян түсірдім. «Аманат», «Көк тудың желбірегені», «Қазақты көргім келеді» деген әндерімнің бейнебаяндарын тыңдарман жақсы қабылдады.
Сақшылардың қызметіне деген пікіріңді білдіре кетсең?
– Кез келген адамның басына іс түссе, өміріне қауіп төнсе, ең алдымен, кімге жүгінеді? Ел қорғаны – сақшыға. Кімнен жәрдем сұрайды? Полициядан. Еліміздің тыныштығын қорғауда қаншама арыстарымыз қаза тапты. Осының бәрі кім үшін? Қоғам мен халық үшін. Менің полицейлерге деген құрметім шексіз. Полицейлердің еңбегі орасан зор. Оны біз мойындауымыз әрі бағалауымыз керек. Әрине, олардың сыртынан бақылап отырған адамға сенген сақшымыз ананы жасамады, мына жұмысын дұрыс атқармады не болмаса, ұрының артынан қумады немесе оны іздемеді деп тон пішу оңай. Қарапайым қызметкерлер секілді олар таңғы 9-да келіп, кешкі 6-да үйіне қайту дегенді білмейді. Себебі, олар еліміздің тыныштығын қорғау мақсатында 24 сағат бойы тынбай еңбек етеді. Біздің бейбіт өмір сүріп жүргеніміз де осы полиция қызметкерлерінің арқасы.
Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Тәртіп жайында сөз қозғаған кезде, Бауыржан атамыздың осы сөзі есіме түседі. Тәртіп бар жерде, тыныштық та, ауызбіршілік те болады.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ,
суретті түсірген Ғабит СӘКЕНҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*