Күрең беретке – 47 үміткер

Павлодарда Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлінісі әскери қызметшілерінің күрең берет кию мәртебесі және «Бүркіт» кеуде белгісін тағуға қол жеткізу үшін квалификациялық сынағы басталды.
Биыл күрең берет киюге 47 үміткер еліміздің барлық өңірінен өз бөліністерінде іріктеліп келіп, квалификациялық сынақ тапсыруға ынта танытты. Жылда өтетін сынақ бұл жолы қазіргі заманның нақты қауіп-қатерін ескере отырып жаңа форматта өтуде.
– Квалификациялық сынақ өткізуге жергілікті аймақтың жазық және белесті, әрі табиғи су қоймасы бар жерлері таңдалған. Нормативтерді тапсыру Павлодар облысының күрт құбылмалы әрі қатал климаттық ауа райына сай, ұрыстық жағдайда өтуде, – дейді Ұлттық ұлан Арнайы операциялар орталығының бастығы, полковник Евгений Родиков.
Жалпы квалификациялық сынақ екі кезеңнен тұрады: біріншісінде үміткерлер негізгі оқу пәндері бойынша теориялық білімдерін тестілеу арқылы сынап, атыс даярлығында түрлі қашықтықта, шектеулі уақыт ішінде оқ атып, мергендіктерін көрсетуде.
Бұл жаттығуды орындау барысында барлық оқ нысанаға тиіп, сонымен қатар, белгілі мөлшерде ұпай жинауы тиіс. Ату даярлығы бойынша топтық жаттығуды орындау барысында үміткерлер 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтеді. Дене дайындығын көрсету үшін орындықта көлденең жатып, зілтемір көтеру сынды күшке салмақ түсетін жаңа тапсырмаларды орындайды.
Сынақтың ақтық кезеңі 28 қыркүйек күні Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің оқу-жаттығу алаңында өтпек. Мұндағы ең тартысты көрініс – үміткерлердің күрең берет иелерімен жекпе-жекке шығуы болмақ. Тоғыз минутқа созылатын ұрыста шыдап, аяқта тұрып қалатындары күрең беретке ие болмақ.

Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*