Жаңа қоныстағы жарқын сәт

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында, сондай-ақ, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов 5546 әскери бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі, көпбалалы әке, старшина Қанат Ғазизовтың жанұясына барып, жаңа қоныстарымен құттықтады.

«Әскери баспана» – үлкен мүмкіндік
Отбасында жеті бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Қанат пен Шұға Ғазизовтар Водниково елді мекенінен жалпы ауданы 210 шаршы метрден асатын жеке үй алды. Олар жаңа пәтерге әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік-құқықтық мәртебесін көтеруге бағытталған, 2017 жылдың желтоқсанында «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастарының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының «Әскери баспана» бағдарламасына сәйкес қол жеткізген болатын.
Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрған старшина Қанат Ғазизовтың отбасы «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірінші рет өз баспаналарына қол жеткізгенін ерекше қуанышпен айта кеткен жөн.
– Сіздерді бүгінгі қуанышты оқиғамен – жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын. Сіздер жас отбасылар үшін жақсы үлгі көрсетіп келесіздер. Себебі, сіздердің отбасыңызда жеті бірдей керемет бала тәрбиеленіп жатыр. Бүгінгі қол жеткізіп отырған жаңа пәтерлеріңіз сіздер үшін бейбітшілік, тыныштық пен өзара түсіністік орнаған бекініс болсын, – деді генерал-майор Мұхаметқали Сатов.
Отбасы мүшелерімен әңгімелескен ол бірінші кезекте олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысты. Сонымен қатар, 5546 әскери бөлімнің аталған отбасыны өз қамқорлығына алып, ұландықтар тарапынан кез келген көмек пен қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жалпы биыл Ұлттық ұланда «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 450 әскери қызметші жаңа пәтер алды, соның ішінде Атыраудан 24 әскери қызметші бар, үшеуі көпбалалы отбасы. Одан бөлек, 5546 әскери бөлімнің Ардагерлер кеңесінің қолдауымен, көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте тұтынылатын азық-түліктер мен балаларға арналған жеміс-жидектер сатып алынды. Ал, Мухаметқали Құсайнұлы жаңа пәтер иелеріне ең бағалы сыйлық – жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
– Біз әрқашан да мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге дайынбыз және Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде үнемі өтетін түрлі қайырымдылық акциялары – осының жарқын үлгісі. Көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек көрсету – біздің қасиетті міндетіміз. Біз өзіміздің қолдауымызды қажет ететін барлық әскери қызметшілерді барынша қамқорлығымызға алуға тырысамыз, – деп атап өтті генерал-майор.
Өз кезегінде ерлі-зайыптылар Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатовқа алғысын білдіріп, Үкімет пен әскерлер қолбасшылығының көмегінсіз өздерінің баспанаға қол жеткізуі екіталай екендігін айтты. Өйткені, олар осы уақытқа дейін шағын, үш бөлмелі пәтерде тұрып келген болатын. Енді, міне, «Әскери баспана» бағдарламасының арқасында көпбалалы отбасы кең әрі жарық жаңа пәтерге көшті.
– Әскерімізде әскери қызметшілер үшін осындай мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс істеп жатқаны үшін, Мұхаметқали Құсайнұлы, сізге үлкен рахмет, – деп ағынан жарылды келісімшарт бойынша әскери қызметшінің келіншегі Шұға. – Осындай бағдарламаның арқасында біз сияқты бірнеше отбасы өз жағдайларын айтарлықтай жақсарта алады.
Бұдан соң қуаныш иелері жаңа баспаналарының бөлмелерін аралап, өздеріне қуаныш сыйлаған қонақтарды мерекелік дастарқанға шақырды.

