Жасөспірімдермен жұмыс жауапкершілік жүктейді

Ақтөбе қаласы ПБ Астана аудандық 2-ші қалалық полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Дәуренбек Ермағамбетов – өз жұмысына адал берілген тәжірибелі маман.
Ол еңбек жолын 2005 жылы Ақтөбе облысындағы мамандандырылған күзет басқармасында бастаған. 2008 жылы патурльдік полицияға қызметке ауысады. Одан 2012 жылы Хомтау аудандық Ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор болып еңбек етеді. Хромтауда жүріп, жасөспірімдермен тіл табысып, тәжірибе жинақтаған соң, Ақтөбе қаласына қызметке ауысады.
«Жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болу оңай шаруа емес. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, олармен тіл табысу, ата-аналармен, мектеп ұстаздарымен тығыз байланыс орнату үшін жұмысқа деген ынтамен қатар, үлкен жауапкершілік керек», – дейді полиция капитаны Дәуренбек Ермағамбетов.
Жаңа оқу жылы басталасымен колледж студенттері мен орта мектептердің жоғарғы сынып оқушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кездесулер ұйымдастырылды.
Көбінесе жастар басқа қалалардан оқуға келгеннен кейін пәтер жалдап тұрады. Ата-ананың қарауынсыз қалған соң, сағат 23:00-ден соң заңды өкілінсіз жүруге болмайтынын білсе де, көшеде қыдыруды әдетке айналдырады. «Мәселен, жуырда ғана Атырау қаласынан Ақтөбеге келіп оқып жатқан төрт студент түнгі мезгілде дәмханаға барады, тапсырыстары дайын болғанша отырып, 23.35-те қала көшесінде жүргені үшін патрульдік полиция қызметкерлерінің көзіне түседі. Олар заңды өкілдері, ата-аналары келгенше жасөспірімдерді уақытша оқшаулау орталығына жіберілді. Бұған ата-аналары түсіністікпен қарап, балаларына әкімшілік құқық бұзушылық екенін түсіндірулері керек. Бұл бір ғана мысал. Көбінесе ата-аналар бұны заң тәртібін бұзушылық деп санамайды. Түн мезгілінде кәмелетке толмаған балаларының рұқсатсыз жүруіне жауапкершілікпен қараулары керек», – дейді полиция капитаны.
– Мен Хромтау ауданында біраз жыл жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып жұмыс істедім. Әртүрлі оқиғалар болады. Мәселен, бірде 3 кәмелетке толмаған жасөспірім балалар такси шақыртады. Такси жүргізуші хромтаулық азаматша екен. Олар әйелді ұрып, ауыр дене жарақаттарын салады. Атап айтқанда, мойнынан қылғындырып, басынан темірмен ұрады. Есінен танып қалған әйелді көліктің артқы орындығына жатқызып, өздері көлікті айдап, қаладан шығып, үлкен трассаға бағыт алады. Сол кезде есін жиған әйел жүріп бара жатқан көліктен секіріп түседі. Оны жолдағы жүргізушілер байқап қалып, дереу көмекке келеді. Жедел жәрдем мен полиция шақыртады. Үш жасөспірім де ұсталды. Ата-аналары сол күні оларды бір-бірлерінің үйіне қонуға рұқсат беріп жіберген. Ата-аналары да оларды қараусыз қалдырғаны үшін жауапты.
Жасөспірімдердің осы қылмысы Хромтау қаласы тұрғындарының есінде қалды. Зардап шеккен такси жүргізушісі әйел адам кейін денсаулығы жақсарып, қатарға қосылады. Бірақ, адам тағдырымен ойнаған үш жауапсыз жасөспірім осы қылмыстық әрекеттері үшін түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Тағы бір оқиға. Осыдан біраз жыл бұрын Хромтау ауданының Дөң ауылында ерлі-зайыптылар араққа құмар болып, бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтындары мәлім болды. Кәмелетке толмаған екі баласыы бар. Оларға участкелік инспектор екеуміз барып, жолдасын 6 айға мәжбүрлеп емдетуге жібердік.
Әйелін де ішімдік ішуін қоймаған соң, мәжбүрлеп емдетуге жіберуге тура келді. Екеуі де кейін қайта бастап кетті. Сосын оларды ата-аналық құқығынан айырдық. Балаларына әйелінің үлкен әпкесі қарады. Қазір уақыт өте келе екеуі де ішімдіктерін тастап, жұмысқа орналасты. Біз олардың тәубеге келгендеріне ризамыз.
Мен өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, психологиялық тұрғыдан баламен тіл табыса білу керек. Қандай қиын жағдай болса да, оларға қатты сөйлемей, ағасы, ата-анасы ретінде кеңесіңді айтып, жылы-жылы сөйлесең, тілін табасың. Жасөспірімдермен жұмыс істегенде олармен әрі мұғалім, әрі психолог болуға тура келеді.
Мектеп инспекторы болу, әрине, үлкен жауапкершілік жүктейді. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда бірлескен іс шаралар жоспары құрылып, Ақтөбедегі маған бекітілген аумақтағы байланыс колледжімен және орта мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз, – деді Дәуренбек Ермағамбетов.

Нұргүл ҚОНАҚБАЕВА, Ақтөбе облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*