Шешім қабылдау уақыты – 5 минут!

Қостанай облысының Полиция департаментінде кезекші бөлімдердің, облыстық штабтар мен жедел басқару орталықтарының қызметкерлеріне арналған семинар өтті. Іс-шараның басты тақырыбы – азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету және жасақтардың оқиға орнына дер кезінде келуі.
Халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделін қалыптастыру бойынша қойылған міндеттер аясында полиция қызметінің бұл бағыттары басты назарда.
– Азаматтар полицияға хабарласқан кезде жедел басқару орталығының және кезекші бөлімдердің қызметкерлері бірінші болып тілдеседі. Бұл қызметкерлер қысқа уақытта жағдайды дереу түсініп, жүйелі әрекет етуі үшін күйзеліске төзімді болуы керек. Норматив бойынша қызметкер бес минуттың ішінде шешім қабылдауы қажет, – дейді Қостанай облысы ПД басқарма-штаб бастығының м.а., полиция полковнигі Серік Дәулетов.
Тәулігіне Қостанай облысының ПД кезекші бөлімінің 102 телефонына мыңнан астам хабарлама келіп түседі. Полиция күштерінің оқиға орнына келу уақыты 5-7 минутты құрайды.
– Егер осы уақыттан асып кетсе, тексеру жүргізіліп, себептер анықталады. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД штаб бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Абай Мекебаев.
Мәселен, 14 қыркүйекте Қостанай қаласының Жедел басқару орталығының (ЖБО) 102 нөміріне Абай көшесінде белгісіз біреулер облыс орталығының 29 жастағы тұрғынын ұрып, сыртқы киімін алып кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті.
ЖБО күштері мен құралдарын басқару тобының инспекторы 3 минуттан кейін оқиға орнына «Байкал 3» полиция жасағын жіберді. Нәтижесінде, 15 минуттан кейін үш күдікті ұсталып, киім иесіне қайтарылды.
Семинарда талқыланған жұмыстың тағы бір бағыты – бейнебақылау камераларының көмегімен құқық бұзушылықты анықтау.
Жыл басынан бері бейнебақылау арқылы облыста 33 мыңнан астам әкімшілік және 164 қылмыстық құқық бұзушылық әшкере болған.
12 қыркүйекте Рудный қаласында бейнебақылау камераларының көмегімен көлік жуу жанында әйелдің сөмкесін ұрлап, жасырынған күдікті ұсталды. Бейнебақылау инспекторы қылмыс жасаған ауданды қарап шықты және тонаушы дереу ұсталған.
Сондай-ақ, семинар аясында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында полицияның алдына қойылған міндеттер талқыланды.

Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*