Министр елшімен кездесті

Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозермен кездесті.
Басқосу барысында Ерлан Заманбекұлы Ішкі істер министрлігімен орнатқан ынымақтастық үшін елшіге алғысын білдірді. «Көп жылдардан бері сіздердің тараптарыңыздан көмек көрсетіліп кетеді. Бүгінде Қарағанды Академиясында заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі мамандар даярлау бойынша арнайы орталық құрылды. Бұл оқыту базасында көптеген мамандарды даярладық, шамамен 1500 қызметкер осы курстан өтті», – деді ведомство басшысы.
Кездесуде Ерлан Тұрғымбаев елші Уильям Мозерге Мемлекет басшысының Жолдауы жүктеген полицияны реформалауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл – әкімшілік полицияны реформалау, азаматтарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде қызмет көрсету, полиция қызметінің беделін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс пен жүйелі күрес, азаматтық қорғау қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жақсарту бойынша жұмыстар.
«Біз бұл бағыттағы жұмыста бастап кеттік. Әрине, проблемалық сұрақтар бар. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жұртшылықты құлағдар ету үшін барлық реформалар мен әрекеттер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлаймыз. Біз қоғамды қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бірлесіп күресуге шақырамыз», – деді өз сөзінде министр.
Өз кезегінде У. Мозер қазақстандық полицейлердің жоғары кәсібилігі мен жеделділігін атап өтті. «Жақында Өскемен қаласындағы ҰҰ-ның әскери бөлімінде болдым. Жақсы әсер қалдырды. Мен елін және оның халқын қорғайтын адамдардың бар екенін білгенде тыныш ұйықтаймын», – деді елші мырза.
Кездесуде министр, сондай-ақ, ішкі істер органдарының қызметін реформалауға байланысты қазан айынан бастап көші-қон мәселелері бойынша интернет порталдарды ашу бойынша жұмыс басталатынын айтып кетті.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Суреттер Жандос КОКУМБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*