Қырағы қызметкер

Ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалаудағы басты күш – құқық қорғау органдарында. Соның ішінде тәртіп сақшыларының еңбегі айтарлықтай.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының аға инспекторы Нұркен Дайрабаев жұмысына жауапкершілікпен қарайды.
Еңбек жолын 2009 жылы тамыз айында Қостанай өңірінде Мемлекеттік күзет қызметі басқармасында бастаған. Жұмысына тиянақты әрі өзіне жүктелген тапсырманы уақытында орындаған ол көп ұзамай Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының бейне-бақылау инспекторы болып жұмысқа ауысқан.
Жедел басқару орталығында үлкен қаланың әр түкпірінде, аулада, көше қиылысында және қоғамдық орындарда болып жатқан тыныс-тіршілік көз алдында. Бірнеше минут ішінде түрлі оқиғалар тіркелуде.
Нұркен Дайрабаев жұмысы жайында ой бөлісті: «Бейнебақылау орталығының жұмысы қызық әрі тәулік бойына қырағы болуды талап етеді. Бүгінде қалада орнатылған бейнебақылау камераларының саны 200-ден асты. Әртүрлі қылмыстың, соның ішінде көшедегі, қала ортасындағы ойын-сауық орталықтарында орын алатын бұзақылық, көлік апаттары бойынша бақылауды күшейтіп, 24 сағат бойына мұқият болып, қажет кезде полиция жасағына хабарлау – біздің міндетіміз».
Мәселен, 16 қыркүйек түнгі сағат 00:55-те қаладағы «Магнит» кафесінде 41 жастағы ер азаматтың 31 жастағы әйел адамды ұрғанын бейнебақылау камерасынан көрген Нұркен дереу полиция жасақтарына хабарлап, тез жетуін сұраған.
«Аталған оқиғаға байланысты айтарым – ойын-сауық орталығынан шыққан адамдар, әсіресе, жастар қызбалыққа салынып, тәртіпсіздікке, бұзақылық фактісіне жол береді. Соның салдарына жауапсыздықпен қарайды», – дейді аға инспектор.
Соңғы кездері бейнекамералардың заманауи жабдықталуына орай күндізгі ғана емес, жарықтандырылмаған орындарда түнгі мезгілдерде көрсету мүмкіндіктері де бар.
Қауырт жұмыстың ортасында жүріп, алға қойған мақсаты да бар екенін жасырмады. «Арманым – өзге дамыған шетел немесе басқа да озық мемлекеттің құқық қорғау органдарының арасында өзі жұмыс атқаратын салада тәжірибе алмасу», – дейді Нұркен Бержанұлы.
«Мен тәртіп сақшысы ретінде өз жұмысымды мақтан етемін. Бұл жерде жігерлі де қайратты, кішіпейіл, ілтипатты жақсы азаматтар еңбек етеді. Біз өзімізден кейінгі жастарға білгенімізді үйретіп, тәлімгерлік те көрсетуге ұмтыламыз. Жастар полиция қатарына көбірек келсе деп ойлаймын», – дейді полиция капитаны Нұркен Біржанұлы.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*