Шетелдік шәкірттер

Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы – қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен ішкі істер органдары үшін кәсіптік жоғары заң және жоғары психологиялық, педагогикалық білімі бар мамандарды даярлайтын мамандандырылған оқу орны. Олардың шәкірттерінің арасында Тәжікстан Республикасының азаматтары да бар.
Тәжік елінен келген 29 курсанттың бірі – Ибрагим Тулеев. Биыл ол екінші курстың табалдырығын аттады. Оқу тобының взвод командирі. Былайша айтқанда, өзінің курстастарының топ басшысы. Екінші курста бүгінде 10 адам оқып жатыр. Айтуларынша, тәртіп сақшысы болуды қай-қайсысы да бала кезден армандаған екен. Бәрінің де бұл Қазақстанға бірінші рет келуі. Бұрынғы одақтас ел болғандықтан, мұндағы өмірден қатты айырмашылықтар байқамаған. Тек Тәжікстанда тәртіп сақшыларын әлі де болса «милиция» деп атайды екен. Сонымен бірге, Академияда кейбір сабақтар орысша өтетіндіктен, сол жағын қиын көріп жүргенге ұқсайды.
«2018 жылғы талапкерлер қатарында Қазақстанға оқуға 10 адам боп келдік. Жас сарбаз курсынан лайық екенімізді көрсетіп өткеннен кейін осында жіберді. Біз Тәжікстанның әр жеріненбіз. Бұған дейін бір-бірімізді білмейтінбіз. Жас сарбаз курсынан өту кезінде таныстық. Мәселен, мен Душанбенің өзіненмін. Қасымдағылардың бірі Қорғантөбе, бірі Соғды, Хатлон облыстарынан және тағы да басқа аймақтардан.
Негізі осында жіберуге 2001 жылы туғандарды жинаған болатын. Бірақ, мен 1999 жылғымын. Мектепке тұрмыстық жағдайлармен екі жыл кешігіп, 8 жасымда бардым. Мұндай жағдай біздің елде қалыпты құбылыс. Мәселен, менің қасымдағылардың ішінде екі адамның бірі 1997 және енді бірі 1998 жылғы туғандар. Қалғандары 2000 жылғылар. Бәріміз де мектепті бір жылда аяқтағанбыз. Одан соң мен армияға барып қайттым», – дейді курсант Ибрагим Хуршедұлы.
Курстастар біздің елдегі 1 жылдың білінбей өтіп кеткендігін айтады. Жаңа орта, жаңа өмір болған соң да, алғашқы жылы танысумен өтіпті. Академияның іс-шараға толы қызықты өмірінен қол үзгісі келмегені болар, қысқы каникулда ауылдарына барудан барлығы да бас тартыпты. Жазғы каникулда да ауылда жүргенде Қазақстанға асықтық деп күледі. Енді алда үш жыл оқу тұр. Одан соң олар келісімшарт бойынша өз еліндегі түзеу мекемелерінде қызмет етуі міндетті. Оқып жатқан мамандығы да қылмыстық атқару жүйесімен байланысты. Ал оған дейін екінші курста түзеу мекемелерінде тәжірибеден өтпек.
Академияның шетелдік шәкірттері шетінен өнерлі. Бірі әнші болса, бірі биші. Қолөнерге де икемдері жоқ емес. Спортпен де айналысады. Көп ретте жекпе-жек өнерімен. Денешынықтыру дайындығы нормативтерін жоғары бағаға тапсырады.
«Біздің Академияда заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Мақсатымыз – курсанттарымыздың білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету. Адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары дамыған, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, саламатты, тәрбиелі азамат етіп тәрбиелеу. Олардың оқу үлгерімдері, тәртіптері, толеранттылық қасиеттерді бойына сіңіруі, оқу ордамыздағы әртүрлі бағыттарда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысу белсенділіктері де біз үшін маңызды», – дейді Академия бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов.
