Жасөспірімдермен жұмыс жанданды

Петропавл қаласының Полиция басқармасында тұрмысы қолайсыз 68 отбасы есепте тұр.
Облыс орталығында қыркүйек айының басында елуге тарта мектеп есіктерін айқара ашып, 30 мыңнан астам бүлдіршінді қабылдады. Бірінші тоқсанның басталғанына жарты айдан астам уақыт өтті. Оқушылар жазғы демалыстағы жайбарақат өмірлерінен сәл ұзап, мектептегі оқу үрдісінің ырғағына үйреніп келеді. Петропавлдық оқушылар уақыттарының басым бөлігін мектепте ұстаздарымен, жаттықтырушыларымен өткізеді. Енді полиция қызметкерлерінің жұмысы да жандана түседі. Сақшылар бұзақы, тәртібі нашар балаларды тәрбиелеп қана қоймай, олар үшін шығармашылық конкурстар, «дөңгелек үстелдер» мен спорттық эстафеталар өткізеді.
Петропавл қаласының Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушеваның айтуынша, жасөспірімдермен құқық бұзушылықтардың жасалуын болдырмау, балаларына жөнді тәрбие бермейтін ата-аналарды анықтау мақсатында кәмелетке толмағандарды және тұрмысы қолайсыз отбасыларды есепке қою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте балалардың бұзақылығына қарсы күреске және оларды оқу үрдісіне барынша тартуға баса назар аударылады. Жыл басынан 47 кәмелетке толмаған жасөспірім мен тұрмысы қолайсыз 49 отбасы есепке қойылды. Қазіргі таңда Петропавл қаласының Полиция басқармасында тұрмысы қолайсыз 68 отбасы мен 50 жасөспірім есепте тұр.
Қыркүйектің 6 мен 14 күндері аралығында ювеналдық полиция қызметкерлері мұғалімдер және білім ұйымдарымен бірлесіп, «Отбасы – рухани жаңарудың діңгегі» республикалық акциясы шеңберінде жұмыс істеді. 10 күн бойы полицейлер мен ұстаздардың міндеті – балалардың санасында отбасындағы жылулықтың маңызын қалыптастыру болды. Ата-аналар мен оқушылар үшін «дөңгелек үстелдер», фотобайқаулар көрмесі, құқықтық дәрістер мен спорттық эстафеталар өткізіліп, грамоталар, сыйлықтар берілді. Осылайша тәртіп сақшылары бір уақытта қала мектептерінің 5 мыңнан астам оқушысын қамтыды. Сонымен бірге, мектептердің психолог мамандары балалармен және олардың ата-аналарының қатысуымен әлеуметтік-психологиялық тренингтер өткізді.
Петропавл қаласы Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушева нақтылағандай, бұл – оқу жылында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар жоспарлаған акциялардың бастауы. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ескерту бойынша профлактикалық жұмыстарды қолға алған. Жыл басынан облыс орталығында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үй-жайдан тыс болуы және көңіл көтеру орындарында жүргені үшін – 688, жасөспірімдердің спирттік ішімдіктер ішкені үшін – 70 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатудың 3 фактісі анықталды.
Жалпы жыл басынан кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар басқа да мүдделі органдардың өкілдерімен бірлесіп, 100-ден астам профилактикалық рейд өткізді.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*