Ұлағатты ғұмыр иесі

Ішкі істер министрлігінде ІІО қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының төрағасы, ҰОС қатысушыларына теңестірілген құрметті ардагер, милиция полковнигі Кемел Жұмашевтің 70 жылдық мерейтойына орай құттықтау шарасы өтті.
Салтанатты рәсімді Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі Алексей Калайчиди ашты.
– Біз көптеген жылдар бойы ішкі істер органдарында табанды қызмет еткен ардагерді, ақсақалды құрметтейміз. Бүгін Кемел Айтқалиұлы қаза тапқан қызметкерлеріміздің отбасыларына қолдау көрсету бойынша маңызды міндетті атқарады, – деді министрдің орынбасары және ақсақалға Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықты табыс етті.
Кемел Айтқалиұлы Жұмашев 1949 жылы 17 қыркүйекте Ақтөбе облысы, Ақшатау ауылында дүниеге келген. 1989 жылғы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің түлегі. 1972 жылдан ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Милицияның қатардағы учаскелік инспекторынан полковникке дейінгі жолды жүріп өтті. 1997 жылдан бастап еңбек демалысында.
Министрдің орынбасары А. Калайчидидің айтуынша, Кемел Айткалиұлының өмірбаянында әлі күнге дейін көптеген жылдар бойы жарияланбаған кейбір сәттер бар. Бірақ, қазір бұл туралы ашық айта беруге болады. Ардагер ерекше құпия объектілерде әскери қызмет атқарды. Семей полигонындағы ядролық сынақтарға тікелей қатысып, денсаулығына ауыр зиян келтірді. Осыған байланысты Президент Жарлығы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген.
Ардагер жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсібилігі үшін көптеген марапаттарға ие. Оның ішінде «Құрмет», «Парасат» және т.б. ордендерінің орны бөлек. Бұл оның ерен еңбегіне берілген жоғары баға болса керек. Сондай-ақ, құқық тәртібін қамтамасыз етуге және қорғауға қосқан жеке үлесі үшін атаулы қарумен марапатталды.
Құрметті демалыста жүрген Кемел Жұмашев қоғамдық қызметтерін белсенді жалғастыруда. Өз қорында ол ІІО қызметкерлерінің қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқандардың отбасыларына және ауыр науқас қызметкерлерге қолдау көрсетеді. Бұдан басқа, ІІО-ның белгісіз ұмытылған қызметкерлерінің аттарын мәңгі есте қалдыруға ықпал етеді.
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Ө. Болсамбеков, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В. Беккер, Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы М. Байболов және басқа да әріптестері мерейтой иесінің Отан алдындағы ерекше еңбегін атап өтіп, оған мықты денсаулық пен рух сергектігін тіледі.
Кемел Айтқалиұлы өз сөзінде Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевқа және барлық әріптестеріне құттықтаулары мен ізгі тілектері үшін алғысын білдірді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ
Суретті түсірген Нұрбек ҚЫРҒАБАҚОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*