Ардагерлердің алқалы жиыны

Кеше ІІМ-де «Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 9-кезекті есептік сайлау конференциясы өтті.
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековтің төрағалығымен өткен конференцияға Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев қатысып, Қариялар күніне орай ішкі істер органдарына еңбегі сіңген бірқатар ардагерді марапаттады.
Конференцияға бас-аяғы іріктеп алынған 72 делегат қатысты. Шараға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, министрдің орынбасары, полиция полковнигі Алексей Калайчиди, министрліктің комитет, департамент басшылары жетекшілік етті.
Конференцияны ашқан Ерлан Заманбекұлы ардагерлерге ақжарма тілегін білдіріп, алғысын айтты. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру барысында ІІМ-де бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі күні көптеген мәселе шешімін табуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полиция мейлінше ашық, халыққа жақын болу керектігін қадап айтқан болатын. Осы бойынша бірталай жұмыстар атқарылды. 239 фронт-кеңсе аштық. Жыл соңына дейін 250 фронт-кеңсе ашу жоспарланып отыр.
Осы орайда ардагерлердің де еңбегін айтпай кетуге болмас. Ардагерлер көп жұмыс атқарып жатыр. Шыны керек, ардагерлердің көмегі ауадай қажет. Өйткені, қызметке келіп жатқан жас мамандар үшін олардың берер ақылы мен тәлім-тәжірибесі маңызды», – дей келе министр қызметке қатысты бірқатар мәселені ортақ талқылауға тастады. Оның айтуынша, бүгінде полиция қызметкерлерін ішкі істер органдарына жаппай қабылдау жүріп жатыр. Ведомство басшысы ішкі істер органдарына кәсіби мамандарды іріктеуде, жас мамандармен идеологиялық жұмыстарды жүргізуде ардагерлердің көмегі маңызды екенін айтты.
«Кадрдарды іріктеу және даярлау жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырап отыр. Мемлекет бакалавриатқа, яғни ведомстволық оқу орындары мен институт, академияларда мамандарды даярлау ісіне көп қаражат жұмсайды. Қаражатты айтпағанда, бакалавриатқа төрт жыл жоғалтамыз. Бұл мақсатқа бөлінетін бюджет қайта қаралып, бакалавриат бағдарламасын тек қана Қарағанды Академиясында қалдыратын болып шештік. Оның үстіне, Қазақстанда жоғарғы тергеу мектебі жоқ екен», – деді Ерлан Заманбекұлы.
Оның сөзіне қарағанда, заңгерлік жоғары оқу орындарының базасында кәсібилікті арттыру бойынша арнайы курстар ұйымдастырылмақ. Яғни, жоғары оқу орындарының түлектерін қызметке қабылдап, олар таңдаған мамандықтарына қарай 3-6 айлық бастапқы оқу курстарына жіберіліп отыратын болады. Осының есебінен әр академия жылына 4, ал 4 жылда 16 шығарылым шығаратын болады.
Конференцияда министр қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуы мәселесін де қозғады. «Мен екі рет Президенттің алдына барып, ІІО қызметкерлеріне көрсетілер әлеуметтік жеңілдіктер мәселесін көтердім. Полиция қызметкерлері барлық әлеуметтік жеңілдіктерден қағылған болатын. Елбасының қолдауымен осы жылы 1 шілдеде полиция қызметкерлерінің жалақысы 20-дан 65 пайызға дейін өсті. Ең жоғары жалақыны Патрульдік полиция қызметкерлеріне тағайындадық. Халықтың сынына көп ұшырайтын олар осыған дейін 100 мың теңге жалақыға жұмыс істеп келді. Атқаратын жұмыстарының ауырлығын ескере отырып, жалақыларын 65 пайызға көтеріп, тұрғын үй бойынша өтемақы енгіздік», – деді министр.
Конференцияның ресми бөлігінен кейін министр Қариялар күніне орай ІІО-дағы көпжылдық және адал қызметі, жас қызметкерлерді тәрбиелеуге белсенді қатысқаны үшін «Еңбек ардагері» медалімен бірқатар ардагерді марапаттады. Ардагерлер өз кезегінде министрге конференцияға қатысып, еңбектерін елеп-ескергені үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Суретті түсірген Жандос КОКУМБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*