Жансая СӘДУАҚАСОВА: Бала құқығы – басты құндылықтардың бірі

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Жансая Сәдуақасова Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының «№14 мектеп-гимназиясы» ММ-де Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Полиция аға лейтенанты Қазтұтыну одағының Қарағандыдағы Экономикалық университеті мен «Фемида» заң академиясын тәмамдаған.
Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің Алғыс хатымен, Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының сертификатымен, Дарындылықты дамыту және психологиялық қолдау орталығының «Балалар мен жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқымен жұмыс істеу ерекшеліктері және қауіпсіз орта негіздері» атты сертификатымен марапатталған жас маманның қызметі көпке үлгі.

Жансая Қуанышқызы, мектеп инспекторы болып қашаннан бері жұмыс істеп келесіз?
– Бұл салада жұмыс істегеніме екі жыл толады. Негізі, мектеп инспекторлары қызметі пайда болғанына соншалықты көп жылдар өте қоймаса да, бұл тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келеді. Біздің басты міндетіміз – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, оларды бұралаң жолдың қалтарысынан да қорғау болып табылады.
Яғни қоғамдық тәртіп туралы жұмыстарды кеңінен жүргізесіздер ғой?
– Иә. Менің қарамағымдағы астаналық №14 мектеп-гимназияда үш мың оқушы білім алуда. Олар мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ біздің көмегіміз арқылы қоғамдық тәртіптің негіздерін түсіне бастайды. Бастауыш сынып оқушылары үшін жолда жүру ережелерін білу – жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оны үйрету біздің міндетімізге кіреді. Ал ата-аналармен сөйлесу арқылы бала өміріне қатысты күнделікті жағдайды қадағалап отырамыз.
Бала тәрбиесіне сіздердің қосатын үлестеріңіз туралы да айтып өтсеңіз?
– Егер де мектеп оқушысының өз үйінен жиі кетіп қалатыны анықталса, осыған сәйкес оның оқу үлгерімі де нашарлайды деген сөз. Біз мұндай жағдайда ата-анасының рұқсатымен баламен сөйлесу жұмыстарын жүргіземіз. Ондай оқушының көбіне мінез-құлқының өзгеруіне отбасындағы жағдайлар әсер етеді. Мәселен, баланың отбасындағы шамадан тыс жауапкершіліктер – өзінен кіші бауырларына қарау, кішкентайларды балабақшаға апару, алып келу сияқты тағы да басқа мәселелер оқушының болашағына кері әсер етері сөзсіз. Бүгін толыққанды білім алмаған бала – ертең қалай дамымақ?
Сондықтан да қалыптасып келе жатқан жасөс¬пірім¬ді қоғамның толыққанды азаматы етіп тәрбиелеуде ата-анасы мен ұстаздарының, сондай-ақ, мектеп инспекторларының да үлкен үлесі барын өз қызметімізбен дәлелдеп келеміз. Сонымен бірге, біздің мектепте ішкі және сыртқы камералар бар, осы арқылы балалар тәртібін және оларды кім алып келіп, кімдердің алып кететінін де қадағалай аламыз.
– Инспектор жұмысы тек осымен ғана шектеле ме, әлде…
– Мектеп инспекторы тәрбие жұмысы, мектептің әлеуметтік-психологиялық қызметі бойынша меңгерушілерімен тығыз байланыста. Мектеп инспекторы құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға да үнемі белсенді қатысады.
– Енді бала құқығы туралы ойларыңызды білсек.
– Бала құқығын қорғау – тәуелсіз еліміздің басты құндылықтарының бірі. Жас ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарын пайдалана біліп, қатыгездіктен өмірлерінің сақталуы жолында аянбай еңбек ету – біздің басты парызымыз. Сондықтан да жаһандану үрдісі басым болып, батыстық өркениетке еніп келе жатқан қазіргі кезеңде жас жеткіншектерді жаңа заман талабына сай озық ұлттық дәстүр рухы негізінде тәрбиелеп, игі нәтижелерге жету жолында аянбай еңбек ету керекпіз.
Оқушыларға «Жасы кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі» тақырыбында және түн ішінде заңды өкілсіз жүрмеу жөнінде дәріс оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сабақтан себепсіз қалған оқушылардың үйіне барып, түсіндіру жұмыстарын да қолға аламыз. Бір сөзбен айтқанда, оқушының жағдайы мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшісінің ғана емес, мектеп инспекторының да бақылауында.
Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, тағы басқа іс-шаралар алдағы уақытта жыл бойы жалғаса бермек.
Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*