Ер жігіт ісімен танылады

Өмір сүру, қызмет жасау, т.б. тіршілік әрекеті барысында әркім түрлі адаммен кездесіп, жұмыстас болады, не таныс ретінде біршама уақыт қатынас жасайды. Кейбір адамдардың қарым-қатынасынан жиреніп, ащы болса да сабақ алсаң, кей адамдардан үлгі-өнеге алып, рухани азық табасың.
Мен осы тұрғыда өзімнің әріптесім, бой десе бойы бар, ой десе ойы бар, хас сұлу жігіт, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті КА-168/1 мекемесі жедел бөлімінің жедел уәкілі, әділет лейтенанты Мұрат Сердалы туралы әңгіме қозғағым келеді.
Ол Ақтөбе облысының киелі Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік аяқтады. Жастайынан полиция қызметкері болуды армандайтын Мұрат 2009-2013 жылдары Ақтөбе қаласының кооперативтік колледжін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқуын аяқтай салысымен Мұрат қарулы күштер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Өскемен қаласындағы №27943 әскери бөлімінде өтеді.
2015 жылы КА-168/1 мекемесіне режим және күзет бөлімінің бақылаушысы лауазымына орналасып, екі жыл қызмет ету барысында өзін өте жақсы жағынан көрсете білді. Қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін басшылық Мұратты орта басшы құрам лауазымы қатарына ұсынды.
2017 жылы туған өлкесі – Ырғыз ауданы Пробация қызметінің инспекторы лауазымына тағайындалып, 2018 жылдың мамыр айынан бастап КА-168/1 мекемесі жедел бөлімнің жедел уәкілі лауазымында қызметін жалғастыруда.
Ер азаматта сегіз түрлі қасиет болуы тиіс. Сондықтан шығар, атам қазақ жігітті сипаттағанда «сегіз қырлы, бір сырлы» десе керек. Осы мінездеме тура Мұратқа қатысты да айтылғандай. Спортты сүйетін азаматтың күрестен ІІ разряды бар. Талай рет облыстық ҚАЖД мекемелері арасында өткен жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізген, оған қоса қысқы спорт түрі – шаңғыдан, гір көтеру спортынан Ақтөбе облысы Полиция департаментінің чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болды. Ал өткен жылдың аяғында атыс даярлығы бойынша өткен жарыста мерген жігіт I орын алды.
Әке-анасына, студент інісіне сүйеніш, тірек болып жүрген Мұрат бұл күнде өз отбасын құрды. Сүйікті жар, қамқор әке екі бала – ұлы мен қызын тәрбиелеуде.
Сұхбат барысында Мұрат бос уақытында сүйікті ісімен, өзінің қызметі туралы айта отырып өмірлік ұстанымын, қағидасын ортаға салды. Оның мақсаты – құқық қорғау қызметкері атағына нұқсан келтірмей, абыроймен қызмет атқару. Қазіргі таңда кәмелет жасқа толмағандар арасында болып жатқан қылмыстардың жолын кесу, азайтуға атсалысуда.
2019 жылды Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Жастар әр салада, әр деңгейде өздерін көрсетуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, барлық мүмкіншіліктерді ұсынып отыр. Елбасы қашанда жастарды қолдау, солардың болашағын жарқын қылу, әр салада білікті маман болып, еліне адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу саясатын ұстанады. Осы мақсатта қанша форумдар, бағдарламалар және жобалар іске асырылуда.
«Жүз адам мақтаған кісі – жүз адамға татиды» дегендей, жарқын мінезімен, ізгі қасиетімен ерекшеленетін, халық салтын қадірлей білетін, мақтауға тұратын әріптесімізге қызметте биіктен көріне беруіне, жоғары лауазымдарға қол жеткізуіне тілектеспіз!

У. ОМАРОВА, Ақтөбе облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*