Академияға – 50 жыл

Ішкі істер министрлігіне қарасты Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына биыл 50 жыл толды. 21 қыркүйекте мерейтой күнін мерекелеу аясында Академия базасында бірқатар салтанатты іс-шаралар өтті.
Жоғарғы оқу орнының даңқты, дәстүрге бай тарихы бар: ол 1969 жылы құрылды. Академияның негізін қалаушы және бірінші бастығы Ұлы Отан соғысына қатысушы, құқық профессоры, әділет генерал-майоры Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсенов болды.
Бүгінде 50 жылдық тәжірибесін пайдалана отырып, ІІМ ең ауқымды реформалар мен ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасын орындау шеңберінде Академия «Бакалавриат», «Магистратура» және «Докторантура» бағдарламалары бойынша «жаңа форматтағы» полицейлерді дайындайды. Сондай-ақ, Үкімет Қаулысына сәйкес, Қарағанды Академиясының базасында құқық қорғау жүйесінің қызметкерлерін 6 айлық оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Жарты ғасыр ішінде білім беру мекемесінің қабырғасынан тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, көршілес елдерде құқық қорғау қызметінің түрлі салаларының 20 мыңнан астам білікті мамандары оқып шықты.
Қарағанды академиясының 50 жылдығына, сондай-ақ, Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» жәдігерінің 50 жылдығына орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының қолдау көрсетуімен тұңғыш рет Академияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала: ұрпақ жалғастығы» атты Алтын Адам көрмесін Ұлттық мұражай директорының орынбасары Абай Сатыбалдин ресми түрде ашты.
Шақырылған қонақтар мен жеке құрам Б. Бейсеновтің мемориалына гүл шоқтарын қойып, еске алды. 1-курс курсанттарының салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Алғаш рет курсанттардан антты КСРО ІІМ Қарағанды жоғары милиция мектебінің генерал-түлектері қабылдады және бұл күн курсанттардың жадында мәңгі қалатыны айқын.
Курсанттардың өміріндегі маңызды оқиғамен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Қожаев және Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков құттықтады.
«Бүгін бірінші курс студенттерінің өміріндегі айтулы күн. Ішкі істер органдарының қатарына кіре отырып, сіздер халыққа адал болуға және Отанға қызмет етуге ант бересіздер. Өз қызметтік парызыңызды адал атқаруға, осы антқа адал болуға міндеттенесіздер. Барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, мансаптық өсуді және барлық бастамаларда табыс тілеймін», – деді Марат Қожаев.
Салтанатты іс-шара барысында қонақтарға Академия курсанттарының, Қарағанды облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің және парашютшілердің көрнекі өнерлері көрсетілді. Соңында Академияның жеке құрамы мереке қонақтарына әскери сәлемдесіп, салтанатты маршпен өтті.
Жоғарғы оқу орнының мерейтойына орай салтанатты түрде генералдар мен ғылым докторларының фотосуреттері орналасқан «Түлектер аллеясы» ашылды.

Қарағанды Академиясының
баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*