Отбасының басшысы
Қазіргі уақытта отағасы, старшина Қанат Ғазизов Ұлттық ұланның әскерінде, 5546 әскери бөлімінің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының тылдық қамтамасыз ету взводының қазандық маманы (технигі) лауазымында қызмет атқарып келеді.
Қанат 1978 жылдың 11 мамырында Атырау облысы, Балықшы ауданында дүниеге келген. 1997 жылы Атырау қаласындағы №2 кәсіптік-техникалық лицейді дәнекерлеу өндірісінің техник-технологы, өндірістік оқыту шебері мамандығы бойынша бітірген. Одан соң 1997-1999 жылдар аралығында 2084 әскери бөлімінде екі жыл мерзімдік қызмет атқарған.
2003 жылдың маусым айынан бүгінгі күнге дейін Ұлттық ұлан әскерінде әртүрлі лауазымдарда: азық-түлік қоймасының бастығы, автомобиль ротасы автомобиль взводының аға нұсқаушысы, старшина, аға техник болып қызмет етеді.
Құқық тәртібі әскерлерінде қызмет еткен алғашқы күннен бастап старшина К. Ғазизов өз ісінің сауатты, қызметіне жауапты атқарушы маман ретінде танытты.
Ол өз қызметіне деген адалдығымен және әрдайым көмекке қол созатын жақсы іс-әрекеттерімен әріптестерінің арасында да, бөлім қолбасшылығының алдында да құрметке ие.
Әскери қызметте және оқудағы жоғары көрсеткіштері, үлгілі әскери тәртібі, жоғары кәсібилігі үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы атынан көптеген марапаттарға қол жеткізген.

Біздің бақытымыз – отбасымызда!
Қанат әскери салада өзінің жақсы жетістіктерге қол жеткізуін жұбайы Шұға Мұхтарқызының қолдауымен байланыстырады. Себебі, өзі қызметте болған кезде әйелі әрдайым балаларды патриоттық рухта тәрбиелей отырып, өз өмірін де жолдасының қызметімен байланыстыруды шешкен.
Бүгінгі таңда Қанат пен Шұға Ғазизовтардың үлкен отбасында жеті бала тәрбиеленіп келеді: Гүлсезім, Саида, Айша және Исмаил ата-аналарын мектептегі жетістіктерімен қуантса, үйдің кішкентай мүшелері Ибраһим мен Марьям балабақшаға барады. Ал, үйдің ең кенжесі Мүслимге бір ай енді толған.
Жеті баланы тәрбиелеп отырған бұл ата-ана – қазіргі жас ұрпаққа үлгілі отбасы. Осыншама баланы өсіріп, тәрбиелеу кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Себебі, бұл балалардың анасы үйдің берекесін кіргізіп отырса, әкелері отбасын асырап отырған жалғыз адам екенін ерекше мақтанышпен айтуға болады.
Балалармен дос болу керек, сонда олардың әрқайсымен тіл табысу оңай. Сондықтан балалар бізге барлық жағынан көмектеседі. Отбасында ең бастысы – өзара түсіністік, ал махаббатты ата-аналар өз балаларын тәрбиелеу кезінде бөліседі.
– Мен өзімді бақытты адамдар қатарына жатқызамын, – деп сырымен бөлісті Қанат. – Біз келіншегіміз екеуміз бір-бірімізді жақсы түсініп, өз шаңырағымызды бағалаймыз. Бастысы – бір-біріңді сыйлау және қадірлеу, Алланың бізге сыйлаған отбасылық бақытты бағалау.
– Біздің отбасымыз өте тату және мықты, – дейді Шұға. – Отбасындағы қарым-қатынас ең алдымен сенім, махаббат және өзара түсіністік негізінде құрылуы тиіс. Әрине, балалар мен олардың тәрбиесі бізді одан әрі жақындастырады. Мен жолдасымды сенімді тірегім ретінде бағалаймын. Ол бізді қамқорлығына алып, қорған болады. Сондықтан мен ештеңеден қорықпаймын және өзімнің тірегім мықты екенін білемін.
Осы үлкен, тату отбасы мүшелерімен өткен кездесу – ұлттық ұландықтар үшін ұзақ уақыт бойы есте қалардай болып, жүректерге жылу сыйлады. Өз кезегінде, балалар мен ересектер де қонақтарға алғыстарын білдіріп, ұландықтарға жылы лебіздерін айтты.

Ұлттық ұланның «Батыс» ӨҚ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*