Түркістандағы төтенше жағдай: түркиялықтарды құтқарған полицей кім?

Қыркүйектің 10 күні киелі Түркістандағы «Роял-гранд» қонақ үйі отқа оранып, төтенше жағдай орын алғаны көпке белгілі. Сағат 18:25 шамасында қонақ үйдің астыңғы қабатында болған өрт бірден күшейіп, көпқабатты ғимаратқа тез тарайды. Тосыннан орын алған төтенше жағдай кезінде төменгі қабатта жүрген қонақ үй қызметкерлері ғимараттан шығып үлгереді.
Дәл осы сәтте оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері қауіпті аймақты қоршап, қонақ үйдің ішіндегі адамдарды төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге эвакуациялауды қолға алды. Сол сәтте төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірдей әрекет еткен бірқатар полицейлер де адамдарға қызмет етті. Оның ішінде адам өмірін құтқарып қалған Қанат Рақышев атты полицеймен сұхбаттасып, оқиғаның толық мән-жайын өз аузынан естідік.
«Өрт сөндіру қызметкерлері отпен жанталасып арпалысқанымен, оны ауыздықтау қиынға соқты. Төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге біз де өртке оранған қонақ үйге кіріп, оның әрбір есігін бұзып ашып, адамдар қалып қоймасын деген ниетпен тінти бастадық. Бір кезде үшінші қабаттан екіншіге түсуге қорқып тұрған 2 шетелдік азаматты көрдім. Олар заттарын қолдарына алып төменге түспекші болады, алайда тап сол төменгі қабаттағы лаулаған жалын мен қою көк түтіннен қорқып, үрейленіп, сол жерде тапжылмай тұр. Себебі, өрт қонақ үйдің төменгі қабатынан шыққан болатын. Оған қоса, төменге түсетін бір ғана баспалдақ бар екен.
Әлгі шетелдіктердің тездетіп төменге түсуін сұрадым. Олар менің қазақшамды түсінбеді. «Төменге түспейміз» дегендей бастарын шайқап тұр. Тездетіп ғимараттан шықпаса қауіп төнетінін жеткіздім де, біреуінің қолынан ұстап, екіншісін сүйреп, сыртқа алып шықтым. Дәл сол сәтте қонақ үйде жарылыс болды.
Сыртқа шықсам, полицейлерге қарсыласып, «іште қызым қалып қойды» деп ебіл-дебілі шығып жылап жатқан ананы көрдік. Ол әйелдің ғимаратқа қарап тұрған тұсына қарасам, терезелердің бірінен кішкентай бүлдіршіннің жылап жатқаны байқалды. Қайта ғимаратқа кірдім. Жоғары жақтың барлығы қою көк түтін. Тек төменгі жақтағы жарты метрдей жер ғана көзге іле-шала көрінеді. Адамдарды құтқарамыз деп, қолыма мұрнымды жабатын орамал да алмаппын. Қасымдағы маман қолына ұстаған затымен тұмсығын жауып алыпты.
Тыныстауым қиындау болды, әйтсе де ақыры бір кілттенген есікті қасымдағы маман екеуміз кезектесіп иықпен қайта-қайта соғып жүріп, әзер аштық. Сөйтсек, шамамен 4-5 жастағы қыз қатты жарылыстан қорқып жерде жылап жатыр екен. Бастысы дін аман. Қолыма көтеріп құшақтап алдым да, сыртқа қарай жүгірдім. Жүгіріп келе жатып өрт сөндірушілердің шашқан көбігіне аяғым тайып, бір құлап алдым. Бірақ, құлаған уақытта арқамен түскендіктен, қызға зақым келмеді. Ал әлгі жанымдағы қызметкер болса басқа да есіктерді тексеруін жалғастырып кетті.
Кейін өрт басылған соң, ТЖ қызметкері екеуміз бір-бірімізді іздеп таптық. Ол да дін аман екен», – дейді қырағы Қанат.
Қанат құтқарған түркиялық азаматтармен де бетпе-бет жолығып, өз ауыздарынан оқиға желісін естідік: «Мен Түркістанға қызмет бабымен келіп тұрамын. Бұл жолы 4-ші рет ұйымдастырылып отырған конгреске досыммен бірге келіп, қонақ үйге орналасып, таңертең демалып жатқан болатынбыз. Ғимараттың өртеніп жатқанын білмедік. От қатты шарпыған кезде төтенше жағдай болып жатқанын түсіндік. Заттарымызды жинап төменге енді түспекші болғанымызбен, отты көріп, қай жаққа барарымызды білмей тұрған едік. Сол сәтте бізді құтқару үшін жоғары көтеріліп келе жатқан Қанатты көріп тірі жанның жүргеніне қуанып кеттік. Оның бізді аман-есен, дер кезінде өрттен алып шыққанына дән ризамыз. Ол бізді өлім аузынан арашалап қалды. Ал екінші бір полицей бізді заттарымызбен көлігіне мінгізіп, басқа қонақ үйге жеткізді. Қазақ полицейлеріне алғысымыз шексіз. Өте қарапайым екен. Әсіресе, Қанаттың отбасына бақыт, береке тілейміз. Қызметінде абыройы артсын. Алла бізге істеген жақсылығын еселеп қайтарсын», – дейді Түркиядағы университеттің профессорлары Хашим Өзудоғру мен досы Нуритдин Парылты ыстық ықыластарын білдіріп.
Қанаттың өзімен тілдескенде, Түркістан облысы Полиция департаменті ЖПҚ бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов, Түркістан қаласы ПБ бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан, оның орынбасары, полиция подполковнигі Ермек Өсербаевтардың да қырағылық танытқандарын білдік. Сондай-ақ, олардың да өрт болған аймақта өмірлеріне қауіп төнсе де, адамдарды эвакуациялауға көмектесіп, жедел әрекет еткендіктерін айтты.
Біз де адамдардың өмірін бірінші орынға қойып, өз басына қауіп төнсе де батырлық танытып, тілсіз жаудың ортасынан адамдарды аман алып шыққан ТЖД қызметкерлері мен полицейлерге саулық тілейміз. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін батыл қадамға барып, өзгелердің өмірін құтқарған Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Қанат Рақышевқа ел алдында абыройыңыз артып, халықтың алғысына бөлене беріңіз дейміз.

Гүлнәр АБДУРАХМАНҚЫЗЫ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*