Көшпелі отырыс өтті

Ішкі істер министрлігінде Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті. Шараға Бас прокуратура, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан комитет төрағасы Владимир Волков Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыру міндетін Ішкі істер министрлігінің алдына қойғандығын атап өтті. Одан басқа, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында елімізде құқық тәртібін одан әрі нығайту қажеттігін, сондай-ақ, ішкі істер органдарын реформалау өзектілігіне және тұрғындармен кері байланыс жасаудың тиімділігіне назар аударды.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баяндамасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлыққа қатысты заңнаманы іске асырудың өзекті мәселелеріне және аймақтарда қылмысты азайту бойынша тәртіп сақшылары тарапынан қолданылып отырған шараларға тоқталды. Бірінші кезекте Парламент Сенатының депутаттарына Ішкі істер министрлігінің мәселелеріне көңіл бөліп отырғандары үшін алғысын білдіре келе ол: «ІІМ жүйесі елдегі ең ірі құқық қорғау құрылымы болып табылады және қазіргі уақытта дамудың жауапты кезеңін бастан кешіруде. Бүгінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарын жаңғырту жүзеге асырылуда. Айталық, ІІМ қызметінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуде халықпен кері байланыс орнату бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, апта сайын министрлік басшылығының, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің, департамент бастықтарының азаматтарды қабылдауы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, «Жолда қабылдау» акциясы өткізіліп тұрады. Келіп түскен бір де бір өтініш қараусыз қалмайды», – деді.
М. Қожаев, сондай-ақ, ішкі істер органдарының таяу болашақтағы жұмысы туралы әңгімеледі. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты тәртіп сақшылары қызметіндегі әдістерді кезең-кезеңімен өзгерту жоспарланып отырғанын айтты. Марат Шәдетханұлы Үкімет жанынан Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының қызметін бағалап, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын тиісті қызмет саласында жасалған құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайын жою бөлігінде қызметті бағалау индикаторларымен толықтыруды ұсынды.
Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди ішкі істер органдарын жаңғырту Жол картасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Ол ішкі істер органдарына кадр іріктеу жүйесін жетілдіру, жемқорлықпен күрес және қылмыстық атқару жүйесін жаңғырту мәселелеріне айрықша тоқталды.
Отырыста, сондай-ақ, есірткі заттары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы мәселелер және оларды шешу жолдары қарастырылды. Қылмыстық кодекстің «Есірткіні тұтынуға көндіру» деген 299-бабын «Электрондық ақпараттық ресурстар арқылы» жіктеуішімен толықтыру ұсынылды.
Кездесуді қорытындылай келе, депутаттар көшпелі отырыстың нәтижесі бойынша комитет пен Ішкі істер министрлігі құқық қорғау қызметін заңнамалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру бағытында барынша тығыз әрі конструктивті жұмыстар жүргізетінін атап өтті. Комитет жиналыс қорытындысы бойынша шешім әзірлейді.
Айта кетсек, көшпелі отырыс басталмас бұрын Парламент Сенатының депутаттары ішкі істер органдары, құтқару қызметі мен Ұлттық ұланның өз қызметінде пайдаланатын заманауи техникаларымен танысты.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*