Нұрлан Амангелдіұлы айтқандай, оқу орнында іс-шаралар өте көп өтеді. Соның бір парасы – тәжік елімен мәдени-қоғамдық байланыстарды нығайта түсуге бағытталған шаралар. Олардың қай-қайсысына да Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, Қостанай облыстық «Шарқ» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Эргашвой Холметов тұрақты түрде шақырылып тұрады. Сондай шаралардың бірі Тәжікстан Республикасының Конституция күніне арналып өткізілген болатын. Салтанатты іс-шараның соңы курсанттардың ұйымдастыруымен өткізілген концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік концертте 1-курс курсанттары Фируз Назиров және Дилшод Солиев өздерінің әуезді әндерімен тыңдаушыларын баурап алды. Сонымен қатар, Тәжікстан Республикасының курсанттары өздерінің ұлттық билерімен көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Халықаралық әріптестікті одан әрі қарай нығайту мақсатында Академия басшылығы мен Жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасы тәжік халқының ұлттық спорты – «гуштингири» күресінен балуан курсанттар арасында ашық чемпионат өткізді. Бұл күресті Академия қабырғасында үйретуді Тәжікстан Республикасынан келіп білім алып жатқан 3-курс курсанты Фирдавс Уразов қолға алған екен. Бұл белдесулерде көзге түскен Бахадур Азамов, Елдос Абуев, Абзал Сембек, Жайлау Айбек, Құрбанәлі Авгонов, Нұрдәулет Әуелбек сынды курсанттарды ерекше атай кетуге болады.
Тәжік шәкірттер оқу ордасының қай саласында да белсенді. Мәселен, мұнда шахматтан жарыстар өтіп тұрады. Мықты ойыншыларды академиядан тыс жарыстарға қатыстыру да оқу ордасы басшылығы тарапынан қарастырылған. Сондай мықты ойыншылардың қатарында Тәжікстан Республикасынан келген Курбонзода Раджабалииді атауға болады. Ол Академия ішіндегі курстың өз арасындағы жарыспен шектелмей, Қостанай қаласында өткен жоғарғы оқу орындарының арасындағы жарыста да жүлделі үшінші орынды иеленді.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде оқып жатқан шетелдік курсанттарға қоғамдық жұмыстардан бөлек білім алу барысында да жан-жақты жағдай жасалған. Айталық, олардың өздерінің ана тілінде дәріс тыңдауға мүмкіндіктері бар. Оқу жоспары аясында биылғы 31 мамыр және 3 маусым күндері олар Тәжікстан Республикасы ІІМ Академиясының оқытушыларының виртуалды дәрістерін тыңдады. Әуелі Академияның №1 дәріс залында үлкен экраннан Мемлекеттік және құқықтық пәндер кафедрасының доценті, ҒжРББ бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, милиция подполковнигі А. Мансурзода және кафедраның оқытушы-ассистенті, милиция капитаны Г. Кодиров «Тәжікстан Республикасының Конституциясы және оның қорғау механизмі» тақырыбында онлайн-сабақ өткізді.
Одан соң 3 маусымда мемлекеттік және құқықтық пәндер кафедрасының доценті, ҒжРББ бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, милиция подполковнигі А. Мансурзода «Тәжікстан Республикасының саяси жүйесі» тақырыбында онлайн-дәріс оқыды. Онда ол мемлекеттік құрылымның айрықша ерекшеліктері мен белгілері туралы айтып, басқару механизміне салыстырмалы талдау жүргізді. Сабақ курсанттар мен дәріскер арасындағы құрылымдық диалог түрінде өтті.
Сөз соңында іргелі оқу ордасының халықаралық ынтымақтастыққа қосып отырған үлесін тағы да ерекше атай өткен жөн. Бұл әріптестік 2008 жылы басталған болатын. Осы жылдың 20 ақпанында ЕАЭО шеңберінде қылмыстық жазаларды атқару саласында ынтымақтастық туралы келісімшарт аясында Тәжік Республикасы Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі арасында әділет мекемелерінің және органдар қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту және өзара қарым-қатынас туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. 2009 жылдан бастап оқу ордасында тәжік елінің алғашқы тыңдаушылары қабылданды. 2013 жылдан бастап Қостанай Академиясын 52 курсант жемісті аяқтап, өз туған елінде қызмет атқарып жатыр. Бүгінгі таңда оқу ордасында 29 курсант білім алуда.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ
Нұр-Сұлтан – Қостанай – Нұр-Сұлтан

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*